« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Елбасымен жүздесу бақыты бұйырған әрбір адам сол кездесудің әсерінен көпке дейін арыла алмайтыны шындық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бір ауыз сөзі кез келгеннің жүрегінен жол тауып, адамның бойына ерекше күш бітіретіні сонша, сол кездесуді әрдайым еске алумен жүреді. Мұны біз ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай облыс әкімдігінде ұйымдастырылған «Елбасы менің өмірімде» атты мерекелік шара барысында Сыр елінің Елбасымен жүздескен азаматтарының айтуынан аңғардық.
Шараны ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиылғандарды айтулы мерекемен құттықтай отырып, жылы лебізін арнады және Елбасының жуырда ғана жариялаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының, Мемлекет басшысының сарабдал саясатының маңызына тоқталды.
– Бүгінгі шараға жиылған қауым, сіздерді үлкен мереке – 1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Бір Отан, Бір тағдыр, Бір Елбасы» дейміз. Бұл сөзде үлкен мағына жатыр. Осы мемлекеттің негізін қалаушы, Ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені сөзсіз. Елбасының біздің еліміз, халқымыз үшін жасаған ұлан-ғайыр еңбегін ештеңемен салыстыруға келмейді. Қазақстанда этносаралық жанжалдарға жол берілген жоқ, яғни, елдің, халықтың бірлігі қамтамасыз етілді. Осының негізінде Қазақстан халықтарының ассамблеясы құрылды. Елбасының жақында ғана жолдаған Жолдауын баршамыз тыңдадық. Онда да «Нұрлы жол» деп халықтың бірлігі, ынтымағы жайлы баса айтылады. Себебі, бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ел ғана жарқын болашаққа жол ашатыны белгілі,– деді аймақ басшысы.
Басқосуға жиылғандар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен сәттерінен естеліктер айтып, өз әсерлерімен бөлісті. Мәселен, «Славяне» ұлттық-мәдени бірлестігінің төрайымы Галина Щербакова әр жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының жиналысында ол кісімен жүздесуге мүмкіндік алатынын, сол сәттерде Елбасының айтқан сөздері әрдайым күш беріп, жарқын болашаққа деген сенімін нығайта түсетінін жеткізді.
– Құрметті, зиялы қауым, баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын! Осыдан 20 жыл бұрын Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Бүгінде бұл Ассамблея қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықтың басты тетігі болып отыр. Мен осы Ассамблеяның мүшесі болғаныма мақтанамын. Жыл сайын Ассамблея жұмысына қатысып, Елбасының халықтар достығына, ынтымақ-бірлікке, татулыққа аса мән беріп отырғанын байқап келеміз. Бұл Ұлт көшбасшысының көрегендік қабілетінің жарқын көрінісі деп білемін. Мемлекет басшысының қайраткерлігі арқасында Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Расында еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді. Біз қай кезде де ол кісінің саясатын қолдаймыз, – деді Галина Щербакова.
Әріптесінің сөзін қостаған спорт саласының ардагері Юрий Ким Елбасымен кездесу бақытына ие болғанын әркез мақтанышпен айтып отыратынын жеткізді және ол кісінің еліміздің басқа салаларымен қатар спорт саласына зор көңіл бөліп, қолдау танытып отырғанын ризашылықпен әңгімеледі. «Ұлт көшбасшысының қолдауын кез келген саладан байқауға болады. Әсіресе, спортқа зор көңіл бөліп, әрдайым мемлекеттік маңызды мәселелердің қатарына қойып келетіні қуантады. Қызылордадағы мұз айдыны, жабық теннис алаңы, жаңадан салынғалы жатқан 15 мың көрерменге арналған футбол стадионы, Илья Ильин атындағы ауыр атлетика орталығы, бокс орталығы – осының барлығы Елбасының спортқа деген жанашырлығының жемісі деп білемін. Жалпы, мен ол кісіні спортшы деп танимын. Жаны спортқа, өнерге жақын адам ғана сол саланы түсініп, жанашырлық танытады емес пе?»– дейді ол.
Кездесуде «Жас Отан» жастар қанатының ІІ республикалық съезіне қатысып, Елбасының алдында сөз сөйлеген Татьяна Нушатованың шын жүректен айтқан әрбір сөзі жиылғандардың көңілінен шықты.
