МҰНАЙ КОМПАНИЯСЫНАН 184 МЛН. ТЕҢГЕ ӨНДІРІЛДІ

«Оңтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық департаменті мемлекеттік мекемесінің Қызылорда аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы «ҚазГерМұнай» БК ЖШС-ның ілеспе газды заңсыз жағу салдарынан келтірілген нұқсан 184471247 теңгені мемлекет пайдасына өндірді.
Инспекцияның 2011 жылғы маусым айында жүргізген жоспарлы тексеру қорытындысымен «ҚазГерМұнай» БК ЖШС 2010 жылғы газды пайдалану туралы есептік құжаттарды тексеру нәтижесінде 21405161 текше метр ілеспе газдың рұқсат етілген шамадан артық жағылғандығын анықтады.
Рұқсат етілген шамадан артық жағылған газ көлемі ҚР Мұнай және газ министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциялау комитетінің 2011 жылдың 3-11 қараша аралығында жүргізген тексеру қорытындысымен расталып, қосымша 2011 жылы Ақшабұлақ, Нұралы кен орындарының №№240, 347, 244, 245, 68, 71, 105, 79 ұңғымалары бойынша барлығы 2127105 текше метр ілеспе газды заңсыз жаққандығы белгілі болды.
Аталған газ шығындары бойынша ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының 127-бабы 2-тармағына сәйкес Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген нұқсанның мөлшерін айқындау жұмыстары Қызылорда аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясымен атқарылып, мемлекетке келтірілген нұқсан 184471247 теңге көлемінде айқындалды.
Алайда «ҚазГерМұнай» БК ЖШС мемлекетке келтірілген нұқсанның шамасымен келіспейтіндігін білдіріп, оны өтеуден бас тартты. Сондықтан да инспекция Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мемлекетке келтірілген 184 471 247 теңге көлеміндегі нұқсанды өндіру туралы талап-арыз берді. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап-арызды толығымен қанағаттандырып, «ҚазГерМұнай» БК ЖШС-нен мемлекетке келтірілген нұқсанды толық көлемінде өндіру туралы шешім қабылданады. Бұл шешім Қызылорда облыстық сотының апелляциялық алқасында да қаралып, өзгеріссіз қалдырылды.
Сот шешімдеріне сәйкес 2013 жылдың 31 шілдесінде «ҚазГерМұнай» БК ЖШС ілеспе газды рұқсат етілген шамадан артық жағу салдарынан келтірілген нұқсан мемлекет пайдасына өндірілді.
Шахизат ҚАЛБЕРГЕНОВ,
«Оңтүстікқазжерқойнауы» Қызылорда аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы.

АҚПАРАТ 07 қараша 2013 г. 1 303 0