ЖАСТАР КЕРУЕНІ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдау жарияланғаннан кейін еліміздің түкпір түкпірінде Жолдауды қолдауға арналған шаралар қызу басталып кеткені белгілі. Дәстүрлі Жолдау Сыр елінің жастарына да ерекше серпін берді. Кеше облыс орталығында тұратын бір топ шығармашыл жастан жасақталған ақпараттық-насихаттық топ ауылдық округтерді бетке алып жолға шықты.

Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын облыстың шалғайында орналасқан ауыл тұрғындары, әсіресе жастар арасында насихаттау мақсатында жолға шыққан бұл топты «Жас­тарды қолдау орталығы» МКМ-нің жанынан құрылған облысымыздың белсенді жастары ұйымдастырып отыр. Жолдаудан туындайтын мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында жастардың да қосар үлесі ерекше екендігі белгілі. Себебі, Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында жастарға үлкен сенім артып, оларды елдің нұрлы болашағы үшін аянбай тер төгуге шақырып отырады. Жолдаудан туындайтын мақсаттар мен міндеттерді ауыл жастарына түсіндіруді мұрат еткен топтың құрамында облыс орталығында оқитын және қызмет атқаратын 20 белсенді жас бар. Облыстық жастар мәселесі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрабаеваның айтуынша, аталған ақпараттық-насихаттық топ 10 күннің ішінде, яғни 19-29 қараша күндері аймағымыздағы барлық 7 ауданды түгел аралап өтіп, ондағы 14 елді мекенде болуды жоспарлап отыр.

– Мұндағы мақсат – Елбасының Жолдауына қолдау білдіру, жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті нығайту, ауыл жастарына Жолдауды насихаттау. «Мәңгілік Ел» идеясы – біздің жалпыұлттық идеямыз. Осы «Мәңгілік елді» басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдыруға тиіспіз, – дейді «Қазақ-Қытай академиясының» екінші курс студенті Жазира Сағынова.

Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіру бойынша жасақталған топта көшбасшы жастар, арнайы мамандар мен облысымыздың шығармашыл жастары (әнші, биші, КВН ойыншылары және өзге өнер иелері) ауыл жастарына өз өнерлерін көрсетеді, Жолдаудың негізгі бағыттаран да таныстырады. Жастар керуені кездесулерді Жаңақорған ауданындағы Аққорған, Келінтөбе ауылдық округінде бастап солтүстік аудандағы Сексеуіл кентінен аяқтамақшы.

 

Дәуіржан АЙБОЛАТҰЛЫ.
АҚПАРАТ 20 қараша 2014 г. 1 057 0