ҚҰЛҚЫНЫН ОЙЛАП, ҚАРЖЫ ҚЫМҚЫРҒАН

Жалағаш ауданының прокуроры Хатиша Жұмағұлова өткізген баспасөз мәслихатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте атқарылып жатқан қадағалау жұмыстары сараланды.

Атап айтқанда, "Жалағаш орман және жануарлар дүниесін қорғау” мемлекеттік мекемесіне тексеру барысында мекеме директоры мен есепшілер мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны анықталған. Аталған тұлғалар 2008-2012 жылдар аралығында жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақылары мен өтемақыларына бөлінген қаржыны иеленіп келсе, 2011 жыл мен 2013 жылдың бірінші тоқсаны аралығында мекемеге ешқандай қызмет көрсетпесе де, "Г.Дәужігітова” жеке кәсіпкерлігіне келісім-шартсыз қаржы-шаруашылық қызметіне бөлінген 4 153 377 теңгені заңсыз аударып жіберген. Сөйтіп банктің есепшотынан шығыстап алған. Сондай-ақ, 2008-2012 жылдар аралығында іссапарға барғанын растайтын құжаттар болмаса да, өз есепшотына шығын ретінде 246 мың теңгені заңсыз аударып алған.

Осыған орай аудандық прокуратура мекеме директорына қатысты қылмыстық іс қозғап, ол биыл шілде айында аудандық сотқа жолданған болатын. Соттың 25 тамыздағы үкімімен кінәлі деп танылған мекеме директоры және бас есепші мен есепші мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға шеттетіліп, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді. Алайда кінәлілерге Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, тағайындалған жаза шартты деп танылып, 3 жыл сынақ мерзіміне сотталды.

Бұл қылмыстық іс бойынша 18 677 220 теңге сотталушылар есебінен бюджетке толығымен өндірілген.

Б.СМАЙЫЛҰЛЫ.


АҚПАРАТ 11 қараша 2014 г. 909 0