МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының ұйымдас­тыруымен өткізілген дөңгелек үстелде көрсетілетін қызметтер мен тауарларды сатып алу конкурстары бойынша мәселелер талқыланды. Облыс әкімінің кеңесшісі Ғ.Алпысбаев отандық, оның ішінде біздің облыста тіркелген тауар өндірушілерге мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарын түсіндірудің маңызына тоқталды.

Облыс әкімінің өкімімен облыстық құрылыс басқармасы құрылыс жұмыстары бойынша бірыңғай ұйымдастырушы болып белгіленіп, 21 млрд. 486 млн. теңгені құрайтын 224 конкурс өткізілген. Ашық бәсекелестіктің арқасында 175 млн. 513 мың теңге үнемделіп, бюджетке кірістелген.

Өткізілген 224 конкурстың басым бөлігі бойынша аймақтың мекемелері жеңімпаз болып танылған. Бұл облыс көлемінде жұмыссыздықты азайтуға, бюджетке түсетін салықты арттыруға септігін тигізген.

Бұл саладағы жұмыстарды жүзеге асыруда нысанды мерзімінде аяқтамау (мысалы, Арал қаласындағы, Тоқабай, Қосаман, Қарашалаң ауылдарындағы мектептер, Жалаңаш ауылындағы 90 орындық балабақша), балды көбейту мақсатында қазақстандық мазмұнды растайтын тауарлар бойынша жалған сертификаттар ұсыну, банктік кепілдікті жалған беру және тағы басқа кемшіліктер орын алғаны анықталған. Өткен жылы сотқа 141 талап арыз беріліп, кінәлі тұлғалардан бюджетке 815 млн. 219 мың теңге өндірілген. Міндеттерін орындауды талап етумен қатар, мердігерлерге заңның аясында қолдау да көрсетілген.

Мысалы, бұрын құрылысы аяқталған нысандарды қабылдау комиссиясы актісіне 18-20 адам қол қоятын болса, бұл жағдайға шектеу қойылып, Заңға сәйкес мемлекеттік қабылдау комиссиясына тек 8 ғана адам қол қоятын болған. Бұл кәсіпкерлерге үлкен қолдау болып, нысанның халықтың игілігіне тезірек берілуіне мүмкіншілік тудырған.

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алу саласына қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бұл отандық кәсіпкерлерге үлкен қолдау болып, бұрын әлеуетті өнім берушіні анықтау туралы шешім бірден қабылданса, қазір әлеуетті өнім берушілерге жетіспейтін құжаттарын реттеуге үш жұмыс күн уақыт берілуде. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында облыс басшысының қолдауымен республикада бірінші болып мемлекеттік сатып алу басқармасы құрылып, бүгінгі күнге дейін бірқатар жұмыстар атқарылған.

Қазіргі уақытта тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу басқармасын ұйымдастырушы ретінде айқындап, осы жылдың аяғына дейін қала және аудандар бойынша құрылыс жұмыстары 100 млн. теңгеден асатын, ал тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бойынша 20 млн. теңгеден асатын конкурстары бірігіп өткізуде.

Бұған қоса басқарма жүргізген мониторинг нәтижесінде облыста 128 тауар өндіруші тіркелген, оның ішінде, азық-түлік өндірісімен – 50 кәсіпорын, жеңіл өнеркәсіппен – 68 кәсіпорын, машина жасаумен 4 кәсіпорын айналысатыны анықталған.

Дөңгелек үстелде баяндама жасаған басқарма басшысы Ғ.Ниязов облыс бойынша жергілікті тауар өндірушілерден тауар сатып алу үлесін анықтау мақсатында барлық облыстық, қалалық және аудандық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен орындалған мемлекеттік сатып алулар бойынша ақпараттар сұратылып зерттелгенін, нәтижесінде тауарларды сатып алу саласы бойынша облыста 9 айда сатып алынған тауарлар қазақстандық мазмұн бойынша 64,6 пайызды құрағанын, ал облыстағы жергілікті тауар өндірушілерден тек 4,4 пайызды құраған тауарлар сатып алынғанын мәлімдеді.

Сонымен бірге, басқарма басшысы баяндамасында құрылыс саласы бойынша үстіміздегі жылдың 10 айында 29 млрд. 815 млн. теңгеге конкурстар өткізілгенін, бұл қаржының 40 пайызы немесе 11 млрд. 926 млн. теңгесі құрылыс заттарын сатып алуға жұмсалғанын, оның ішінде небәрі 2 млрд. теңге шамасында құрылыс заттары аймақтағы тауар өндірушілерден сатып алынғанына назар аударды.

Осы дөңгелек үстелде тапсырыс берушілер әзір­ле­ген техникалық ерекшелік пен заң талаптарына сәйкес әзірленуі тиісті техникалық ерекшелік үл­гі­сінің арасындағы айырмашылық айтылды. Алдағы уа­қытта мұндай алшақтыққа жол бермеу, техникалық ерек­шеліктерді заң аясында әзірлеу туралы кеңес берілді.

 

М.МЕРЕЙ.
АҚПАРАТ 15 қараша 2014 г. 971 0