ЖЕКЕ ОҢАЛТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ

ЖЕКЕ ОҢАЛТУ БАҒДАРЛАМАСЫ ӘЗІРЛЕНДІАптаның сәрсенбі күні Т.Жүргенов атындағы облыстық шығармашылық үйінің коммуникациялар орталығында ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Төреахмет Жолымбетов БАҚ өкілдеріне атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді.

– Елбасының "Нұрлы жол – бола­шаққа бастар жол” атты Жолдауында ай­тылғанындай, Үкімет алдына барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көле­мінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Осыған байланысты келесі жыл­дан бастап зейнетақы мөлшері 9 пай­ыз­ға, жәрдемақылар 7 пайызға арт­ты­ры­латын болды, – деді департамент басшысы. – Ал келер жылдың 1 шілде­сінен бастап мүгедектігіне және асырау­шысынан айрылуына байланысты бері­ле­тін мемлекеттік әлеуметтік жәрдем­ақылардың мөлшері 25 пайызға дейін көбейетін болады. Облыста биылғы жыл­дың 1 қазанындағы мәлімет бойынша зей­нетақы және әлеуметтік төлем алу­шылар саны 247500 адамды құрайды, олар­ға төленген қаржы 39,8 млрд. теңге кө­лемінде.

Жаңадан зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін ұсынылған құжаттар бойынша қажеттілігіне байла­нысты айлық табыстарына, еңбек өті­лі­міне және басқа күмән туғызған құ­жаттарға аудандық, қалалық, облыстық мұ­рағаттарға, аймақтағы мекемелерге 62 сұраныс жасалып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ТМД елдерінен және басқа облыстардан түскен 196 сұ­раныс-хатқа байланысты өңірдегі құ­зыр­лы орындарға, мұрағаттарға сұрау са­лынды.

Халықтың әл-ауқатын жақсарту, олар­дың қажеттіліктерін өтеу мақса­тын­да жыл сайын "Республикалық бюджет туралы” Заңындағы өзгерістерге байланысты ен­гізілген зейнетақы және жәрдемақы мөл­шері арттырылуда. Мысалы, ҚР "2014-2016 жылдарға арналған Рес­пуб­ликалық бюджет туралы” Заңында 2014 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап барлық зей­нетақы төлемдерінің мөлшері – 9, жәр­демақы 7 пайызға көбейтілді. Бүгінгі күні ең жоғары зейнетақының мөлшері базалық зейнетақыны қоса есептегенде 67399, орташа зейнетақы – 50400, ең төменгі зейнетақы мөлшері 32186 теңгені құрайды.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бай­ланысты өткен жылы заң қабылданды. Онда бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қорын құру, ерікті жарналарын міндетті кәсіби жарналармен алмастыру, зейнет жасын бірегейлендіру, бала күтіміне бай­ланысты еңбек дема­лысында болған уа­қытындағы міндетті зейнетақы жарна­ла­рын қосымша субси­диялау қарас­ты­рылған. Биылғы жыл ба­сынан бастап зейнетақы жүйесін жаң­ғырту бойынша ақпараттық-түсін­дірме жұмыстары үздік­сіз жүргізілді. Оның аясында ашық есік күндері, семи­нарлар, қалалық, аудандық кәсіп­орын ұжымдарымен, елді мекен тұрғын­да­ры­мен кездесулер, дөңгелек үс­телдер ұй­ымдастырылды. Баспасөз құ­рал­дары да тиімді пайдаланылды.

Департамент басшысы есепті мерзім­де өздеріне және медициналық әлеуметтік сараптама бөлімдеріне өтініш білдірген тұлғаларға барлығы 9126 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін атап өтті. Көрсе­тілген қызметтің бас­ты үлесі мү­гедектікті белгілеу мақ­са­тында 77,6 пайыз адам­ды куә­ландырудан өт­кізу болып та­былды. Биыл­ғы жылдың 9 айының қо­рытындысы аймақ бойынша алғашқы рет мүгедек бо­лып танылғандардың са­ны артқанын көрсетеді. Мә­се­лен, 2013 жылы об­лыс бойынша алғашқы мү­гедектіктің интен­сивтік көр­сеткіші жалпы ха­лық­тың 10000 адамына шақ­қанда 19,8 пайыз болса, ол қа­зір 22,3 пайызды құрайды. Алғашқы мүгедектіктің кө­бею­інде ересектер арасында ту­беркулез ауруы, балалар ара­сында туа біткен даму ауыт­қулары бірінші орында келеді. Департамент мүге­дектерді ке­шен­ді түр­де оңалту мақсатында оларға ар­нал­ған жеке оңалту бағдарламасын әзір­­леу және оның орындалу тиімділігін қа­да­­ғалау жұмысын жүргізуде. Алайда, мүге­дектерге санаторялық ем қабылдау және психоневрологиялық интернат үй­ле­рінде арнайы әлеуметтік қызмет көр­сетудің орындалуы түйінді күйінде қалып келеді.

Сонымен қатар департамент өңір­де­гі әлеуметтік сала объектілерінің мү­гедектер үшін ыңғайлы болуы жолында жұмыстар атқарып келеді. Осыған орай ай сайын "Кедергісіз орта” акциясы өтіп отырады. Оған "Нұр Отан” пар­тия­сының, облыстық мүгедектер қоға­мы­ның өкілдері қатысады. Оның қорытындысына зер салсақ, салынған құрылыстардың басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделмеген, яғни кресло-арбаларға арнап орнатылған пандустар нормаға сай емес. Бейімдеу паспортында көрсетілген өзге де іс-шаралар орындалмаған. Жау­апты адамдарға тиісті нұсқаулар берілді.

Департаментте азаматтардың 256 ау­­ызша, 107 жазбаша өтініштері қара­лып, оларға ҚР заңнамасына сәйкес тү­сін­дірмелер берілді.

Облыстық департамент басшысы Т.Жо­­лымбетов БАҚ өкілдерінің сұрақ­та­ры­на жауап берді.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.


АҚПАРАТ 29 қараша 2014 г. 1 049 0