ШЕТЕЛДІК САРАПШЫЛАР ТӘЖІРИБЕЛЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Облыс орталығындағы «Даму» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» АҚ облыстық филиалы аймағымыздағы кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау танытып келе жатқан бірегей ұйым. Еліміз бойынша 2010 жылы басталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірегей операторы және қаржы агенті болып табылатын «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» филиалы аталған кешенді бағдарламаның шеңберінде ілкімді істер атқаруда. Мәселен, жуырда облыс орталығына осы бағдарламаның «Аға сеньорлар» компоненті аясында Канададан сарапшылар келді.

Халықаралық дәрежедегі эксперт Гарт Хендрен қаламыздағы «Томирис жүрегі» балабақшасында болып, мұндағы қызметкерлермен 14 күн бойы өз тәжірибесімен бөлісті. Шетелдік тәжірибелі маманның эксперттік міндетіне бала тәрбиелеушілерге арналған жаңа оқу бағдарламаларын жасау және ағымдағы оқу процесін қайта құрастыру жоспары тұрған-ды. Сонымен қатар эксперт тәрбиелеушілерге бағдарламалық жаңа модульдерін қарастырып, сыныпты басқарудың жаңаша қайта құрылған тәсілдерін үйретті.

Эксперттік міндеті барысында Гарт Хендрен мырза мұғалімдерді басқарудың бірқатар амалдарын қолданумен қатар, біліктілікті арттыруға арналған тренинг семинарлар ұйымдастырды.

Бүгінде Қызылордадағы ең таңдаулы балабақшалардың біріне айналған балабақшаны ашқан кәсіпкер Айкенже Мұханова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қатысушысы. Айта кетейік, кәсіпкер «Даму» қорымен өткен жылдан бері бірлесіп жұмыс жасап келеді. Осы уақыт аралығында ол «Іскерлік байланыстар», «Бизнес-Кеңесші-2» сияқты бағдарламаның жобаларына қатысып, бөлшек кепілдендіру бағдарламасы мен пайыздық үстемені субсидиялау жобаларының игілігін көріп отыр.

– Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – біз секілді кәсіпкерлерге, әсіресе шағын және орта кәсіпорындарға көмек көрсету, олардың өз бизнесін дамытуына жағдай жасау болып табылады. Сондықтан да бұл бағдарламаға қатысқандардың ұтары мол, - дейді кәсіпкер Айкенже Мұханова.

Канада мемлекетінен облысымызға келген тағы бір білікті эксперт Сьюзан Ветмор облыс орталығындағы «Шаңырақ» кешенінде болып, тәжірибесімен бөлісті. Сьюзан Ветмор – төрткүл әлемнің 80 елінде болып, сол елдердегі қонақ үй бизнесін дамытуға өз үлесін қосқан білікті маман. Ол әлемге әйгілі «Hilton» мен «Best Western Lamplighter Inn» қонақ үйлерінде басшылық қызметте болып, бизнестің бәскелестік ортада дамуына ықпалын тигізген маман.

Жергілікті компанияның директоры Алтын Оңгарбаеваның айтуынша, канадалық эксперт оның бизнесін жаңа деңгейге көтеруге көмектескен.

– Бизнесті бастап, отбасылық кәсіп жасағанымызға біраз жылдың жүзі болды. Алайда қонақ үй саласындағы тәжірибеміз аз. Сондықтан қаладағы басқа да кешендермен бәсекелесе алу үшін эксперт қажет болды. Осы орайда, Сьюзан Ветмор мырзадан менеджмент саласы және басқарушылық пен қызмет көрсету бойынша өзімізге қажетті аса пайдалы кеңестер алдым деп айта аламын. Танымал эксперттің әлемнің түрлі қонақ үйлеріндегі тәжірибесі біздің кешенімізге жайлылық пен үйлесімділік әкелді. Алғашқы күннен-ақ ол біздің қонақ үйдің ішкі дизайнын қолға алып, техникалық қызметкерлерге арнап түрлі тренингтер өткізді. Сонымен қатар олардың жұмыс істеуіне қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасады. Бізді таңғалдырғаны, оның қонақ үйдегі әрбір минутын пайдалы өткізуге талпынып, барлық процестерге, оның ішінде асхана мен кір жуатын бөлменің де қызметіне араласқаны. Осылайша, ол өте қайратты, жайдары әрі сөйлескен жанмен тез тіл табысатын тәжірибелі маман екенін дәлелдеді, - дейді компания басшысы.

«Аға сеньорлар» компоненті «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасындағы кәсіпкерлік әлеуетті арттыруға арналған төртінші бағыты бойынша жүзеге асырылып отыр. Бұл бағыт бойынша жергілікті кәсіпкерлер өз бизнесін халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін «Аға сеньорлардың» қызметіне жүгінеді және олардың қызметтік тәжірибелерін өз бизнестерін жаңа бағытта дамыту жолында тиімді пайдаланады.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


АҚПАРАТ 25 қараша 2014 г. 816 0