– Қызылорда облысы Шиелі ауданын мекендеген өзге ұлт өкілдері ауданымызды «кіші Ассамблея» деп те атайды. Олар осы жерде туып-өскен, өнген, еңбек етіп, отбасын құрған, бақытын, шаттығын Шиелі топырағынан тапқандар,– деп бастаған Татьяна өзінің де осы ауданда туғанын, өсіп-өнгенін мақтанышпен жеткізді. – Өзім сәби кезімнен қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, дос болып, бірге оқып, бірге өстім. Соның нәтижесінде бала кезімнен бастап қазақ тіліне қызығушылық танытып, өзімнің ана тіліммен қатар қазақ тілін де өте жақсы меңгердім. Қазақ тілі өте бай, әдемі, әсерлі де құнарлы тіл. Мемлекеттік тілді өте жақсы меңгергенімнің арқасында оқу орнының қазақ бөліміне түсіп, оны үздік дипломмен бітірдім. Бақытымды қазақ отбасынан тауып, қазіргі таңда қазақ шаңырағының келінімін. Өз ұлтымның мәдениетін бойыма сіңіріп, тарихын танумен қатар, қазақ халқының да әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін үйреніп өстім. Сондықтан маған қазақ отбасына келін болу, табалдырығын аттаған шаңырағымның өміріне араласу аса қиын болмады. 2012 жылы менің өмірімде айтулы оқиға, менің тағдырымды, дүниетанымым мен көзқарасымды өзгерткен керемет сәт болды. Ол менің ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуім еді. Мен облыстың белсенді жастарының қатарында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының республикалық ІІ съезіне қатысып, Елбасының алдында Сыр елі жастарының атынан сөз сөйлеп, облыстағы жастар саясаты, оның ішінде тіл саясаты туралы пікірімді айттым. Сөзімді аяқтағаннан кейін Президентіміз «Сыр елі – ұлтымыздың тілін, ділін сақтап отырған киелі мекен. Оның айқын көрінісі – Татьяна. Ұлты басқа болса да, қазақ тілін өте жақсы меңгеріп, барша қазақстандықтарға үлгі көрсетті» деп атап өтті. Бұл ерекше кездесуден мен шабыттанып, қанаттанып қайттым,– деді қазақ келіні Татьяна ағынан жарылып.
Қазақ шаңырағына келін боп түсіп, бір қазақ отбасының түтінін түтетіп, адал жар, ибалы келін боп отырған өзге ұлт өкілінің бірі Светлана Крюгер. Жанерке, Жансая есімді сүйкімді қыздарды тәрбиелеп отырған жас ана Светлана 2005 жылдың сәуір айында сайлауалды саясатты жүргізу мақсатымен өңірімізге келген Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауына облыстың студенттері атынан қатысқан. – Кездесуде Елбасына «Болашақ» бағдарламасының жастарға берер мүмкіндіктері жайлы сұрадым. Мемлекет басшысы сұрағыма толық әрі байыппен жауап берді. Содан бері тоғыз жыл өтіпті. Ал сол кездесу менің әлі жадымда сақтаулы. Еске алған сайын ерекше әсерге бөленем, – дейді Светлана Крюгер.
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Елена Рыбина үшін де Елбасымен жүздескен сәті өміріндегі ұмытылмас оқиға. 2009 жылдың 29 қарашасында Сыр еліне іссапармен келген Мемлекет басшысы бірқатар нысандарды ашады. Сол жерде бүкіл облыс жастары атынан сөз алған оған Елбасы «Жарайсың, Елена, қазақ тілінде кейбір қазақтардан жақсы сөйлейсің» деп арқасынан қағып, ризашылығын білдіргені Еленаға үлкен қанат бітірді.
Жиынға қатысушылардың қай- қайсысы да Елбасымен жүздескен сәттерін ерекше шабытпен әңгімеледі. Кездесуде сондай-ақ, жас ақын Назгүл Бердіқожа Елбасына арнаған өлеңін оқыды.
Шараны қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының елі үшін, халқының болашағы үшін жасап жатқан еңбегінің зор екенін айта келе, айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
– Бүгін өздеріңізбен кездесіп, Елбасының өмірлеріңізде қалдырған өшпес ізі туралы әсерлі естеліктеріңізге ризашылығымды білдіремін. Келер 2015 жыл – Ұлттық тарихымызды ұлықтап, биіктерімізді бағалайтын аса маңызды жыл болғалы тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы салтанатты түрде аталатын болады. Келесі жыл этномәдени орталықтар үшін де айрықша болмақ. Себебі, келер жылы Достық үйі ашылады және республикалық деңгейде Сабантой мерекесі ұйымдастырылады. 1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні тағы да құтты болсын. Елбасымыз, Еліміз аман болсын. Әрқашан осындай қуанышты күндерде кездесе берейік,– деп облыс әкімі сөзін түйіндеді.
Кездесу соңында қатысушыларға Елбасы туралы туындылар тарту етілді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |