“НҰРЛЫ ЖОЛ”: ЖАҢАРУҒА БАСТАЙТЫН ЖЕТІ БАҒЫТ

“НҰРЛЫ ЖОЛ”: ЖАҢАРУҒА БАСТАЙТЫН ЖЕТІ БАҒЫТБейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезекті XVI есеп-беру сайлау конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, партия Саяси кеңесінің бюро мүшесі Қуаныш Сұлтанов облыстық филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен партияның аймақтық филиалдарының төрағалары, бастауыш партия ұйымдарының басшылары және «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Конференцияда облыс әкімі, "Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев сөз сөйледі.

***

Құрметті делегаттар, әріптестер!

Бүгінгі таңда елімізбен қатар партияның облыстық филиалының алдында жаңа міндеттер тұр.

Бүгінгі әлемдегі қалыптасқан жағдай – күрделі екендігін атап өтуіміз қажет. Президентіміздің айтуынша, экономиканың өсу болжамы дамыған және даму жолындағы елдер арасында күннен-күнге төмендеуде. Әлемдік нарықтың дүрлігіп жатқан жайы бар. Шикізаттық ресурстардың бағалары өте төмендеп бара жатыр.

Мұнай бағасы, өздеріңіз білетіндей, барреліне 78 АҚШ долларына дейін құлдырады, ал, мамандар 50 долларға дейін төмендейді деп болжам жасауда.

Кейбір мамандардың айтуынша, қаржы нарығындағы жағдайды тіпті болжай алмаймыз. Жаһандық даму мәселесі қиын жағдайға тап болуы мүмкін.

Санкциялар әлемдік сауданың және Дүниежүзілік Сауда Ұйымының ережелерін бұзып отыр. Сондықтан, қазіргі таңда көптеген мемлекеттер «долларлық тәуелділіктен» арылу, баламалық қаржылық, есептік жүйелерді, резервтік валюта құру жолдарын іздестіруде.

Тағы бір қауіпті мәселенің бірі – ол этникалық, діни және әлеуметтік тұрғыдағы шиеленістердің одан әрі ұлғаюы.

Неліктен бұл мәселелердің барлығы біз үшін өте маңызды болып отыр? Өйткені, Қазақстан толықтай жаһандану үдерісіне ықпалдастырылған.

Мысалы, ресейлік әріптестерімізбен біздің ортақ кедендік кеңістігіміз бар және олармен Еуразиялық одақ құрдық.

Өздеріңізге белгілі, Ресей – әлемде бесінші орында тұрған, алып экономикасы бар ел. Сондықтан, ондағы қиыншылықтардың, әсіресе көршілес елдерге деген ықпалы зор.

Мамандардың есебі бойынша, Ресей елінің жалпы ішкі өнімінің 1%-ға төмендеуі бір мезетте Қазақстан экономикасының 0,25 %-ға төмендеуіне әкеп соғады.

Бүкіл әлемдегі ірі экономикалар ішінде Ресейдің жалпы ішкі өнімінің өсуінің болжамын Ресей Үкіметі қайтадан қарауға мәжбүр болып отыр. Биылғы жылы оларда өсім тек 0,2 % көлемінде күтілсе, 2015 жылы 0,5 % көлемінде өседі деп күтілуде. Бұған Батыс енгізген түрлі санкциялар себеп болып отыр.

Мысалы, жаңа технологияларды игеру тұрғысында шектеу қойылды. Атап айтқанда, тереңдегі және арктикалық мұнайды барлау мен өндіру бойынша, сондай-ақ, мұнай ұңғыларын бұрғылау мен оларға геологиялық зерттеулер жүргізу бойынша Еуропалық компанияларға ресейлік әріптестеріне қызметтер көрсетуге үзілді-кесілді тыйым салынды. Бұл неге әкеп соқтырады? Сарапшылардың пікірінше, қиын жолмен алынатын мұнай өндірісі шығындарының көлемі жылына 40 млн.тоннаға дейін бармақ.

Немесе, ресейлік компанияларға экономика мен өмірдің барлық салалары тәуелді болып отырған заманауи бағдарламаларды сатуға салынған тыйым.

Осының салдарынан Ресей өзінің бизнес қауымдастығына салықтық жүктемені біртіндеп арттыруға мәжбүр болып отыр.

Қазіргі таңда кіші және орта кәсіпкерліктен қосымша салықтық төлемдерді жинау туралы шешім қабылданып, бұл жағдай көршілес елдегі кәсіпкерлік қауымдастығының наразылығын туғызуда.

Украин дағдарысы басталғалы бері Ресейден шыққан капитал көлемі 150-220 млн. АҚШ долларға бағалануда.

Әрине, Ресей үкіметінің экономиканы дамыту саласында қолданып жатқан шаралары белгілі бір нәтиже беретіні анық. Алайда, ол үшін 2-3 жыл өтуі керек.

Бірақ, өкінішке орай, осы мерзім ішінде (санкциялар қолдану жағдайында) өндіріс қысқарады деп түсіну қажет.

Сарапшылардың болжамы бойынша, санкциялардың әсерінен Ресей экономикасы 2014 жылы 23 млрд.евро, ал, 2015 жылы 75 млрд.евро көлемінде тікелей шығынға ұшырамақ. Есептесек, сонда екі жыл ішінде-100 млрд.евроға (125 млрд.доллар) жуық!

Бізге сонда қандай қауіп төнуі мүмкін?

Біріншіден, өнеркәсіп өндірісі төмендемек. Және бұл жағдай еліміздің біраз өңірлерінде орын алып отыр. Көмір шығару, мұнай өндіру, темір кені, сонымен қатар түсті металлургия және химия өндірістері - ең осал салалар болып табылмақ.

Осылардың барлығы бойынша өнім көлемінің азаюы немесе өсу қарқындарының айтарлықтай төмендеуі байқалуда.

Ресейге қарсы енгізілген санкциялар және Ресей тарапынан қолданып жатқан жауап шаралар біздің де экономикамыздың белсенділігін бәсеңдетеді.

Кері әсерлердің бірі – ол экспорттың төмендеуі. Ресейге экспорт көлемі 20 пайызға, ал, Украинаға 30 пайызға төмендеді.

Өнеркәсіптік өндіріс көлемінің төмендеуі қызмет көрсету саласының, ең алдымен, аталған салалар тапсырысымен қызмет көрсететін компаниялардың қысқаруына әкеп соғады.

Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылы теңге девальвацияға ұшырады. Бұл бағаның белгілі бір өсуін тудырды. Қыркүйек айында жанар-жағармай бағасының көтерілгеніне куә болдық.

Сонымен қатар, Ресей Еуроодақ және АҚШ елдерінен азық-түлік тауарларын импорттауға шектеулер қойды. Бұл жағдай Ресейлік өңірлерде инфляцияға ұшыратады. Ал, біз сол инфляцияны «импорттаймыз».

Мұның бәрі бізде де инфляциялық үдерістерді күшейтпек.

Осымен қатар, біздің ұлттық валютамыздың құңдылығы мұнай бағасына және ресейлік рубль ахуалына белгілі деңгейде тәуелді болмақ. Неге бұлай болып отыр? Себебі, Қазақстан және Ресей елдерінің қаржылық жүйелері мен экономикалары айтарлықтай деңгейде интеграцияланған.

Мұнай бағасына тоқталар болсақ, мұндағы жағдай да біз үшін тиімді емес. Мен бұл туралы айтып өткенмін.

Нәтижесінде, республикада жалпы ішкі өнімінің өсімі 6 пайыздан 4,3 пайызға төмендеген. Бұл жағдай республикалық және өңірлік бюджеттерді шығынға ұшыратуда.

Облыс төңірегіндегі ағымдағы жағдай туралы

Екі ай қатарынан біз өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің төмендеуіне жол бермей отырмыз. Бұл секторда 10 ай ішіндегі қорытынды бойынша өсім 2,9 пайызды құрады (республикада орташа – 0,2 пайыз).

Тау-кен өндірісінде мұнай өндірудің былтырғы жылдағы деңгейін сақтап қалуға резервтеріміз жоқ. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне қандайда бір шараларды қабылдауға әртүрлі ұсыныстармен шықтық. Энергетика министрлігімен газды факелда жағуға да келістік, жүзден астам скважиналарды консервациядан шығаруға да көндірдік.

Алайда, қосқанымыз бар болғаны 95 000 тоннаға жуық өнімді құрап, алдын ала пайымдау бойынша биылғы жылы аймақтың кен орындарында мұнай өнімі 600 мың тоннаға кем болып отыр.

Құмкөлде шығаратын мұнай көлемі 120 млн. тонна, 10-15 жылға ғана жетеді. Сондықтан өндірісті әр­тараптандыру, индустриалды-инновациялық бағдарла­ма, әсіресе металлургияны дамыту – біз үшін жалғыз мүмкіндік! Бұны біз ашық айтуымыз қажет!

Жұмыссыздық деңгейі ортареспубликалық деңгейден асып тұрған жоқ. Бұл ретте артық еңбек ресурстарын сауда және қызмет көрсету салалары сіңіреді. Белсенді кіші және орта бизнес субъектілердің саны 10 ай ішінде 7 пайызға өсті.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 13 пайызға, ел бойынша орташа 18 пайызға өсті.

Бұл жақсы көрсеткіш, себебі, аса қажетті азық-түлік, тауарлар, тұрмыстық қызмет бағалары көптеген өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттаған жоқ.

Тұрақтылық қорын толтыру үшін облыстық бюджеттен қажетті қаражаттардың бөлініп жатқанын өздеріңіз де білесіздер.

Таяу арада өткен республикалық бюджеттік комиссия отырысында Солтүстік-Арал жобасы мақұлданды, шыны зауытының құрылысы бойынша ирандық компаниямен келісім шарт жасалды, басқа да жобалар бойынша нақты жұмыстар жүріп жатыр.

Құрметті делегаттар!

Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 11 қарашасында Мемлекет басшысы халқымызға «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жолдады.

Біз Жолдауды облыс активінде талқылап өткенбіз, ендігі кезекте оны жүзеге асыру бойынша нақты шараларды белгілеуіміз қажет. Партияның облыстық филиалы бұл істе белсенділік танытып, жетекші ролді атқаруға тиіс.

Құрылымдық (структуралық) реформалар біздің атқарып жатқан жұмыстарымыздың басым бөлігі екендігіне назарларыңызды тағы бір мәрте аударғым келеді.

Өздеріңізге белгілі, Жолдауда «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясаттың басталуы туралы жарияланды. Бұл саясаттың басты міндеттерінің бірі – ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаның орындалуы.

Бүгінгі таңда қиыншылықтарға толы экономикалық жағдайда Ұлттық қорда жинақталған қаражаттардың арқасында Қазақстан жаңа экономикалық (шын мәнінде - дағдарысқа қарсы) саясаттың жүзеге асырылуын қамтамасыз ете алады. Бұл саясаттың желісі ретінде 5 жылға арналған Инфрақұрылымдық даму жоспары жасалмақ.

Инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы айтарлықтай адам санын жұмыспен қамтиды. Бұған біздің көзіміз жеткен. Біздің тек қана екі ірі жобамызда («Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құрылысында) 6 300 адам жұмыспен қамтылды.

Инфрақұрылымдық дамытуға салынған ірі инвестициялар болашаққа мықты негіз қалайтынын АҚШ және Германия секілді жетекші елдердің тәжірибесімен дәлелденіп отыр.

Осы тұрғыда, экономиканың дамуын ынталандыру мақсатында Мемлекет басшысы өз Жолдауында бірнеше басымдық бағыттарды белгілей отырып, Ұлттық қор есебінен 2015-2017 жылдар аралығында жыл сайын 3 миллиард долларға дейін мөлшерде қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Қорыта айтқанда, үш жылда Ұлттық экономикалық ахуалды қолдап, болашақ дамуға ішкі резервтерді жұмылдыра отыра негіз жасау үшін 20 млрд. доллар қаржы құйылмақ.

Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылым­ды дамыту.

Өздеріңіз білетіндей, Жолдау шеңберінде «Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда» автомагистралінің құрылысы жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда Астана қаласына жолдың ұзақтығы 1917 км құрайды. Жоба жүзеге асырылған соң бұл жол 817 км қысқарады.

«Қызылорда-Жезқазған» учаскесінің қайта жаңғырту­ды 2015 жылы бастауымыз қажет.

Сондықтан тендерге қатысу үшін біздің компа­ния­лардың – әлеуетті мердігерлердің ортақтастығы қалып­тастырылуда.

Өздеріңізге мәлім, Қызылорда қаласының сол жақ жағалауын дамыту мақсатында біздер Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысын бастадық. Жұмыс жүріп жатыр және оны жалғастыру үшін қосымша қаржы бөлінуіне қол жеткізетін боламыз.

Қызылорда қаласындағы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысы ерекше бақылауда болмақ. Қазан айында әуежайға «халықаралық» мәртебесі берілгеннен кейін, қосымша рейстер мен бағыттарды ашу бойынша авиакомпаниялармен жұмыс жасауға мүмкіндік туып отыр.

Екінші. Индустриалды инфрақұрылымның дамуы.

Өздеріңіз білетіндей, Қызылорда қаласының индустриалды аймағына қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осындай жұмыстар облысымыздың тағы 4 ауданында жүріп жатыр.

Осылайша, инвесторлардың тартылуына, сонымен бірге жаңа өндірістердің құрылуына жағдай жасап отырмыз.

Ағымдағы жылы облыс орталығының индустриалдық аймағының, сонымен бірге, Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандарының инфрақұрылымдарының құрылысы аяқталғалы отыр.

1 шілдеге дейін ферроқорытпа зауытының жоба-сметалық құжаттамасын аяқтап, құрылысын бастауды міндетімізге алып отырмыз.

Осы мерзім ішінде машина шығаратын зауыт құрылысы бойынша дайындық жұмыстары аяқталуы тиіс.

Үшінші. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту.

Біз қазірдің өзінде облыстың энергетика саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Үстіміздегі жылы барлық аудан орталықтарында электрмен жабдықтау жүйесін дамыту жөніндегі ірі жобаны аяқтайтын боламыз. Осы жобаның шеңберінде жаңадан тарату пункттері және қосымша стансалар орнатылды, 217 шақырым жүйелер қайта жарақтандырылды. Бұл –- төрт жылдың ішінде атқарылған жұмыстар. Мұндай ауқымды жұмыстар 30 жылдан астам уақыт бойы жүргізілмеген.

Бірақ, біз аудан орталықтарының ішкі электр жүйелерін ғана жаңарту мәселесін шешеміз. Аудандар мен облыс орталығын байланыстыратын жүйелерді жаңғырту проблемасы қалып отыр. Бұл үлкен шығынды талап етеді. Жобаларымыз бар. Оларды жүзеге асыру үшін бюджеттік инвестициялар тартуға жұмыс жасайтын боламыз.

Энергетиканы дамытпайынша экономикалық өсімді қамтамасыз ету мүмкін емес. Әлеуметтік- экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін энергетикалық инфрақұрылымдар алдын ала қарқынды дамуы қажет. Мысалы, бүгінде өңірдің энергияға қажеттілігінің 40 пайызы ғана жергілікті көздерден қамтамасыз етіледі. Сондықтан биыл біз жылу электр орталығын жаңғыртудың техникалық-экономикалық негіздемесін жасадық. Бұл жобаны жүзеге асыру өңірдің энергетикалық тәуелсіздік мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.

Облыс орталығы және аудандар өркендеу үстінде. Жыл сайын 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Демек, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын дамыту мен жаңғырту, су және жылумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту қажеттігі туындайды. Бұл – төртінші бағыт. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлінетін болады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтің сапасы әрбір адамның күнделікті қажеттілігінің басты факторы болып табылады. Осыған орай, өңірлік қажеттілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарды дамытуды біз өз жұмысымыздағы басым бағыттың бірі деп есептейміз.

Бірқатар мәселелер шешімін тапты. Екі жылдың ішінде біз жылу орталығының барлық қазандық агрегаттарын қайта жаңғыртудан өткіздік, КРЭК-ті берешектен тазарттық.

Қызылорда қаласындағы жоғары қысымдағы газ құбырын тұйықтап, осының нәтижесінде облыс орталығын газбен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін шештік.

Өткен жылдан бастап «Қызылжарма» жер асты көзінің сапалы ауыз сумен қала тұрғындарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар басталды. «ҚазТрансГаз»бен ауқымды жұмыстар жүргізе отырып, іс жүзінде облыстың барлық өңірін газдандыру мәселесінің шешімін тауып, жобаның бірінші кезегіне кірістік (23,2 млрд. теңге).

Ауыл тұрғындарының 94 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Мұндай жағдай ешбір өңірде жоқ.

Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық жұмыстарды жүргізе отырып, 60 млрд. теңгенің 8 жобасын жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Олардың алтауы электр жүйелерін, сумен және жылумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта жарақтандыруға, облыс орталығын жарықтандыруға арналған.

Иә, осы жылғы желтоқсан айының 18-не Лондонда ЕБРР (Еуропалық қайта құру және даму банкі) штаб-пәтерінде үш кредиттік және бір мандаттық келісімге қол қоямыз.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретін болады. Сонымен қатар, біз Ислам даму банкі, Азия даму банкі сияқты басқа халықаралық қаржы институттарының қосымша қаржы тартуға мүмкіндігін қарастыра беретін боламыз.

Бесінші. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту.

Мемлекет әлеуметтік арендалық тұрғын үйді салып, оны тұрғындарға ұзақ мерзімге жалға бере отырып сатып алу құқымен бермек. Бұл тұрғын үйлер делдалсыз және өте төмен пайыздық несиемен сатылатын болады. Бұл оны қолжетімді етеді. Осы мақсатқа мемлекет алдағы екі жыл ішінде қосымша 180 млрд. теңге бөлетін болады. Мысалы, бүгінде Қызылорда қаласының өзінде арендалық үйлерге кезекке тұрғандардың саны 13 мыңнан астам.

Алтыншы. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту.

Біз үшін ең маңыздысы – апатты жағдайдағы мектептердің проблемасын шешу.

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы 24 апатты жағдайдағы мектептердің орнына 12 мектеп құрылысын салу ісі басталды. Соның 6-ын біз ағымдағы жылы пайдалануға беретін болсақ, қалған 6-ның құрылысын 2015 жылы аяқтайтын боламыз.

Тағы да 12 мектептің құрылысына қажетті қаржыны біз Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға байланысты Ұлттық қордан сұрайтын боламыз. Дегенмен, қолданыстағы заңдылыққа сәйкес 300 орынға дейінгі мектептер жергілікті бюджет қаржысы есебінен салынуы тиіс.

Мектепке дейінгі мекемелер жүйесін дамыту жайына келсек, онда Президенттің тапсырмасына орай үш жылда бұл мақсатқа 20 млрд. теңге бөлінетін болады.

Бүгінгі күні біздегі 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 90 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген.

Бұл тұрғыда мәселені 2015 жылы толықтай шешіп, 3 жасқа дейінгі балалар үшін орын тапшылығын қысқарту мәселесін шешуге кірісуіміз қажет.

Мұнан бөлек, біз мектепке дейінгі балалар мекемелерінен және мүгедек балалармен жұмыс істеуді жүйелендіруіміз қажет.

Мүгедектермен жұмыс істеу партияның басым бағыттарының бірі болып қала береді. Сонымен қатар, біз денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі жұмыстарды да қарқынды жалғастыруымыз қажет.

Қосымша білім беруді дамыту жөніндегі жұмыс та жалғастырылуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмысты дамыту арқылы біз көшеде балалардың бос жүруін азайтамыз. Яғни, біз алғашқы кезекте балалар мен жасөспірімдердің қылмысқа бармау мәселелерін шешіп, балаларды салауатты өмір салтын қалыптастыруға тартамыз.

Қосымша білім беру орталықтарын ашу мүмкіндіктерін қарастыру айтарлықтай қиын емес. Әрбір ауданда толық қуаттылығында жұмыс істемей тұрған мектептер бар. Мәдениет үйлері мен клубтарды, басқа да ғимараттарды пайдалануға болады.

Жетінші. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау.

Бүгінгі күнге оның ішкі өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 11 пайыздан төмен.

Ал, Мемлекет басшысы кіші кәсіпкерліктегі елдегі ішкі жалпы өнімнің үлес салмағын 2020 жылға 50 пайызға дейін көтеру міндетін қойып отыр. Мақсат айқын және түсінікті құрылған. Сондықтан да біз сол көрсеткішке жету үшін бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек.

Президенттің тапсырмасына орай өнімді өңдеуші өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін кіші бизнес пен ірі кәсіпкерлікті жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлініп отыр.

Осы қаржының бөлінуіне орай Үкімет "Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізеді. Біздің жобаларымыз осы бағдарламаға міндетті түрде енуі қажет.

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомагистралінің бойынан жол бойы инфрақұрылымдарын құруға ерекше көңіл бөлінеді.

Тұтастай алғанда, біздің аймақтағы билік пен билік партиясы активінің алдағы мақсаты – Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру үшін аймаққа мүмкіндігінше көп қаржы тартуға күш салуымыз керек. Бұл қаржылар мектеп, балалар бақшасы құрылыстарына, сумен қамтамасыз етуге, транспорттық инфрақұрылымды дамытуға, бюджетті несиелендіруге бағытталатын болады. Мұның барлығы бізге тек инфрақұрылым проблемаларын ғана емес, сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту, салықтық базаны дамыту мәселесін де шешуге мүмкіндік береді. Оның ар жағында, әрине, әлеуметтік, саяси-қоғамдық тұрақтылық мәселелері тұр!

Міне, Президент айқындап берген негізгі жеті бағыт -осылар.

Бүгінгі қалыптасқан жағдайда партия ұйымдары біріктіруші ролінде болып, оң бағыттағы процестердің генераторы қызметін атқаруы тиіс. Сөйтіп, Жолдауды жүзеге асырудың алдында тұруы керек.

Бақылау жұмысымен ғана шектеліп қалмай, керісінше міндеттерді жылдам шешуге бейімделуіміз қажет. "Халықтың қасында емес, халықпен бірге болуымыз керек”. "Нұр Отанның” облыстық филиалында 39 мыңдай мүше бар. Бұған 11 мың жасотандықтарды қосыңыз. 50 мың адам. Бұл – үлкен күш. Бірақ, бізге тек қана бақылаушылардың қажеті жоқ. Қазір бізге жай бақылаушылар емес, нағыз ұйымдастырушылар керек.

Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі және партияның беделін нығайтады.

Партия қатарындағы нағыз «нұротандықтар» арасында жүйелі жұмыс жүргізілу тиіс. Партия мүшесі болу – бұл бәрінен бұрын жауапты міндет. Біздің әрқайсысымыз партияға қатардағы мүше болып қана қоймай, Президент саясатын белсенді де тиімді іске асыруымыз қажет.

"Нұр Отан” – Парламентте, барлық деңгейдегі мәслихаттарда басымдыққа ие партия. Оның саяси платформасы тәжірибе жүзінде бүкілхалықтық қолдауға ие болып келеді. Ал, біздің міндетіміз – осы қолдауды көздің қарашығындай сақтау және нығайту.

Қай жерде қиыншылық, қай жерде күрделілік басым сол жерден табылуға тиіспіз.

Мәселен, бізге әлеуметтік жағдайды күрделендіруге жол беруге болмайды. Әсіресе, еңбек қатынастары жүйесінде. Сондықтан «нұротандықтар» жұмыс беруші еңбек ұжымдарымен жан-жақты жұмыс істеуі қажет. Жұмыссыздарды, оның ішінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне сергек қарап, шешімдерін табуымыз қажет.

Келесі бір мәселе – күнделікті қажетті тауарлар мен азық-түлік өнімдерінің бағасын бірқалыпты ұстап тұру туралы. Бұл сауал партияның қалалық және аудандық филиалдарының күн тәртібінен ешқашан да түспеуі қажет.

Бізде шағын және орта бизнесті дамыту өз деңгейінде емес. Ендеше, партия ұйымдары бизнесті дамыту үшін жемқорлыққа жол бермей, әкімшілік кедергілерді жүйеге келтіру жұмысына басшылық жасауы керек. Қызылорда қаласы мен әрбір ауданда нақты, нәтижелі қимылдар қажет. Елбасының тікелей қолдауының арқасында бүгінде, кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық құқықтық және экономикалық жағдайлар жасалған деуге толық мүмкіндік бар емес пе?

Облыста барлық қажетті құрылымдар құрылған – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен аудандар мен қалада – арнайы бөлімдер, аймақтық кәсіпкерлік палата және оның қалалық, аудандық филиалдары, «Байқоңыр» ӘӘК мен оған қарасты компаниялары, аймақтық инвестициялық орталық. Тек қана жобалар мен жұмыс жасауға ниет болса барлығы дайын! Мемлекет осы құрылымдар арқылы орта-кіші бизнеске ауқымды ресурстар мен қолдау көрсетіп отыр.

Жүйелі, кең масштабта жұмыс жасауға барлық мүмкіндік бар.

Үкіметтік емес ұйымдар Жолдауды насихаттаушы және жақтастар ретінде бірлесе еңбек етуге дайын, жастар да өз жігерін жасампаз жобаларға салуға мүдделі – тек біздер ұйытқы бола білуіміз қажет!

Әрине, жастардың көп қырлы мәселелерін шешу – тұрақты түрде көңіл бөлуді қажет ететін басты міндеттеріміз болып қала береді.

Әсіресе, діни және экстремистік ұйымдардың жұмысы жанданып отырған кезеңде. Бұл жерде партияның маңызды міндеті – өскелең ұрпақтың бойында нағыз қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.

Бұл ретте, жастар арасында әлеуметтік қолдаулар жүйесін қалыптастырып, жастардың маргинализацияға ұшырауына жол бермеуге ерекше назар аударуымыз қажет.

Дәл осыған орай, біз жастар саясатын дамытуға бағытталған 2014-2015 жылдарға арналған «Жол картасын» қабылдап, жүзеге асырудамыз. Осы «Жол картасы» аясында маргиналды жастармен ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Екінші кезеңде жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Жол картасы» қабылданатын болады. Жақын арада!

Сыр елінде қоғамдық келісім кеңестері мен этномәдени қоғамдық бірлестіктері өздерінің біріктіруші рөлдерін атқаруы қажет. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне бұл құрылымдар жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, біз келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ата Заңымыз – Конституцияның 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойларын атап өтеміз.

Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге арналған тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Басқа да мерейтойлық даталарға осындай дайындық жұмыстары жүргізілуі қажет.

Маңызды әрі мазмұнды іс-шаралар әрбір ауылда, елді мекенде, еңбек ұжымдарында ұйымдастырылуы тиіс. Бұл өз кезегінде қоғамымызда келісім мен достықтың нығаюына ықпал етеді деп есептейміз.

Құрметті жерлестер!

«Нұр Отан» – қоғамның барлық әлеуметтік топтарын ортақ идеяға біріктіретін күш. Шын мәнінде, біздің партия қоғамның бет-бейнесін көрсетеді.

Мемлекет басшысы: «Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бірлігіміз бен этносаралық келісімді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз», – деген болатын.

Сондықтан көп ұлтты мемлекетіміздің бірлігін сақтауда саяси жауапкершіліктің жүгі партиямызға түсетінін сезінуіміз қажет. Біздің ұранымыз – «Бір Отан – бір халық – бір тағдыр». Бұл – біздің жүзеге асыруға тиісті бұлжымас қағидамыз.

Біз Елбасымыздың жанында жұмылған жұдырықтай бірігіп, Жаңа экономикалық саясатты іске асыруды қамтамасыз етуіміз керек. Жаңа заманның, жаңа ғасырдың жаңа шақыруларына біріге жауап іздеп, біріге қимылдауымыз қажет.

Барлық аймақтар тек қана теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен, байланыспен, тағы басқа инфрақұрылымдар арқылы ғана емес, ең бірінші тағдырлас бір Отанның азаматтарының жүрегінің бірдей толғанысымен тығыз байланыста болуы қажет.

Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы – елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Тәуелсіздік күнінің шапағаты, сәулесі кең-байтақ қазақ жерінің түкпір-түкпіріне дейін жетуі қажет.

Осының барлығы біздің Президентіміз, Ұлт басшысының бастамасы, арманы, аманаты!

«Нұрлы жол» – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Бұл тек дағдарысты жеңіп, қиындықты еңсеру бағдарламасы ғана емес. Бұл – одан әрі күшейіп, біріге түсуге жасалған зор тарихи мүмкіндік. Айқындалған ортақ мақсатымыз бар, ол – әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу ниетін ақиқатқа айналдыру және «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру.

