ЭКСПО-2017: ИГІЛІКТІ ИДЕЯ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЕДЕЛ

Енді екі жылдан кейін біздің елімізде халықаралық айтулы шара өтеді. Ол EXPO-2017 халықаралық көрмесі. Мұндай ауқымды шараны Астанада ұйымдастыру туралы ең алғаш Мемлекет басшысы бастама көтерді. 2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталес­ке Қазақстан Республикасының ресми өтінімі тапсырылды. 2012 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстанның елордасында ХКБ-нің сарапшылар комиссиясымен кездесу өткізіп, оның аясында «ЕХРО-2017» көрмесін өткізу біздің еліміз үшін ұлттық жоба болып табылатынын ерекше атап өтті. 2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-ші отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті.

Халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше-мемлекеттері өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында әсем Астана Бельгияның Льеж қаласын басып озып, «ЕХРО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу астанасы болып таңдалды.

Астанадағы «ЕХРО-2017» Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылатын көрмеге әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Жалпы саны 5 миллионнан астам адам келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам болмақ. «ЕХРО-2017»-ні өткізу елорданың, сондай-ақ тұтастай алғанда республиканың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыруға қызмет ететін болады.

Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекерден-бекер емес. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті.

– Ең бастысы, Астананы таңдауы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды жеңіспен құттықтау сөзінде. – Енді біздің алдымызда көрмені лайықты деңгейде өткізу міндеті тұр. Бұл еліміз үшін емтихан ғана емес, көрме біздің жасампаз әлеуетімізді ашуға мүмкіндік береді. Астанада ЕХРО көрмесін өткізу республикамыздың инновациялық дамуына серпін береді, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті еліміз осы жауапты миссияны атқарып шығатынына сенім білдірді. Көп жылғы тарихы бар «ЭКСПО» көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерді, сондай-ақ оған мүше елдердің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін көрсету үшін өткізіледі.

Бұл көрме бүкіләлемдік қоғамдастықтың және оны тамашалаушы миллиондаған адамның назарын өзіне аударатын ірі оқиға болып саналады. Сонымен қатар, көрме экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістерін қалыптастыру алаңы қызметін атқарады.

Енді 2017 жылы елордамызда өтетін Халықаралық мамандандырылған көрменің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы» болып отыр. Жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам адамзат планетамызда энергетикалық тапшылықтың күннен күнге белең алып бара жатқанын, барған сайын сұранысы артқан экономика үшін энергия өндірудің экологияны тығырыққа тірегенін ашық мойындап, ұрпақ болашағы балама қуат көздеріне тікелей байланысты болатынын күн тәртібіне барынша батыл қойып отыр. Ендеше, «Астана – ЭКСПО-2017» аясында адамзат ертеңінің негізін айқындайтын энергетикалық қуат көздерінің болашағы шешілмек.

ЭКСПО көрмелері қашан да тыңнан түрен салған ғылыми жаңалықтардың, тосын ойлы өнертапқыштықтың ордасы бола білді. Қай кезде де сол дәуірдің тынысын сездіретін, халықаралық жағдайдың айна-қатесіз көрінісін дөп басатын әлемдік деңгейдегі оқиға еді. 160 жылдық тарихында ЭКСПО көрмелері адамзаттық мәселелерді шешуде ортақ шешім іздеудің, белгілі бір ортақ жол ұсынудың оңтайлы құралы болды. ЭКСПО кейде заманауи өнер сахнасына да айналып, елдің мәдениетін, дәстүрі мен тарихын насихаттау үшін кеңінен пайдаланылады. ЭКСПО көрмелерінің ел экономикасына тигізер оң ықпалы бар. Бұған халықаралық көрмені лайықты деңгейде ұйымдастырған мемлекеттердің тәжірибесі дәлел.

ЭКСПО қалашығының құрылысы ресми түрде 2014 жылдың 24 сәуірінде Елбасы қалашықтың капсуласын салып, дайындық жұмыстарының тұсауын кескен күннен бас­талды. Күллі әлем көз тігіп отырған айтулы шараның құрылысы айрықша жауапкершілік пен келелі міндеттерді ұштастырар биік белес екендігі сөзсіз. Соған сай, еліміз үмітін үкілеген ғасыр құрылысын салу міндеті нысандар салуда кәсіби тәжірибеге ие «Sembol Uluslararasi», Mabetex компанияларына, BI-Group холдингіне, «СК Базис» ЖШС-на және AstanaGroup компаниясына жүктелді.

Елорданың билік өкілдері алдында тұрған басым міндеттерді белгілеген кездесу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің құрылысы 2016 жылы толығымен аяқталуы тиістігін баса айтты.

