Балабақша мен емхана халық игілігіне айналды

Балабақша мен емхана халық игілігіне айналдыҚармақшы ауданының Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде соңғы жылдары көптеген келелі істер атқарылды. Оған дәлел ретінде соңғы екі жыл ішінде Төретам кенті мен Ақай ауылында заман талабына сай бірнеше көшелерге күрделі жөндеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, бір мектеп, балабақша, мәдениет үйлері мен Төретам кентінде емхана тұрғындардың игілігіне берілді. Сонымен қатар, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік «Сыбаға», «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» және басқа да бағдарламалар бойынша көптеген азаматтарға өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік туғызды.

Өткен сенбіде Еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орай Төретам кентінде 280 орындық балабақша ғимараты тарту етілді. Оны «Дөйт-Телеком» ЖШС (директоры Ахметбек Мәмбетов) құрылысшылары салып шықты. Бүлдіршіндердің тәлім-тәрбие алуларына толық жағдай жасалған. Жарық та жылы. Жалпы сметалық құны 446.589 млн. теңге тұрады. Балабақшада бүгінде 12 топ бойынша тәрбиеленетін 250 бүлдіршінге 24 жоғары және арнаулы орта білімді мамандармен бірге 33 техникалық қызметкер тәрбие беруде. Алдағы уақытта балабақшада тәрбиеленетін бөбектер саны артады деп күтілуде.

Жергілікті жұрттың қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова мен аудан әкімі Нәжмадин Шамұратов келіп, балабақшаның ашылу салтанатына қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова ғарыш айлағы тұрғындарына өзінің жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде Елбасының саралы саясатының арқасында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар барысы жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, облыс басшылығының осы өңірдің экономикасы мен халқының әлеуетін көтеру басты міндеттердің қатарында екенін тілге тиек етті.

Аудан әкімі Нәжмадин Шамұратов бүлдіршіндер мен ұжым қызметкерлерін құттықтап, Елбасының жақында Қазақстан халқына арнап жолдаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған маңызды міндеттерге тоқталды. Алдағы жылдарға айқындалған басымдықтар мен аудан тұрғындарының әлеуетін көтеруде өңірді газдандыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. «Қол жетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік нысандар салу және басқа да атқарылып жатқан іргелі істер бар.

Балабақша мен емхана халық игілігіне айналдыЕңбек ардагері Сәулет Серікбаева болашақ ұрпаққа арналған осындай тағылымды да тәрбиелік мәні зор жұмыстарды атқарғандары үшін облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Облыстың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Шәріпбайқызына алғысын жеткізді.

Келесі кезекте Ақай ауылында дәрігерлік-амбулаториясы ашылды. Бұл ғимаратты Досахан Жүнісов басшылық жасайтын «Азия даму» ЖШС пайдалануға берді. Жалпы сметалық құны 81.72 млн. теңге тұрады. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Ауысымына 30 науқасты қабылдайды.

Облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова ақайлықтарды көптен түйіні шешілмей келе жатқан мәселенің осылайша оң шешімін тапқанын айтып өтті. Аймақ тұрғындарының денсаулығын нығайту мақсатында және алдағы жылдарға айқындалған жоспарлар жайлы айтты. Сөз кезегінде Ақай ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы жұртшылық атынан ризашылық білдірді.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.


АҚПАРАТ 25 қараша 2014 г. 1 174 0