ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТ

ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТСыр бойынан небір айтулы азаматтар өмірге келіп, елі үшін еңбек етіп, сарғайған тарих парақтарына алтын әріппен жазылып қалған. Солардың бірі – аймақтың айшықтануына өзіндік қолтаңбасын қалдырған, 40 жылға жуық уақыт бойы басшылықта болған мемлекет және қоғам қайраткері Ғафур Мұхамеджанов.

Сенбі күні Шиелі ауданындағы № 270 орта мектепке қоғам қайраткері Ғафур Мұхамеджановтың есімін беру салтанаты өткізілді. Онда кіріспе сөз алған облыс әкімі Қ.Көшербаев, халыққа қажырлы қызмет еткен қайраткер жайлы лебізін білдіріп, Мәңгілік ел идеясы ұрпақтар үндестігімен жүзеге асырылатынын жеткізді.

Салтанатты шарада қоғам қайраткері О.Сәпиев, Шиелі ауданының құрметті азаматы, ардагер Р.Мәуияев, Ғафур ағаның қызы Ә.Мұхамеджанова естеліктер айтып, құттықтауларын жеткізді.

Салтанатты шарада №270 мектепке Ғ.Мұхамеджановтың есімі беріліп, бюсті ашылды. Шараға қатысушылар мектеп ғимаратының ішін аралап, пән кабинеттеріндегі оқу үрдістерімен танысты.

Ғафекең 1924 жылы өмірге келген. Қызылорда педагогикалық институты мен Алматы жоғары партия мектебінен дәріс алған ол еңбек жолын қатардағы мұғалім болудан бастандырады. 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады. 1945-1970 жылдары Шиелі ауданы комсомол комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарса, 1970-1975 жылдары Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1975-1985 жылдары Қызылорда облыстық комитетінің әкімшілік және сауда-қаржы органдары бөлімінің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жемісті еңбек етті. Азаматтың еңбегі еленіп, 3 мәрте "Еңбек Қызыл Ту” орденімен, ІІІ дәрежелі "Даңқ” орденімен және ондаған медальдарымен марапатталған. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Ғафур Мұхамеджановтың өмірі мен еңбек жолына бағышталған танымдық конференция болып өтті. Конференция жұмысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кіріспе сөзбен ашып, белгілі азаматтың Сыр аймағының өркендеуіне айтулы үлес қосқанын атап өтті.

– Қайраткер Шиелі, Жаңақорған аудандарында басшылықта болғанда қыруар істер атқарды. Шиелі-Түгіскен массивін салдыруда Үкімет қаулысын шығаруға бірден-бір себепші болған Ғафур ағамыз еді. Сондай-ақ, Шалқия кенішін зерттеу жұмыстары да осы кезеңде бастау алған. 1964 жылы Д.Қонаев Шиелі ауданында болғанда аудан орталығы мен ауылдар арасындағы жол қатынасын көріп, осы жолдарды жөндеуге үкімет тарапынан қаржы бөлдіреді. Шиелі кенті қалаға айналады.

Ауданда каналдар қазылып, күріш егісін екі есеге ұлғайды. Мал басы көбейді. Жаңақорған ауданында басшылықта болғанда көрші Өзбек еліндегі қандастарымыздың туған жерге оралуына басшы болды, – деген облыс әкімі Ғафекеңнен талай танымал азаматтар дәріс алып, еліне еселі қызмет еткенін айтты.

Конференцияға қатысушылар абзал азаматтың өмірі мен еңбек жолын баян ететін деректі фильмді тамашалады. Мұнан соң мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов сөз алып, текті әулеттің тұяғы Ғафурдың бітім-болмысы өзгелерден бөлек екендігіне кеңінен тоқталды.

– Мен Ғафекеңнің қол астында бес жыл қызметтес болдым. Ағалы-інілі қатынаста болдық. Талапшыл да турашыл болатын. Содан да одан тағылымды тәлім-тәрбие алып, ел қатарлы азаматтар қатарына қосылдық, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы белгілі азамат Қорғанбек Қайруллаев, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов Ғафекеңмен таныс-біліс, тұз-дәмдес болғанын, сонда оның ақ жолдан адаспай жүріп, өзі айтқандай, адалдықты, әділдікті, қайырымдылықты ту еткенін көпшілікке паш етті. Ғалым Сыр елінде өтіп жатқан ардақты азаматтардың есімін ұлықтау шараларының тағылымы мол екенін ескеріп, ғылыми жоба жасап, жүйелеуді ұсынды.

Конференция соңында қайраткердің ұлы Бектас Мұхамеджанов Сыр елі еңбек етіп, халық алғысына бөленген әкесінің 90 жылдығына байланысты еске алу шараларын өткізуге ұйытқы болған облыс басшысына Сыр елі жұрт­шылығына шын жүректен шыққан алғыс сезімін жеткізді.

Сол күні Ғ.Мұхамеджановтың аруағына ас беріліп, құран бағышталды.

Еркін ӘБІЛ.


АҚПАРАТ 25 қараша 2014 г. 1 683 0