« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Бейсенбі күні Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бастаған ақпараттық-насихаттық топ Сыр өңіріне табан тіреді. Республикалық АНТ құрамында ҚР Парламентінің депутаттары бар.
Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын мәселелерді түсіндіру мақсатында келген топ ең алдымен облыстық медицина орталығында болды. Облыстық аурухананың жұмысымен етене танысқан министр нейроинсульт орталығының бүгінгі жетістігіне жоғары баға берді. Себебі, ми ауруларына ота еліміз бойынша Астана мен біздің өңірде жасалауда. Мұнан соң насихаттық топ мүшелері Жолдауда көрсетілген бағыттарға ерекше тоқталды, әсіресе, экономикалық тұрақтылықты сақтау, ел азаматтарын жұмыспен қамту басты мақсат еткенін жеткізді. Сондай-ақ, денсаулық саласындағы әлеуметтік міндеттемелердің орындалу барысын сөз етті.
«Ендігі жылы біздің алдымызда орындалуы тиіс екі үлкен мәселе тұр. Ол 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жәрдемақыларын 25 пайызға көтеру. Сонымен бірге бюджет қызметкерлерінің жалақысын жаңа жүйе бойынша төлеу. Бұл мәселеде республикалық бюджеттен жарты жылға 137 млрд. теңге қаралып отырса, соның 8 млрд.-сы Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласына тиесілі. Ал, республика көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандарға 28 млрд. теңге бөлінсе, оның 2 млрд.-сы осы өңірдің азаматтарына жеткізілетін болады, – деген Т.Дүйсенова бұдан әрі студенттердің шәкіртақысының 2016 жылдан бастап 25 пайызға көтерілетіндігін, 2017 жылы күнкөріс деңгейінің көлемі 18 пайызға жоғарлайтындығын айтты. Оған қоса 2017 жылы базалық зейнетақының көлемі де жоғарылайды.
Демек, алдағы уақытта еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша 14 категория 4 блокқа біріктіріліп, қызметкерлер біліктілік санаттарына сай жалақымен қамтылады. Әлемді дағдарыс жайлаған уақытта Қазақстанның мұндай қадамы көпшілікке сенім ұялатып отыр. Кездесу барысында Тамара Дүйсеноваға бірқатар сауалдар жолданды. Сауалдардың басым бөлігі өңіріміздегі апаттық жағдайдағы ауруханалар жайында болды. Үкіметтің комиссиялық қорытындысы бойынша аймақтағы Жаңақорған, Арал, Қазалы, Шиелі аудандық ауруханалары апатты деп танылған. Ал, 1998 жылы іргесі қаланып, халық игілігіне берілген облыстық медицина орталығы 16 жылдан бері жөндеу көрмеген. Осыған сәйкес, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында облыстық медицина орталығын күрделі жөндеуден өткізу үшін кезең-кезеңмен қаржы бөлуге ықпал жасайтындығын айтса, Жаңақорған аудандық емханасы құрылысының басталатындығын жеткізді. Алайда, Арал, Қазалы, Шиелі аудандық ауруханаларының құрылысы 2016 жылы қарастырылатын болады. Осылай деген министр мұнан соң «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша салынған облыстық перинаталды орталығында болды. Онда заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған нәрестелер мен ересектерге арналған жансақтау, туу бөлімдерінің жұмысын көрді. Жұмыс жасағанына бір ай болған орталықта 3528 бала дүниеге келген. Оның ішінде 4 үшем, 37 егіз нәресте бар. Алдағы уақытта орталықта оңалту бөлімдерін ашу көзделуде. Бұл жайында ана мен бала орталығының директоры Ләйлә Құлтаева мәлімдеді. Өңірдің денсаулық сақтау саласының жай-жапсарымен танысқан топтың келесі бағыты облыс әкімдігі болды. Онда министр аймақ тұрғындарын қабылдап, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.
***
Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттер мен басым бағыттарын түсіндіру мақсатында Сыр өңіріне келген ақпараттық- насихаттық топ Арал ауданында да болды. Онда АНТ мүшелері: ҚР Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Мейрамбек Шермағамбетов, Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің облыс бойынша департамент директоры Бахыт Исмахамбетов қала және Жақсықылыш кенті мен Шижаға ауылдық округіндегі тұрғындармен жүздесіп, ел әлеуеті мен экономикасы үшін жоғары маңызға ие Жолдауды жан-жақты талқылады. Басқосуды Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов жүргізіп отырды. Кездесу барысында АНТ мүшелері әрбір бағытқа жеке-жеке тоқталып, Мәңгілік ел болу жолында жұмыла жұмыс жасау керектігін баса айтты.
***
Республикалық ақпараттық-насихаттық топ Жалағаш ауданы және ауданға қарасты Бұқарбай батыр мен Аққұм ауылдарының тұрғындарымен кездесті. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев бастаған топ құрамында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаменті директорының міндетін атқарушы Тимур Дүйсеғалиев, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Өтеп Хасанов бар. Кездесу барысында АНТ мүшелері қазақ еліне серпін беретін Жолдаудың маңыздылығын тілге тиек етті. Әсіресе, жаңа экономикалық саясатқа көшуге бағытталған бұл Жолдау Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына жетудің басты бағдары екеніне ерекше тоқталды. Осы орайда барша жұртшылықты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырды.
***
Шиелі ауданында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ Елбасы Жолдауын насихаттау шараларын жалғастыруда. Бәйгеқұм, Бидайкөл ауылдары мен Шиелі қыстағында өткен кездесулерде халық биылғы Жолдаудың ерекшеліктері туралы мәліметтерге қанықты. АНТ мүшелері әлемдік экономиканың күрделі кезеңінде инфрақұрылымдарды дамыту, әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруды көздеген құжаттың құндылығына тоқталды.
***
Жаңақорған ауданында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құттықожа Ыдырысов бастаған ақпараттық-насихаттық топ халықпен кездесті. Төменарық, Ақүйік ауылдық округтері мен Жаңақорған қыстағында жиналған жұртшылық Президент Жолдауына қолдау білдірді.
Жолдауда атап көрсетілген басымдықтар Қазақстан халқының елдік мұраттарымен үндеседі. Басқосуда АНТ мүшелері халықты қызықтырған сауалдарға жауап берді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
Гүлжазира Жалғасова.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |