Былтыр құрылған «Қазақстан заңгерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы жұмысын биылғы наурыз айында бастаған болатын. Бұл Одақ Қазақстан заңгерлерінің басын қоса отырып, еліміздің егемендігін нығайту, құқықтық мемлекет құру, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде күш біріктіруге жәрдемдесу мақсатын көздейді.
Таяуда аталмыш қоғамдық бірлестік төрағасының кеңесшісі Дариға Құрманова Қызылорда қаласында болып, заңгерлермен кездесті. Кездесу алдымен филиал кеңесінің құрамымен, одан әрі әділет органдары, сот, прокуратура қызметкерлері, нотариустар, адвокаттар, бағалаушылармен өткізілсе, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті құқықтану кафедрасының студенттерімен отырыс одақ рөлін айқындай түсті. Сапардың екінші күнінде облыстағы белсенді заңгерлер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен жүздескен ол облыстық сот төрағасы Нұрлан Қайырбеков, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрхан Жәлиевтің қабылдауында болды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысымен кездесті. Кездесулер барысында төраға кеңесшісі Қазақстан заңгерлері одағының рөлін, мақсаттары мен міндеттерін түсіндірді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.