КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ АУҚЫМЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Осы жылдың соңында облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында кредиттік келісім-шартқа қол қойылады. Алынатын қаржы облыстың ауыз су саласы мен электр жүйелерін жаңғыртуға және жылу беру жүйелерін жақсартуға бағытталатын болады. Бұл жөнінде облыстық коммуникациялар орталығында журналистермен жүздескен облыстық энергетика және тұрғын үй-шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Шәменов жан-жақты түрде айтып берді.

– Елбасы "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Қаақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің экономикасындағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған Жаңа Экономикалық Саясат туралы жариялады, – деді А.Шәменов. – Соңғы жылдары энергетикада ауқымды жұмыстар жүргізілгенімен, магистральдық желілердің шектеулілігінен елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығы туындап отыр. Мемлекет басшысы Жолдауының үшінші бағытындағы негізгі тапсырмасы осы энергетикалық инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталып отыр.

Жалпы облыста электр энергиясының жетіспеушілігі бар. Қызылорда жылу орталығы облысқа қажетті электр энергиясының 40 пайызын ғана өндіреді. Ал қалған 60 пайызы сырт көздерден сатып алынуда.

Негізі облыс аумағында барлығы 9108 шақырым әуелік және кабельдік электр желілері. 117 қосалқы және 1433 трансформаторлық станциялар бар. Соңғы отыз жылдан бері облыстың электр энергетикасын дамытуға жеткілікті қаржы бөлінбеуінен электр нысандарының 70 пайызының тозығы жеткен. Тек соңғы төрт жылда ел экономикасының тұрақты өсуінен 3,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 207 шақырымға жуық электр желілері салынып, 7 тарату пункті мен 22 трансформаторлық станциялар іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінгі күні де жалғасын табуда.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етудің де маңызы ерекше. Осы орайда басқарма Елбасының 2020 жылға дейін ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған ауыз суға қолжетімділігін 80 пайызға жеткізу тапсырмасына сәйкес жұмыстар жасап келеді. Әрі бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада алдыңғы орында келеді. Өткен жылдың қорытындысымен облыс бойынша барлық 262 ауылдық елді мекеннің 185-і орталықтандырылған ауыз суға қосылды. Бұл осы бағыттағы жұмыс 71 пайызға орындалғанын көрсетеді. Жалпы "Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша биылғы жылға барлық қаржы көздерінен 8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 21 жобаның құрылыс жұмыстарына 4,7 млрд. теңге және ауыз су тарату қызметтеріне берілетін субсидияға 3,3 млрд. теңге қаралды.

Облысқа трансфертпен берілетін қаржыдан басқа тікелей Су ресурстары комитетінің қаржыландыруымен биылға 2,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде Жиделі топтық су құбырына сегіз елді мекенді қосу жобасына 1,1 млрд. теңге және Талап топтық су құбырына 1,2 млрд. теңге қаралған.

Халықты жылумен қамтамасыз ету барысында да жақсы тірліктер бар. Биылғы жылу беру маусымына дайындық жүргізу мақсатында "Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-на облыстық бюджеттен 234 млн. теңге қаржы бөлініп, оған төрт қазандық қайта жаңғыртудан өтті. Сондай-ақ, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің жылу жүйесін кеңейту жобасы бойынша құны 1 млрд. теңгеден асатын қуаттылығы 5,44 шақырым жылу желілеріне кеңейту жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күндері бұл нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жылу беру маусымын үздіксіз өткізу мақсатында ҚР Үкіметі қорынан "Оңтүстік қазандық” филиалы үшін 16,4 мың тонна мазут алуға 873 млн. теңге және Қызылорда жылу электр орталығы үшін газ құнын субсидиялауға 378 млн. теңге бөлінді. Осы жылу электр орталығын қайта жаңғырту және кеңейту жобасына облыстық бюджеттен 75 млн. теңге бөлініп, бұл қаржыға мемлекеттік сараптама қорытындысымен техникалық экономикалық негіздеме әзірленді. Жоба іске асырылған жағдайда электр қуатын 235 мвт-ға және жылу қуаттылығын сағатына 400 гигоколорияға жеткізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар қазіргі таңда Қызылорда қаласының 95 пайызы ілеспе газбен қамтамасыз етіліп отыр. Ал облыстың аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру "Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральді газ құбырының бойында орнатылған бұрыптар арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы орайда Қызылорда облысын кешенді газдандырудың бірінші кезеңі 2015-2017 жылдар аралығында 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сөйтіп, облыстың 70 пайызын газбен қамтуға қол жеткізіледі.

Бүгінгі таңда елімізде Елбасы бастамасымен қолға алынған "Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған” бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, қазіргі күні облыста 1096 көпқабатты тұрғын үй бар болса, соның 70 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Өйткені, бұл үйлердің көбісі 20-30 жылдардан бері жөндеу көрмеген. Бағдарлама аясында облыс бойынша 81 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінді. Қазір Қызылорда қаласы бойынша жоспарланған 72 үйдің 42-нің жөндеу жұмыстары аяқталса, қалған үйлердегі жұмыстар да бітуге жақын.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
АҚПАРАТ 22 қараша 2014 г. 854 0