Ендеше, алға, «Нұр Отан»! Тек алға, Қазақстан!

Жасап, жайнай бер Сыр елі!

***

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің бюро мүшесі Қуаныш Сұлтанов партия жұмыстарының негізгі бағыттары туралы тарқатты. Осы конференцияның ерекше уақытта өтіп отырғанын жеткізген халық қалаулысы қазақстандықтардың Елбасының халыққа арнаған Жолдауларын сонау 1997 жылдан бері ерекше қуанышпен күтетінін, жаңа құжатта ел дамуының басым бағыттары айқын көрсетілгеніне тоқталды.

– Бүгінгі Қазақстан – әлем танып, мойындаған, ел басшысымен санасатын, бәсекеге қабілетті мемлекет. Тәуелсіз елімізді әлемге таныта алған қазақтың ұлы перзенті, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев, – деді халық қалаулысы. Сөзінің соңында Қ.Сұлтанов барша нұротандықтарды Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді белсенділікпен жүзеге асыруға шақырды.

Мұнан соң сөз облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбековке берілді. Ол саяси партияның 2013-2014 жылдары жүзеге асырған жобалары, партия жұмысын ұйымдастырудың негізгі бағыттары туралы баяндады. Алдымен аймақ тұрғындарымен жұмыс істеудің жанданғанын жеткізді. Партияның 12 жалпыхалықтық жобасы қоғамдық мәселелерді жүйелі шешуге бағытталған.

Конференция барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссияның өткен екі жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Роман Мұсабеков есеп берді.

Ал, негізгі баяндама бойынша жарыссөзге шыққан Сексеуіл станциясындағы «Қамқор» ЖШС директоры, құрметті теміржолшы Мұхтар Кеуілімжаев «Жезқазған-Бейнеу» теміржол құрылысының аймаққа серпін әкелгенін қуанышпен атап өтті. Оның айтуынша, 517 шақырымды құрайтын осы болат жолдың бойында 13 бекет, 30 жолайрық бой көтеріп, қажетті инфрақұрылым жасақталып, әлеуметтік нысандар салынуда. Айта кетейік, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ облысқа алдағы 5 жылға 20 млрд. теңге инвестиция салғалы отыр. Оның 3 млрд. теңгесі Сексеуіл кентіне әлеуметтік нысандар салынып, 556 жан тұрақты жұмыспен қамтылатын болды.

Қармақшы ауданы, Ақай ауылындағы №99 орта мектептің мұғалімі Шамшырақ Баймағамбетова, «Жігер» мүмкіндігі шектеулі спортшылардың қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұрат Жұмаділаев және Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Бауыржан Ізмағанбетов әр сала бойын­ша атқарылып жатқан өркенді істерге тоқталды. Мәселен, «Сыр үміті» сыйлығының иегері Б.Ізмағанбетов жаңа Жолдаудың Сыр еліндегі жастарға да серпін бергенін, партияның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы шалғайдағы елді мекендерге оқу бітірген жастардың келіп, туған жерді түлетуге бар күш-жігерін салып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар – Отанға!», «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кел, жастар, оқылық» жобалары елжанды жастарды тәрбиелеуге және әрбір жастың өз саласында жетістікке жетуіне, әлеуметтік-құқықтық қорғалуына ықпалын тигізіп келе жатқанын ризалық сезіммен атап өтті.

Жиында Ұлт көшбасшысының тікелей бастамасымен басталған «Болашақ» бағдарламасы да өз жемісін беріп, шетелдің тәжірибелі оқу орындарынан білім алған жастарымыздың бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Отанымызды гүлдендіру жолында аянбай жұмыс жасап жүргені айтылды. Бұған қоса, Б.Ізмағанбетов биыл бастау алған республикалық «Серпін» жобасы бойынша да Сыр елі жастары өзгелерден оқ бойы озық тұрғанын, мұның бәрі Елбасы мен «Нұр Отан» партиясының атқарып жатқан жұмыстардың жемісі екендігін айтты.

Конференция соңында аймақтық партиялық ұйымының Саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамдары сайланды.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


АҚПАРАТ 29 қараша 2014 г. 1 149 0