Екі жылда 21 елді мекенге табиғи газ жеткізіледі

Елбасымыз күні кеше Қазақстан халқына жариялаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында мемлекетіміздің аумағына қатысты төмендегідей жақсы теңеу келтірген. «Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі». Иә, жер көлемі жөнінен әлемдегі 200-дей мемлекеттер арасында тоғызыншы орынды иемденетінін, еліміз бай, жеріміз бай екенін мақтан етеміз. Әйтсе де, осынша аумақта шашырап жатқан қалаларымыз бен елді мекендерімізде халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында инфрақұрылымдық желілерді жеткізу оңайға түспейтіні анық. Алыс қашықтықтарға оларды жеткізу көп қаржылық шығындарды талап етеді. Сол себепті де Қазақстан газ өндіруден алдыңғы қатарлардан табылғанмен, көгілдір отын игілігін қалаларымыздың барлығы бірдей көріп отырған жоқ.

ҚР Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, елдiң 16 ай­мағының бүгiнде 10-ы газдан­дырылған, негізінен бұл –батыс және оңтүстiк аймақтар, сонымен бiрге Алматы қаласы. Газдалмаған көбіне солтүстiк, орталық және шығыс облыс­тар. Міне, солардың арасында Қызылорда облысында газдандыру жұмысы ерекше қарқынды түрде бастау алатын жайы бар. Елді газдандыру жұмыстары жалғаса береді. Қазақстан облыс­тарын, 1621 елдi мекенiн газдандыру, газ тұтынуды жылына 18 млрд. текше метрге дейін арттыру, мұндай көрсеткіштер 2030 жылға дейiнгі Қазақстан Республикасы газдандырудың Бас сызбасы енгізілген. Осы сызбаны таныстыру барысында Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалиннің «Қызылорда облысын мысалға келтіретін болсақ, газдандыру жоспарланған тоғыз аудан мен қалалық әкiмшiлiктердiң бiрiншi орында Қызылорда қаласы тұр, ол халық саны көрсеткіштері, әлеуетті тұтыну, орташа айлық жалақы және қажетті инвестициялар бойынша жақсы сипаттамаға ие», – деп түсіндірген болатын.

Нақты кезеңде облыстағы елді мекендер тұрғындарын газбен жабдықтау үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосу, яғни аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстардың келесі кезеңі жалғасын табуда.

Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан өтеді. Айта кетерлігі, ауқымды жобаның І кезеңі былтыр аяқталды. Жаңа магистраль бойынша тасымалданатын газды енді жергілікті тұрғындар да кеңінен пайдалана алады. Ол үшін аталған магистральды құбырдың бойындағы 500-ден астам елді мекеннің тұрғындарына газ және газбен жабдықтау нарығында өзіндік орны бар «ҚазТрансГаз» компаниясы алдымен автоматтандырылған газ тарату стансаларын (АГРС) орнатып, бұған қоса кварталішілік газ құбырлары желісін жүргізулері қажет.

Облыстық энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасынан алынған мәліметтер бойынша 2014-2016 жылдар аралығында облыс хал­қының 70 пайызын табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа тиісті жоба-сметалық құжаттамалар дайындалу үстінде. Мәселен, өткен жылы 5 техникалық-экономикалық негіздеме мен 10 жоба-сметалық құ­жаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен 569,5 млн. теңге бө­лінген-ді. Бүгінде аталған құ­жат­­тардан 4 техникалық-эко­но­микалық негіздеме және 3 жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, олар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Ал, Сексеуіл және Жосалы кенттерінде АГРС-тар құ­ры­лысының жоба-сметалық құжат­тамаларын әзірлеуге биыл тағы 113, 8 млн. теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отырғанын айта кетейік. Облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ арасында өткен жылы жасалған меморандумға сәйкес, үстіміздегі жылы аталған компания аймақты газдандыру ісіне 23 млрд. теңге көлемінде инвестиция салуы тиіс. Бұл қаражатқа аймағымыздағы 5 ірі аудан орталықтарында құрылыс жұмыстары басталады. Атап айтқанда, Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларын орнату және кварталішілік газ құбырларын салу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұған қоса, Өңірлік даму министрлігімен атқарылған жұ­мыстардың нәтижесінде, қала іргесіндегі екі қонысты газдандыру ісі жүзеге асырылуда.

