ТЕКСЕРУ АЗАЙҒАНЫМЕН, ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ ТӨМЕНДЕМЕЙ ТҰР

Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығында облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясының биылғы жылғы тоғыз айда атқарған жұмыс қорытындысына арналған дөңгелек үстел өткізілді. Оның жұмысына облыстық басқарма басшылары мен сала мамандары қатысты.

 

Жиынды ашқан инспекция басшысы Рысбек Мамбетов дөңгелек үстелді өткізудегі мақсат мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының "жариялылық” стандартына сәйкес экономиканы басқарудың демократиялық негіздерін іске асыру, мемлекеттік бақылау қызметінің тиімділігін арттыру және қоғамды сыбайлас жемқорлықтан қорғау екенін атап өтті. Бұл орайда қаржылық бақылау жұмыстарының маңызы зор. Өйткені, ол қандай да бір мекеме не кәсіпорында болмасын заң бұзушылықтың алдын алу мен оларды болдырмауда нақты жұмыстар жүргізіп келеді. Дейтұрғанмен, заң нормалары талаптарының сақталмау жайлары да кездесіп қалады. Бүгінгі басқосуда сондай жайттар ортаға салынып, талқыға түспекші. Өйткені, осыған дейін кеткен кемшіліктерден алдағы уақытта қорытынды шығаруға оның көп септігі тиеді деп ойлаймын.

Мұнан кейін хабарлама жасаған инспекция басшысының орынбасары Талғат Бөртебаев өткен тоғыз айда "Мемлекеттік сатып алу туралы” заңы талаптарының сақталмауынан орын алған кемшіліктер жайында айтып берді. Атап айтқанда, аталған мерзім ішінде 217 тексерулермен 9403785 мың теңгенің мемлекеттік сатып алулары қамтылған. Оның ішінде жоспарлы және жоспардан тыс, шағымдар және құқық қорғау органдары қаулылары бойынша тексерулер жүргізілген. Бір айта кететін жайт, биыл тексеру санының азайғанына қарамастан, өткен тоғыз айдағы заң бұзушылық былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда екі есеге дейін өскен. Осы бақылау нәтижелері көрсеткендей, электрондық конкурс, аукцион тәсілімен және электрондық түрде баға ұсыныс сұрату тәсілімен жүргізілген мемлекеттік сатып алуларында мемлекеттік сатып алу заңнама нормаларын бұзу фактілері жиі орын алынғаны анықталды. Әсіресе, мұндай жағдайлар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы секілді салаларда көп кездеседі.

Дөңгелек үстелде инспекцияның бөлім басшылары да түрлі салаларда жүргізілген бақылау нәтижесінде Бюджет кодексі және басқа да заң нормалары талаптарының сақталмауынан орын алған кемшіліктер жайлы айтып берді.

Жиын соңында оған қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.


АҚПАРАТ 11 қараша 2014 г. 822 0