ЖАСТАР ҮНЕМІ НАЗАРДА БОЛУЫ ТИІС

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті. Отырысқа бірқатар басқарма басшылары мен кеңес мүшелері қатысты.

Кеңесте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрбаева облыс бойынша осы жылы жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету және NEET санатына жататын жастармен жұмыс жасау жөніндегі салааралық іс-қимыл жоспарының орындалуы барысын баян етті. Сала басшысының айтуынша, бүгінде өңірдегі халықтың 28,2 пайызын жастар құрайды. Осыған орай, облыста жастарды қолдаудың институтционалды жүйесі қалыптасып, барлық аудандар мен ауылдық жерлерде жастарды қолдау орталықтары жұмыс жасауда. Сондай-ақ, мемлекеттік жастар саясатын дамыту мақсатында 2014-2015 жылдарға арналған жол картасы қабылданған. Бағдарламаның аясында 23 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Ең бастысы, қазір түрлі әлеуметтік топтағы жастармен жұмыс жасау механизмдері ерекше қолға алынып, жұмыссыздық деңгейін төмендету және NEET санатына жататын жастармен жұмыс жасау жөніндегі салааралық іс-қимыл жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, қазіргі сәтте бірқатар ауқымды жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда. Мәселен, аталмыш санатқа жататын жастармен жұмыс жасау үшін 13 мемлекеттік мекеме және 7 жастар ұйымдары арасында байланыс орнатылып, аймақта қоғамдық қабылдаулар мен семинарлар және спорттық шаралар өткізілген. Жалпы жастарды жұмыспен қамту үшін өңірімізде 45 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оның ішінде 790 жас жолдамаға ие болып отыр. Түнгі клубтарда рейдтік жұмыстарын жүргізу де назардан тыс қалмайды.

– Бүгінде жастарды жұмыспен қамтуда «Жасыл ел» және «Жастар құрылыс жасақтарының» маңызы зор. Бұл еңбек жасақтары өңірімізде өз тиімділігін көрсетуде. Биылғы жылы "Жасыл ел” еңбек жасағына 1000-нан аса жас қатысып, елімізді көркейтуге атсалысса, 274 адам «Жастар құрылыс жасағына» жұмысқа тартылды, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрбаева. Бұл – үлкен жетістік. Себебі, жастарымыздың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне мол мүмкіндік болып отыр.

Жалпы өңірде NEET санатына жататын жастардың саны 22464-ті құрауда. Оның ішінде 10127-сі нақты жұмыссыздар болса, 11278 жас өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Ал, еш жерде тіркелмеген жастың саны 1189-ға жетуде.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және маргинал жастармен жұмыс жасау жөнінде талқыланған ауқымды жиында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Роза Боханова да хабарлама жасады.

– Қаладағы 265358 тұрғынның 69221-і жастар. Олардаң арасында да салааралық іс-қимыл жоспары сәйкесінше жүргізілуде. Жыл басынан бері 5281 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде 2240 жас тұрақты жұмысқа орналысып, 707-сі ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге, 223 жас қайта даярлау курстарынан өтсе, 1394 жас буын «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысты.

Роза Боханова мұнан әрі мүмкіндігі шектеулі жастарға жасалып жатқан қамқорлыққа тоқталды. Қызылорда қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 7 аула клубы ашылып жұмыс жасауда. Жыл басынан бері 47 кембағал жан жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, ерекше айта кететін жайт, ата-ана қамқорлығынан айырылған 64 жас отбасы «Жұмыспен қамту -2020 жол картасы» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтылып, тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл аяғына дейін 120 жас баспанамен қамтылады деп күтілуде.

Қоғамның адами капиталы болып саналатын жастардың жұмыссыздық мәселесін көтерген басқосуда Шиелі ауданының әкімі Қ.Сәрсенбаев пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Жылқышиева да хабарлама жасап, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және NEET санатына жататын жастармен жұмыс жасау жөніндегі салааралық іс-қимыл жоспарының жүзеге асу жайында баяндады.

Жиын соңында аймақ басшысы өзекті мәселені назардан тыс қалдырмай бақылауды өз орынбасары А.Әлназароваға тапсырды. Жастардың қоғамдағы орнын табуына ықпал жасап, түрлі ағымдар жетегінен сақтау үшін жергілікті органдардың бірлесе жұмыс жасау керектігін баса айтты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.


АҚПАРАТ 04 қараша 2014 г. 1 905 0