ҚИМЫЛДАҒАН ҚЫР АСАДЫ

өңірдегі инновациялық жобалардың алғашқы толқыны осыны айғақтайды

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы – кешенді бағдарлама. Елбасының «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін енгізілген, қолдаудың нақты тетіктері мен жолдары көрсетілген бұл бағдарламаның игілігін ел тұрғындары көруде. Бұған қоса, бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын іске асыру механизмдерінің бірі болып табылады.

Аталған бағдарламаның мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады. Бағдарламада нақты төрт бағыт қамтылған. Жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және шет елдерге өнім шығаруға бағдарланған өндірістерді қолдау және кәсіпкерлердің әлеуетін күшейту.

Айталық, жаңа бизнес бастамаларды қолдау бойынша жаңа жобаларды іске асыру, экономиканың басым секторында жұмыс істейтін өндірісті жаңарту, жаңғырту немесе ұлғайтуға бағдарланған жобаларға кең қолдау қарастырылып отыр. Егер кәсіпкер осы анықтамаларға сай келетін болса, ол өзінің бұрыннан көлемді несиесін жеңілдетуге мемлекет тарапынан субсидия ала алады.

Бүгінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде облысымызда бірқатар жұмыстар атқырылып жатыр. Тарқатып айтар болсақ, мәселен, қаламыздың батыс бөлігінде ТЭЦ аумағына орналасқан «ЭКО-Н Сервис» серіктестігі «Құрамында сынабы бар улы-энергия үнемдеуші шамдарды жинау және залалсыздандыру» жобасы бойынша жұмыс жасауда. Жоба жетекшісі Қайрат Нұрекешов «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз негізде 6 млн. теңге грант қаражатын ұтып алған. Өтеусіз қаражатқа жоба жетекшісі қажетті құрал-жабдықтар сатып алыпты. Аталған өндіріс түрі ел Үкіметінің қаулысына сәйкес «Құрамында сынабы бар улы-энергия үнемдеуші шамдарды жинау және залалсыздандыру» жөніндегі кешенді іс-шарасы шеңберінде облысымызда тұңғыш рет қолға алынып отырғанын айта кетейік.

– Бұл жобаны «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы негізінде жасап, өңірде баламасы жоқ кәсіпті батыл қолға алып отырмыз. Құрамында сынабы бар шамдарды қоқыс жәшігіне тастауға бол­майды. Сол себепті де осы жобаны бас­та­дық. Аулаларда істен шыққан шам­дарды жинап алып, оны осында залал­сыздандырып, қалдықты кәдеге асырып, энергия үнемдегіш шамдар жасап шыға­рамыз. Жергілікті билікке аулаларда істен шыққан шамдарды жинайтын арнайы контейнерлер орнатып беруге ұсыныс жасасақ деген ойымыз бар. Өйткені, алдағы уақытта тұрғындардың басым бөлігі энергия үнемдегіш шамдарды қолданысқа енгізетін болады, – дейді «ЭКО-Н Сервис» ЖШС директоры Қайрат Нұрекешов.

Қызылордалық жас кәсіпкер Қ.Байкенов те кез келгеннің қолынан келе бермейтін кәсіпті бастап отыр. Оның айтуынша, лазерлік гравюра дегеніміз – әйнекке немесе кристалға лазердің сәулесі арқылы салынған сурет. Әйнекке сурет салудың екі түрлі әдісі бар. Біріншісі – авторлық суретті әйнекке күйдіру арқылы салу, екіншісі – фотосуреттердің көшірмесін кристалға бейнелеу. Бүгінгі таңда лазерлік графика технологиясы электронды өнеркәсіпте фотолитография әдісі арқылы қолданыс тапты. Автордың салған суреттері компьютер арқылы әйнекке түседі. Бұл суретші алдымен компьютердегі графикалық бағдарлама арқылы сурет салады деген сөз. Сонан соң сол компьютерге орнатылған лазерлік сәуле оны шынының бетіне көшіреді. Бұл қызмет түрі қазір Батыс елдері мен көршілес Ресейде кеңінен тараған. Ал, аймағымызда бұл салада еңбек етіп жүргендер мүлде жоқ. Жаңашыл жігіт бізге осыдан бірнеше ай бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2 млн. теңге алып, лазерлік графика орталығын ашқанын қуана жеткізді. Кәсіп иесі мұны «Қызылорда қаласында алғашқы лазер нақыштама ұйымдастыру орталығын ашу» жобасы бойынша қолға алып отыр. Бөлінген қаражатқа ол орталықтың негізгі құралдарын сатып алыпты.

– Аталған жоба кәсібін енді бастаған немесе енді бастаймын деген кәсіпкерлерге арналған. Бұл аймағымыз бойынша инновациялық жоба болып саналады. Өйт­кені бұрын-соңды аймақта мұндай кәсіп қолға алынбаған. Осы күнге дейін жергілікті тұрғындар тапсырысты Астана, Алматы секілді үлкен қалаларға беретін. Енді мұны өзімізде де орындауға болады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес экономиканың экспортқа бағдарланған дәстүрлі секторларындағы ұлттық холдингтер, отын-энергетика кешенінің және металлургия өнеркәсібінің жүйе құраушы компаниялары бастамашылары болып табылатын ірі инвестициялық жобаларды іске асыру көзделуде. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпорындардың экспортқа бағдарлануын дамыту перспективасы мен қазіргі заманғы өндірістер құру мемлекеттік бағдарламаның негізгі басымдығы болып табылады. Мысалы, шағын және орта кәсіпорындарды қолдау үшін Сингапурда бүкіл елге ортақ Spring агенттігі құрылған. Ол кәсіпкерлерге көмек көрсетудің 100-ге жуық әртүрлі бағдарламасын жүзеге асырады. Өз бизнесін жаңа бастап жатқан шағын және орта кәсіпорындарға ғана ерекше жеңілдіктер беріледі. Сингапурда шағын және орта бизнес кәсіпорындарына жеңілдікпен несие берудің әртүрлі бағдарламалары әзірленіп, ол қолданысқа енгізілген. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетудің бұл құралдары бюджет заңнамасын жетілдіру шеңберінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген.

«Қимылдаған қыр асар» деген тәмсіл бар қазақта. «Таңғы мәзір тәңірден» деп қол қусырып қарап отырмай, аймақтың экономикасына үлес қосатын, жергілікті жерге бейім жаңа инвестициялық тартымды жобалар іздестіріп, мемлекет көрсетіп отырған қолдаулар мен жеңілдіктердің игілігін көруге ұмтылсақ, ұтылмасымыз анық. Өйткені, қазіргі таңда жеке кәсіпті, яғни оң жамбасына келген тіршілікті қолға алып, жұмысын жандандырамын, кәсібін дөңгелетем дегендерге мемлекет барынша қолдау көрсетуге дайын. Байыптап қарасақ, қазіргі нарық кезеңі қарап жатқаннан қарманып тіршілік еткендердің озатын заманы. Ендеше, қолда бар мүмкіндікті мүлт жібермеген жөн секілді.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


АҚПАРАТ 11 қараша 2014 г. 934 0