« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Сейсенбі күні «Сыр Медиа» ЖШС жанындағы облыстық телекоммуникациялар орталығында өткізілген брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов ақпарат құралдарының өкілдеріне Елбасы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – шағын және орта бизнесті, сондай-ақ туризм кластерін дамыту бойынша аймағымызда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Мемлекет басшысы осы маңызды құжатта шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы ретінде танығаны мәлім. Бұған қоса, Елбасы кәсіпкерліктің Қазақстандағы Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі екендігін де атап өтті. Сондай-ақ, Жолдауда алдағы уақытта бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық нормалардың күші жойылып, шағын кәсіпкерлік ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналатыны айтылды.
– «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдау арқылы 11 қарашада Ел Президенті мемлекет дамуының жаңа бағыттарын айқындап бергені баршаңызға белгілі. Бұл Жолдауды қалың көпшілік нақты істерге негізделген ел дамуының жаңа экономикалық стратегиясы ретінде қабылдап отыр. Мемлекет басшысы мұнда кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау керектігін тағы да ерекше атап өтті, – деп бастады сөзін басқарма басшысы Тельман Райғаниұлы.
Ұлттық қордан елдегі шағын және орта бизнесті несиелеуге осы жылы 100 млрд. теңге қаражат бөлінген-ді. Жеңілдетілген несие түріндегі қаражаттан біздің облыстың алған үлесі – 476 млн. теңге. Басқарма басшысының айтуынша, бұл қаржы өңдеуші өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін 13 бизнес субъектісінің жобасын несиелеуге жұмсалыпты. Әрине, аймақтағы шағын және орта бизнесті өркендету үшін бұл аздық етеді. Кешегі Жолдауда алдағы жылы шағын және орта кәсіпкерлікті, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 млрд. теңге қаралып отырғаны айтылды. Бұл тамақ және химия өнеркәсібінде, машина жасау қызмет көрсету саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге жұмсалғалы отыр. Бұл қолдаудың да елдегі бизнесті бір серпілтіп тастайтыны анық.
Қазіргі күні облыстағы ШОБ субъектілерінің саны 28 мыңға жуықтаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 107 пайызға артық. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде жаңадан 1974 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ашылды. Басқарма басшысы аталған салада нақты кезеңде 83547 адам еңбек етіп жүргенін атап өтті. Бұл цифр салада нәпақа тауып жүргендер қатарының былтырға қарағанда 17 пайызға артқанын көрсетеді. Ал, кәсіпкерлік саласынан бюджетке түсетін салық түсімдері 20,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,3 пайызға өсіпті.
Мұнан соң басқарма басшысы Т.Сүлейменов «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының орындалуы туралы баян етті. Аталған бағдарлама Елбасының «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылып, елімізде оны жүзеге асыру 2010 жылы басталды. Расында бұл бағдарлама кәсіпкерлердің өздері атап көрсетіп жүргендей, дағдарыстан кейінгі дамудың бағыт-бағдарын айқындайтын, қолдаудың нақты тетіктері мен жолдары көрсетілген кешенді бағдарлама. Сонымен бірге ол ҚР 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру механизмдерінің бірі болып табылады.
Басқарма басшысы аталған бағдарламаның 3 бағытта жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Біріншісі, жаңа бизнес бастамаларын қолдау, оның ішінде несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және оны ішінара кепілдендіру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ гранттық қаржыландыру. Несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша осы жылы облыста 3,7 млрд. теңгені құрайтын 68 жоба жүзеге асырылып жатыр. Несиені ішінара кепілдендіру мәселесіне келсек, жыл басынан бері 27 кәсіп иесіне кепілдеме ұсынылған. Ал, гранттық қаржыландыру бойынша құны 12 млн. теңгелік 3 жоба қаржыландырылған.
Бағдарламаның екінші бағыты – өнімді сыртқы нарыққа экспорттайтын кәсіпкерлерді қолдауға, үшіншісі бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсетуге бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2010-2014 жылдары ел қазынасынан 7,2 млрд. теңге бөлінді. Жалпы құны 15,2 млрд. теңгеден асатын жобалар аймақтық үйлестіру кеңесінде мақұлданған. Сонымен қатар, 60 іскер кәсіпкерлік негіздерін Н.Назарбаев университетінде оқыса, тағы 11 кәсіп иесі АҚШ және Германияда тәжірибе алмасып келіпті. Бұған қоса, кәсібін енді бастаған жасы 29-ға дейінгі жас кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бойынша «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «СТАРТ-АП» жобасы жұмыс жасауда. Биыл басталған жобаны жүзеге асыру бойынша облысымыз республикада екінші орынға табан тіреген.
Елбасы Жолдауында туризм саласын дамыту туралы да айтылды. Брифингте облысымызда бұл салада көрсетілген қызмет ақысының жалпы көлемі биыл бірінші рет 1 млрд. теңгеге жуықтағаны айтылды. Айта кетейік, ҚР-дағы туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында Қызылорда облысы оңтүстік кластеріне енген. Бүгінгі таңда өңірімізде туристік қызмет көрсетумен айналысатын 13 компания бар. Ал, танымдық, этномәдени және экологиялық туризмді дамытудың негізгі бағыттары бойынша туристік кластерді қалыптастыру көзделіп отыр.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |