ДІН ҰСТАЙ БІЛСЕҢ – ҚАСИЕТІҢ

Жұма күні ҚМУ-дың Студенттер сарайында облыстық дін істері бас­қармасының ұйымдастыруымен "Руханият және дәстүр” атты облыстық конференция болып өтті.

Оған мемлекеттік және құқық қорғау орындарының өкілдері, жо­ғары және арнаулы оқу орын­дарының оқытушылары мен сту­денттері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, діни бірлестіктердің жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты. Өткен қазан айының 18-і – Рухани келісім күніне орай облыс әкімінің ұсынысымен аймақта "Руханият және дәстүр” айлығы жарияланып, онда атқарылатын іс-шаралардың жоспары бекітілген еді. Конференция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қысқаша сөз сөйлеп ашты.

– Шара барысында аймақтағы барлық мектептердегі дінтану негіздері пәні оқытушыларының білімін жетілдіру үшін деструктивті ағымдардың Ислам әлеміне, қоғамға, мемлекетке, отбасына, жеке тұлғаның өзіне келтіретін зияндары мен қауіп-қатерлері, теріс іс-әрекеттері туралы дін мәселелерін зерттеу орталығы теологтарының қатысуымен арнайы 7 сағаттық оқыту семинары өткізілді, – деді әкім орынбасары. – Жастардың дін мен руханиятқа деген көзқарастарын, пікірлерін зерделеу мақсатында шығармашылық байқаулар, кездесулер, тәрбие сағаттары, өзге де шаралар өткізілді.

Қазіргі таңда діни орта мен жас­тар арасында діни экстремизм көріністерінің алдын алу, жергілікті тұрғындардың діни сауаттылығын арттырудың маңыздылығын ескере отырып, аймақта ақпараттық-насихаттық шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осыған орай аймаққа еліміздің өзге өңірлерінен, ЖОО-дан білікті теолог мамандар шақырылып, тұрғындарға, жастарға Ислам дінінің, ата-бабамыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дін саласының құндылықтары туралы әңгімеледі, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.

Аймақтағы діни тұрақтылықты нығайтуда білікті кадрлар дайындау – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан биыл жоғары білімді діни кадр­лар мәселесін шешу мақсатында бюджеттен тыс көздер арқылы "Нұр-Мүбарак” Египет Ислам мәдениеті университетінде оқитын сырбойылық жастарға оқу ақысы мен жатақханасына қаржылай демеушілік көрсетілді.

Конференцияда облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрхан Жәлиев "Зайырлы мемлекет – рухани дамудың кепілі”, еңбек ардагері Сәпен Аңсатов "Қазақ салт-дәсүрлері мен ислам құндылықтарының ұштасуы”, ”Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінің бас имамы Талғат Омаров "Ислам және жалпы адами құндылықтар”, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының бас маманы, теолог "Қазақ ағартушы ғұламаларының діни көзқарастары” тақырыптарында баяндама жасап, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.

Облыстық конференцияда кітап және ұлттық жәдігерлер көрмесі, "Дін мен дәстүр” тақырыбындағы бейнеролик көрсетілімі, шығармалар байқауының жеңімпаздарын тың­дау құқықтық кеңестер беру және викториналық сұрақтар ұйым­дас­ты­рылды. Жиында сондай-ақ "Дін ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің” атты оқушылар арасында өткен шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Мұғалімдер арасындағы шығармашылық байқау жеңімпаз­дары және дін саясатын насихаттауда ерекшеленген тұлғаларға дипломдар мен алғыс хаттар тапсырылды.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
АҚПАРАТ 22 қараша 2014 г. 1 082 0