ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫН ҚҰТТЫҚТАП ҚАЙТТЫ

22 қазан – Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған күні. Тап осы күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шау­­хаманов, ақын-жазушылар Әскербек Рахымбекұлы, Айжарық Сәдібекұлы және аралдық ардагер Қуанышбай Ердіхалықов Алматыға барып жазушыны торқалы тоқсанға толған күнімен құттықтады.

Бұл күні таңертеңнен түннің бір уағына дейін жазушының үйі құттықтаушылардан бір сәтке де босаған жоқ. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, өнер шеберлері мен жазушының алыс-жақындағы туған-туысқандары, сыйластары оның үйіне соғып, игі тілектерін білдірді.

Қарт қаламгер шат-шадыман күйде болып, келушілерге алғыстарын жеткізді. Үлкен жазушының тап осындай шексіз шаттық құшағында болғанын бірінші көруіміз десті бұрыннан аралас-құралас жандар. Шынында да ол үлкен тебіреніс үстінде болды.

Ал жазушының тоқсан жылдық торқалы тойы алдағы жылдың көктемінде туған жерінде аталып өтілмекші.
АҚПАРАТ 25 қазан 2014 г. 1 061 0