“АҚБҰЛАҚ” АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШТЫ

Елімізде халықтың таза суға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында "Ақбұлақ” бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылуда. Өткен жылы осы бағдарлама аясында облыс бойынша барлық 262 елді мекеннің 185-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл осы бар елді мекендердің 71 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғанын көрсетеді. Соның ішінде Су ресурстары комитетінің тікелей қаржыландыруымен құрылысы 2010 жылы басталған Арал ауданының ашық және тасымал ауыз суын пайдаланып келген Райым, Құмбазар, Ақшатау, Есқіұра, Қызылжар, Шөмішкөл, Үкілісай, Бекбауыл секілді сегіз елді мекенін Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу жұмыстары аяқталды. Соның арқасында орталықтандырылған ауыз суға қосылған елді мекендер саны да артты.

Ал, биыл "Ақбұлақ” бағдарламасын іске асыруға барлық қаржы көздерінен 7970,7 млн. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 21 жобаның құрылыс жұмыстарына 4225,7 млн. теңге бөлінсе, сондай-ақ, су тарату қызметтеріне берілетін субсидияға 3314,9 млн. теңге бөлінген. Бағдарлама шеңберінде осы қаржы есебінен тоғыз айға жоспар бойынша бөлінген 6103 млн. теңге толықтай игерілген. Сөйтіп, 153 шақырым ауыз жүйелері жаңғыртылып, үш нысан пайдалануға берілді.

Жалпы биыл бағдарлама бойынша ауыз су жүйелерін жаңғырту мен кеңейту және жаңа нысандарды пайдалануға беру мақсатында Өңірлік даму министрлігі өткен жылы субсидияға берілмеген қаржылар есебінен қосымша 1 млрд. теңге бөлген. Сондай-ақ, облысқа трансфертпен берілетін қаржылардан басқа тікелей Су ресурстары комитеті биыл 2,4 млрд. теңге қаржы бөлді. Бұл қаржыға Шиелі ауданындағы Жиделі топтық су құбырына сегіз елді мекенді орталықтандырылған су жүйесіне қосуға 1,1 млрд. теңге және Талап топтық су құбырына 1,2 млрд. теңге қаржы бөлген.

Сондай-ақ, биыл республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар есебінен Арал ауданындағы Сексеуіл, Қазалы ауданындағы Байқожа, Қармақшыдағы Тұрмағанбет, Ақай, Жосалы, Жалағаштағы Бұхарбай, Ақсу, Сырдариядағы Аманкелді, Ақжарма, Мәлібаев, Бесарық, Шиелідегі Жөлек, Алмалы, Тәжібаев, Жаңақорғандағы Түгіскен және Қызылорда қаласындағы Абай, Айнакөл, Ақжарма, Махамбетов елді мекендерінің ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде қазіргі кездері осы аты аталған елді мекендердің бірқатарында бұл жұмыстар толықтай аяқталып, олар халық игілігі үшін пайдалануға берілді.

Сонымен, биыл облыста "Ақбұлақ” бағдарламасын іске асыруда жеті жобаның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 50 шақырым ауыз су жүйелері жаңғыртылып, 1790 дана су есептегіші орнатылады деп күтілуде.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.


АҚПАРАТ 11 қараша 2014 г. 978 0