ҚАРМАҚШЫ ҚАНАТЫН КЕҢГЕ ЖАЙДЫ

ҚАРМАҚШЫ ҚАНАТЫН КЕҢГЕ ЖАЙДЫБиыл Қармақшы ауданы үшін әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экономикалық мәселелерді шешуде табысты жыл болды. Осы ретте киелі мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі, кәсібі мен нәсібі, әл-ауқаты турасында сөз етуді жөн санап отырмыз.

Аудан экономикасының негізгі саласы ауыл шаруашылығы болып табылады. Осы жылы барлығы 21403 гектар жерге егіс егіліп, оның 14321 гектарына күріш дақылы себілді. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 701 гектарға, күріш көлемі 1145 гектарға артық егілді. Биыл ауылшаруашылық тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, 675 млн. теңге көлемінде субсидия берілді. Мемлекеттік қолдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 48,3 пайызға немесе 220 миллионға артып отыр. Бұл – агросекторды нығайтуға, өңірлерді өркендетуге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек пен жәрдемнің жылма-жыл жақсаруының белгісі.

Биылғы жылы 13143 гектар күріштің әр гектарынан 53 центнерден алынып, қамбаға 69658 тонна Сыр маржаны құйылды. Мақсарының өнімі де ойдағыдай, әр гектарынан 6 центнерден айналды. Көкөніс әр гектарынан 170,4 центнер (8639 т), бақша 196 центнер (13779 т), картоптан 156 центнерден (16890 т) өнім алынды. Бұған қоса, барлығы 46500 тонна мал азығы дайындалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4780,6 млн. теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға өсті.

Айта кетейік, Қызылорда облысы биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша республикада алдыңғы орынға шығып, тапсырманы артығымен орындады. Мұнда ауданның қосқан үлесі де бар. Бағдарлама аясында 250 бас сиыр сатып алып, тұқымдық түрлендіруге қатыстыру жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге 4 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалынан 38 млн. теңге несие алып, оған 206 бас аналық, 11 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Сонымен қатар, бір шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына құжаттарын өткізіп, 59 бас аналық, 3 бас асыл тұқымды бұқа алуды межелеп отыр. Қазіргі таңда 5 шаруашылық субъектісі 123 бас аналық, 8 бас асыл тұқымды бұқа алу мақсатында несие алуға «Қорқыт елі» серіктестігімен жұмыс жасауда. Жергілікті мал тұқымын асылдандырудың өнімділігі мен сапасын жақсартуға байланысты «Казагромаркетинг» акционерлік қоғамының Ақпараттық талдау жүйесіне 15 шаруашылық енгізілді.

Ал, елімізде биыл басталған «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары аясында Қармақшы ауылдық округі бойынша 1 шаруа қожалығы, Жосалы кентінен 2 кәсіпкер, Ақтөбе ауылынан 1 кәсіпкер 120 бас бие алу мақсатында кепілдік құжаттарын дайындап, жұмыстар жүргізуде. Қой шаруашылығын дамыту мақсатында Ақжар ауылынан 1 азамат 250-300 бас, Жаңажол ауылынан 1 азамат 40-50 бас қой алуға ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар, отбасылық тауарлы сүт фермасын ұйымдастыруға байланысты аудан тұрғындары және кәсіпкерлер бағдарлама талаптарын түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара басы 8,3 пайызға, жылқы 14,8 пайызға, түйе басы 1,1 пайызға өсті.

Есепті кезеңде 2403 тонна ет, 4223 тонна сүт, 542 мың дана жұмыртқа өнімдері өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет өнімі 100,1 пайызды құрады, сүт өнімі 6 пайызға артты.

Экономикалық өсім көрсеткіштері қаншалықты инвес­тиция тартылғанына тікелей байланысты. Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19514,0 млн. теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 78,1 пайызды құрады. Негізгі инвестиция тарту көлемінің төмендеу себебі аудан аумағындағы бір­қатар ірі жобалардың аяқталуына байланыс­ты болып отыр. Аудан­ның өнеркәсіп кәсіп­орындары 1916,0 млн. теңгенің өнімін өн­діріп, өткен жылдың есепті мерзімімен са­лыс­ятырғанда бұл көрсеткіш 46,6 пайызды құрады.

Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі 17,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 61,3 пайызға төмендеп кеткен. Басты себебі аудан аумағындағы бірқатар ірі жобалардың "Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық автодәлізі аяқталуына байланысты өнімге сұраныс азайған. Сонымен қатар машина жасау саласы бойынша «ППС Ойл трэйд» ЖШС вагон жуу тапсырысы азайған. Қармақшы ауданы, Жосалы кенті аумағына салынатын LNG зауыты салыну үшін бірінші кезекте электр қуаты, су, автожол және темір жол тұйығы болу қажет. Зауыттың негізгі газ алу көзі «ПетроКазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның «Арысқұм» кен орны болып табылады. 2015 жылдың ортасына қарай «ПетроКазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ аталған іліспе газ қондырғы құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, сол жылы «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ұзындығы 110 км. диаметрі 325 мм.-ді құрайтын «Арысқұм Жосалы» газ құбырының құрылысын аяқтау болжануда. Жосалы кенті арқылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры өтуде. 2015 жылы кеңейтудің екінші кезеңін жүзеге асырғаннан кейінгі оның жылдық өткізу қуаттылығы 10 млрд. текше метрді құрайтын болады.

Қазіргі таңда Қармақшы ауданында кәсібін ашып, оны дамытып отырған тұрғындардың қатары артты. Биылғы есеп бойынша ауданда 2257 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 103-і заңды тұлға, 2023-і жеке кәсіпкер, 131-і шаруа қожалығы. Ал 5495 адам жұмыспен қамтылды. Былтыр 1992 кәсіпкерлік субъектісінде 4830 адам жұмыс істеген еді. Яғни, салыстырмалы түрде алға жылжу бар.

2013 жылдың 10 айында 365,5 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілсе, биылғы жылы 399,0 миллион теңге болып өсім көлемі 109,1 пайызды құрады.

Аудан бойынша 2014 жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2005,4 миллион теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда ол 45,4 пайыз болды.

Қармақшы жері ғарыш айлағы мен «Қорқыт ата» кешені орналасқандықтан туризм саласына аса қолайлы. Шетелдік ту­рис­тердің дені осы екі нысанға ат басын бұрмай кетпейді. Бұл туризм саласы алдағы уақытта аудан бюджетіне де қомақты кіріс кіргізеді деген сөз...

Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүр­гізіліп келеді. Туризмді дамыту бойынша «Дорстрой» серіктестігінің «Қор­­қыт ата зиярат ету­ші­лер орталығы» кешен құрылысы жобасы іске асырылды. Кешен құрылысы 2013 жылы аяқталып, пайдалануға 2014 жылы берілді. Жобаның жалпы құны 450 млн. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта қонақүй, мейрамхана, асхана, намазхана, автотұрақ нысандары жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, инвестиция және туристерді кең көлемде тарту мақсатында биылғы көктемде «Байқоныр» ІІІ инвестициялық форумы және ағымдағы жылдың 29 қазанында «Байқоныр» ІV инвестициялық форумы «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» кешенінде өткізілді. Аталған форумға Германия, Польша, Ресей, Түркия және басқа мемлекеттерден өкілдер қатысты.

«Қорқыт ата зиярат етушілер орталығы» кешенінің туризм саласы дамуына тигізетін оң әсерін толық пайдалану үшін, «Қорқыт ата» ескерткіш мемориалын түркітілдес халықтарының ордасына және халықаралық туризм маршрутына енгізу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы Қызылорда облысының жалпы Қазақстан Республикасының имиджін қалыптастыратын ең танымал туристік нысан болып табылады. Ғарыш айлағынан ұшатын зымырандарды тамашалауға бүкіл әлемнен туристер келеді. Аталған нысанның туристтік әлеуетін дамыту мақсатында Үкімет тарапынан «Ғарыш айлағы» жобасы дайындалып, жоба бойынша Байқоңыр қаласында планетарий, ұшуды басқару мини-орталығы, әлемдік жоғарғы стандарттарға сәйкес қонақүй кешенінің құрылыстарын жүргізу жоспарлануда.

Осылайша «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі нысандарының қатарына кірген ғарыш айлағы мен «Қорқыт ата» кешені өңірде туризмді дамытуға сеп болмақ.

Дәурен ОМАРОВ.


АҚПАРАТ 25 қараша 2014 г. 939 0