Қазіргі сәтте ұлттық, халықаралық және тақырыптық павильондардың құрылысы қызу жүріп жатыр. Астананың бас жоспары бойынша көрме қалашығына 175 гектар жер аумағы бөлінген. Сонымен бірге, көрме кешені орналасатын аумақтың 42 пайызы павильондарға берілсе, қалған аумақта мәдени шараларды өткізуге арналған ашық және жабық алаңдар орналасады. Қалған аумақта көрмеге қатысушы мемлекеттердің павильондары, үкіметтік емес ұйымдар мен корпоративтік қатысушылардың нысандары, сонымен бірге, «Үздік тәжірибелер аймағы» қоныс тебетін болады. ЭКСПО қалашығы нысандарының құрылысын салуға 8 мердігерлік компания тартылып, олар 38 ірі нысанның құрылысын жүргізеді. Жалпы аймақта барлығы 2000-нан астам, ал көрме аймағында 1200-ға жуық адам жұмыс істеуде. Барлығы 150-ге жуық машина мен техника жұмылдыруда. Кешен құрылысы толығымен 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталуға тиіс. Көрме басталатын жаз айына дейінгі жарты жыл дайындық жұмыстарына жұмсалмақ. Бірінші болып 2015 жылдың жазында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы ұйымдастырушыларының ғимараты аяқталады. Көрменің халықаралық және тақырыптық павильондары ғимараттарының ішінде ең күрделісі – сфера түріндегі бірегей ғимарат ұлттық павильон болып отыр. Диаметрі 80 метр, биіктігі 94 метрді құрайтын ғимарат әлемдегі ең алғашқы толық қамтылған сфера болмақ.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы Талғат Ермегияевтің айтуынша, көрме павильондарының негізгі құрылымдарын салу 2015 жылдың қазан айында аяқталып, одан әрі павильондар ішіндегі әрлеу жұмыстары басталмақ. Келер жылдың қазан айында халықаралық павильондардың негізгі құрылымдарының құрылысы аяқталады. Осылайша, ЭКСПО қалашығының «нөлдік кезеңін» мердігерлік құрылыс ұйымдары белгіленген кестеден ерте бітіруді жоспарлап отыр. Көрме кешенінің нысандарына ақпараттық және коммуникациялық желілер мен технологияларды пайдаланатын электрмен жабдықтаудың жаңғыртылған жүйесін енгізу көзделген. Бұл тиімділікті, сенімділік пен экономикалық пайданы арттырып, өндіріс тұрақтылығы мен баламалы энергия көзін және қалалық электр желілерінен электр энергиясын таратуды қамтамасыз етеді. Ұлттық компания басшысының мәліметінше, Халықаралық көрмелер бюросының талабына сәйкес, Қазақстан көрмені ұйымдастырушы ел ретінде халықаралық қатысушылардың тұрғылықты жерлерін қамтамасыз ететін болады.

ЭКСПО-ның барлық инфрақұрылымы салынып жатыр. Әуежай мен автобус бекеттерінің құрылысы 2016 жылдың ішінде толығымен аяқталмақ. Сондай-ақ, қалаға келетін меймандарды орналастыру үшін Астананың барша қонақ үй қоры қамтылады. Қонақтардың басым бөлігі ТМД елдері мен Қытайдан, сондай-ақ Еуропа, Түркия мен АҚШ-тан келеді деп жоспарлануда. Осылайша энергетикалық қуат көздерінің болашағы шешілетін халықаралық шараға келушілерге жоғары талғамның, бай мәдениет пен сапалы қызметтің ерекше үлгісі көрсетілмек.

ЕХРО-2017 ірі коммерциялық емес жоба, ол аймақтың және тұтастай алғанда елдің дамуының қуатты катализаторы болмақ. Құрылысқа, туристік инфрақұрылымға, қонақ үй бизнесіне салынатын инвестициядан түсетін кірісті былай қойғанда, көрменің зияткерлік мұ­ра­сы Қазақстанды жаңа деңгейге көте­ретін болады. Әсем Астананың одан әрі қарыштап өсуіне және бұрын­ғыдан да өршіл мақсаттарын жүзеге асыруға жаңа серпін алады. Ал қазақ­стандықтар өз күштеріне және өз елінің мүмкіндіктеріне тағы да көз жеткізе алады.

Елорданының және оның маңындағы аймақтардың шағын және орта бизнесінің дамуы ерекше серпін алады, ең алдымен, халыққа қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі және ішкі туризм салаларының ұтары мол. Бұл шара елорданың көрме нысандары мен инфрақұрылымы құрылысына елеулі көлемде жеке инвестициялар тартуға, оларға қызмет көрсетуге ондаған мың жұмыс орындарын құруға, ішкі туризмді дамытуға және елге шетелдік туристер ағынын ұлғайтуға, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Көрмелер нысандары құрылысына инвестициялар тартудан басқа күтілетін экономикалық тиімділік мынада: ЕХРО ауқымында салынатын нысандар болашақта Қазақстанды және оның астанасын ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныстырады, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады. Елорданың мәдени дамуының да маңызы зор. ЕХРО өткізу кезінде Астанада әлемнің түпкір-түпкірінен әртүрлі мәдениеттер үні шырқалады. Көрме аумағында күн сайын концерттер, ұлттық күндер және басқа да ойын-сауық шаралары өткізіледі.

Айтулы шарадан Сыр өңірі де тыс қалмайды. Елбасы тапсырмасына сәйкес «Байқоңыр» ғарыш кешені «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесіне келетін меймандар мен қатысушылардың назарына ұсынылатын нысандардың қатарына қосылмақ. Бұл бастама қаланы дамытуға септігін тигізіп, әлемнің әр түкпірінен туристердің ғарыш айлағына ағылуына жол ашады. Әрине, сонымен қатар, Қорқыт бабамыздың кешені, Қамбаш көлінің демалыс аймақтары да көрме қонақтарының қызығушылығын тудырары анық.

Қорыта айтқанда, Елбасы ұсынған идея игілікке айналып, еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін биіктете түседі.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.


АҚПАРАТ 29 қараша 2014 г. 1 484 0