Нақтылап айтар болсақ, Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округі мен Тасбөгет кентінің шет аймақтарын газдандыру үшін биылғы жылы ел қазынасынан 1,2 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі күні аталған қоныстарда кварталішілік газ құбырларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қызылжармада газдандыру жұмыстарын «ДС-Тас» серіктестігі атқаруда. Мердігер компаниялар келісім-шарт бойынша аталған құрылыс жұмыстарын 2015 жылдың желтоқсан айында аяқтаулары тиіс. Құбыр желісі тартылып біткен соң ол қаланың батыс бөлігіндегі АГРС-1 стансасына қосылады. Мамандардың есебінше, сол тұста Тасбөгет кентіндегі 13 мың, ал, Қызылжарма ауылындағы 8 мың тұрғын «көгілдір отын» игілігін көретін болады.

Ал енді тариф мәселесіне келетін болсақ, «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалындағы мамандардың айтуынша, еліміз бойынша газдың игілігін көріп отырған 9 облыстың ішінде ең төменгі баға Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарында екен. Аталған қос аймақта табиғи газдың ірі кеніштері бар. Ал, үстіміздегі жылдың 18 шілдесінен бастап аталған мекеме бір текше метр табиғи газдың босату құнын көтеріп, баға 12,7 теңгені құрады. Бұл біздің облыс үшін Үкіметтің №641 қаулысымен бекітілген шекті баға. Мамандар бағаның өсуін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосылумен түсіндіріп отыр. Себебі, аталған магистраль арқылы тасымалданатын табиғи газдың бір текше метрінің құны біздегі ілеспе газдың бағасынан бірнеше есе жоғары, яки 22 теңге. Дегенмен, еліміздің батысынан келетін табиғи газ бен өзіміздің «Ақшабұлақ» кенішінде өндірілетін ілеспе газды араластырудың нәтижесінде көпшіліктің қалтасына тиімді ортақ баға шығарылып отыр. Тұтынушылардың есінде болса, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұйрығына сәй­кес, газ бағасы елде соңғы рет 2012 жылдың 1 желтоқсаны күні өзгерген болатын. Осының өзінде біздегі газ бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда ед­әуір төмен күйінде сақталып отыр. Мысалы, іргеміздегі Оң­түс­тік Қазақстан облысының тұ­ты­нушылары мың текше метр газ отыны үшін 25 мың теңге төлейді. Демек, қызылордалықтар шымкенттіктерге қарағанда табиғи отын үшін екі еседей кем төлем жасайды.

Осы орайда Мемлекет бас­шысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған ауқымды жобаның бірі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры жобасының бірінші кезеңінің аяқталуы саланың жаңа көкжиегін айқындайтынын айта кеткіміз келеді. Бірегей жобаның мақсаты – тұрғындар тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік облыстарын түгел газдандыру. Осы алып жоба аясында алдағы екі жылдың ішінде біздің облыстағы 21 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету межеленіп отыр. Жалпы, аймақтағы барлық елді мекендердің 85 пайызы осы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің бойында орналасқандықтан газдандыру мәселесі таяу уақытта оң шешімін табатын болады. Сөйтіп, сонау Бозойдың облыс шекарасындағы Бесарыққа дейін алдағы уақытта газдандыру жұмыстары басталады.

ҚР Энергетика министрлігінде хабарлағандай, республикада газ тұтынуды талдау 2007 жылдан бастап 2013 жылға дейін елдегі нарықтың үдемелі өсімін көрсетті. Қарастырылатын тұтыну өсімі 26 пайызды, ал өсімнің орташа жылдық қарқыны - шамамен 4,3 пайызды құрады. Газ тұтыну құрылымында 2013 жылға салыстырмалы салмағы өнеркәсіп және отын-энергетикалық кеше­ні кәсіпорындарына келеді (сәйке­сінше 25,5 және 45 пайыз).

Қазақстан Республикасы тауар газының Балансына сәйкес, газ өндіру көлемдері 2030 жылға қарай жылына 59,8 млрд. текше метрге дейін өседі. Сонымен бірге, өндірілетін газдың айтарлықтай көлемдері 25,1 млрд. текше метр­ге дейін қабатты қысым қолдау мақсатында кері тарту үшін пайдаланылады. Оның нәтижесінде тауар газын өндіру көлемі 2030 жылға үлестіруге жылына 21 млрд. текше метрді құрайды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.


АҚПАРАТ 22 қараша 2014 г. 1 060 0