ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайында «Тіл жанашыры-2013» марапаттау рәсімі өтті. «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің бұл наградасы  қазақ тілінің өркендеуіне атсалысып келе жатқан азаматтарды ынталандыруды көздейді. 
«Тіл жанашыры» құрмет белгісі алғаш рет қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарға берілген еді. Олардың қатарында Түркия профессоры Әбдуахаб Қара, Еуропа қыпшақтары қауымдастығының президенті Вад Ласло, Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Қайум Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман болды. Одан кейінгі марапаттауларда тілімізге шынайы жанашырлық танытып, нақты ісімен үлес қосқан мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, ұлттық мәселе аясында пікір білдіріп, баспасөз, телеарналар арқылы қоғамға қолдау салған жеке қаражатымен қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты шараларға демеушілік танытқан меценаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де тіл жанашыры атанды.
Биылғы жылы облыс әкімшіліктері, қоғамдық ұйымдар мен мекемелері осы белгімен марапаттауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта адамның кандидатурасын ұсынды. Үміткерлерді іріктеу комиссиясына «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы Махмұд Қасымбеков басшылық жасады. Марапаттауға лайықты азаматтарды таңдау да оңайға тимегенін ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының күмбезді залында өткен салтанатты рәсімде 27 адамның омырауына «Тіл жанашыры» құрмет белгісі тағылғаны дәлелдейді. Олардың қатарында республиканың әр аймағында тұратын және түрлі салаларда еңбектеніп, өздерінің күнделікті өмірінде  мемлекеттік тілді насихаттауға ерекше мән беретін ғалымдар мен ұстаздар, қаламгерлер мен кәсіпкерлер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мен әртүрлі  ұлттардың  өкілдері бар.       
Марапаттау кезінде құрмет белгісіне ие болған азаматтардың мемлекеттік тілді өркендетуге сіңірген еңбегі туралы толық мәлімет беріліп, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді.
Жиын соңында «Тіл жанашыры-2013» марапатталушыларының атынан ақын Надежда Лушникова ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жүректен шыққан тілегі мен жыр жолдарын арнады.  
Шараға  «Назарбаев Орталығы» мемлекеттік мекемесі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы, «Тіл» республикалық ақпараттық-сараптамалық журналы, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры  қолдау көрсетті.  

АҚПАРАТ 09 қараша 2013 г. 1 014 0