« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Аптаның жексенбісі күні Жаңақорған ауданының орталығында тарихи тұлғалардың бірі, ел қорғаған айтулы батыр Көкен батыр Назарұлына қойылған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов құтықтау сөз сөйлеп ашты. «Мәдени мұра» бағдарламасына сай әділдік пен азаматтықты ту еткен, елі мен жері үшін қасық қанын төккен батырларымызды ұлықтау арқылы жастарымыздың бойында отансүйгіштік қасиетті арттыра түсіп, олардың жамағат ісіне деген белсенділігін жетілдіреміз. Бұл қазіргі уақытта өте керек нәрсе, олай болса, бүгінгі шараның маңызы ерекше зор», деген Серік Саламатұлы елдің ынтымағының нығая түсіп, өміршең бағдарламаларды лайықты орындау жолында жаңақорғандықтарға табыс тіледі.
Сыр бойының әйгілі батырының өмір жолы, ел қорғаудағы ерлік істері жөніндегі баяндаманы ел ағасы, «Көкен батыр» қорының төрағасы Амангелді Абдуллаеав жасады: «Көкен бабамыз 1775 жылы осы Сыр топырағында дүниеге келіп, 1863 жылы сексен сегіз жасында өмірден өткен екен. Саналы ғұмыры ат үстінде өткен батыр жастайынан ел қорғауда айрықша ерлік танытып, жамағатына қорған бола білді. Тарихта Қоқан феодалдары, ханы Әлімжан мен оның мұрагері Омарханның Ұлы жүз бен Орта жүз рулары мекен еткен аймақтың оңтүстігін жаулап алғандығы белгілі. Қоқандықтар Сыр бойындағы отырықшы қоныстар мен көшпелі бай ауылдарға үнемі тұтқиылдан тиісіп, мал-мүлкін талан-тараж етіп, жұтатып кетіп отыратын зұлымдық әрекетін әдетке айналдырса керек. Бұл қорлыққа шыдамаған халық толқу үстінде болады. Осындай қиын-қыстау шақта ел ержүрек адамдарға арқа сүйейді. Соның бірі Көкен батыр еді. Ол халқының азаттығы мен тыныштығын сақтау үшін ту көтеріп, жауға қарсы шығады. Бұған осы маңдағы ру басылары қосылып, үлкен күшке айналады. «Қылышпен келген жау, қылыштан өледі» деген батыр бастаған қол зұлым жауға тойтарыс беріп отырады.
Ескерткіштің ашылу салтанатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек қажы Шаухаманов, Шымкент қаласынан келген Бекежан Тоқсанбаев ақсақал тағы басқалар құттықтау сөз сөйлеп, бұл шараның мәнділігіне тоқталды. Соңынан батырдың ұрпақтары үш мыңнан астам адамға арнайы дастарқан жайып, ас берді, құран бағыштатты.
Осы күнгі ас беру рәсімінен соң оңтүстік облыстары көкпаршылары қатысқан додалы көкпар өтті. Бес жүзден астам ат қатысқан көкпар ойынындағы бас жүлде – тоғыз түйені қызылордалық шабандоздар иемденсе, өзге де төрт түлік тігілген жүлделерден де жерлестеріміз құр қалмады. Кешке аудан орталығындағы алаңда «Музарт», басқа да өнер шеберлері концерт берді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |