
Еліміз тәуелсіздік алды. Ұлттық салт-санамызға өзгеріс енді. Міне, 20 жылдан астам уақыттан бері еліміз ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара басшылығымен дамудың әлемдік өркениетті көшіне ілесті.
Бұл оқиға бүгінге дейін жадымыздан кеткен жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық алдымен ақша несие саясатындағы күрделі жағдаймен ұштасты. Көпшілікке мәлім, 1990-жылдардың өзінде-ақ Кеңес Одағында қаржылық дағдарыстың алғашқы белгілері біліне бастады. Бұл жүйе шын мәнінде күйзеліске ұшырады. Көп ұзамай Кеңес Одағы тарады. Ол онсыз да жағдайы күрделі ақша рыногындағы жағдайды ушықтырып жіберді. Қалай болғанда да елімізде тәуелсіз ақша несие саясатын жүргізу қажет болды. Бұл жұмыстың басы-қасында ұйтқысы ретінде Елбасы жүріп, орасан тірлік атқарды. Біз үшін ең алдымен күн сайын құнсызданған Ресей рублінен құтылу қажет болды. Құнсыз ақша Қазақстанның рыногына тоқтаусыз ағыла бастағаны соншалық, оны тоқтатудың бір жолы өз валютамызды енгізу болатын.
Сол жылдары ақшаның, дәлірек айтқанда, қолма-қол ақшаның болмауы тығырыққа тіреді. Барлық аудандарда банк кассаларына нақты ақшаның түсуінен, оның берілуі әлдеқайда артық болды. Ал нақты ақшаға қажеттілікті өз ақшамызбен қамтамасыз етпей, жағдайдың түзелмейтіні белгілі. Себебі, барлық нақты ақша орталық банк арқылы толықтырылып жатты. Жалақы, зейнетақы бірнеше айлап берілмеді. Ақша айналымындағы осындай күрделі жағдай ұдайы Президенттің, Yкіметтің бақылауында болды. Теңгені енгізер алдында, яғни, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер Кабинетінің қаулысы шығып, ол бойынша аудан орталықтарында және Қызылорда мен Байқоңыр қалаларында есеп айырысу кассалық орталықтары ашылды. Кейін ақша ауыстыру осы есеп айырысу кассалық орталықтары арқылы жүзеге асырылды. Ақыр соңында қалыптасқан жағдай теңгені енгізудің алғашқы алғышарттарын жасауға мәжбүрледі.
1993 жылғы 3 қараша күні сол кездегі Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасы Ғалым Байназаров өзіне барлық облыстардың басқарма басшыларын шақырды. Жиналыс барысында екі күн ішінде Жамбыл қаласынан бағалы қағаздарды жеткізіп алуымызды талап етті. Ұшақтар жалдап, 6 қараша күні сол бағалы қағаздарды жеткізіп, қабылдап алдық. Әрі қарай 2 күн ішінде әлгі бағалы қағаздарды аудандардағы есеп айырысу кассалық орталығына жеткізу қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстардың барысында қауіпсіздік шаралары барынша сақталды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер басқармасы тартылды.
1993 жылдың 14 қарашасы күні менің түнімен жұмыс орнымда отыруымды талап еткен жеделхат алдым. 15 қараша күні таң алдында қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері хат әкеліп берді. 15 қараша күні Ұлттық валюта енгізу туралы Президент Жарлығы жария етілді. Ұлттық банктің ақша айырбастау туралы ережесі бекітілді. Ережеде 15-17 қараша аралығында Ұлттық валюта мен Ресей рублі айналымда қатар жүріп, 18 қарашадан бастан Қазақстан Республикасы аумағында теңге заңды төлем құралы болып табылатыны, айырбасты 20 қараша күні кешкілік аяқтау қажеттігі айтылды. 500 Ресей рубліне 1 теңге арақатынасы бойынша айырбасталды. Осы жұмыстар өте қауырт жүргізілді. Банк қызметкерлері тынымсыз, өте ыждағатты жұмыс жүргізді. Сөйтіп, қарашаның 15-і мен желтоқсанның 12-сі аралығында қабылданған 23,6 млрд. рубль Жамбыл бөлімшесінің қоймасына жеткізілді.
Сонымен еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жаңа жауапты кезеңі басталды. Әрине, теңгенің енгізілуімен болған қиыншылықтар аз болған жоқ. Ақша құнсызданды. Инфляция шарықтады. Бірақ, осыған қарамастан, еліміздің экономикасы әлемдік қауымдастыққа осы қиындықтарды жеңе отырып, ене бастады.
Қазір теңге ұлттық мақтанышымызға айналды. Ол валюта рыногында еркін айырбас құқығына ие болды. Қазақстан экономикасы қарыштап дамып келеді. Бұл – біз үшін мақтаныш, еліміздің келешегі үшін сенім ұялататын үлкен мәртебе.
Ниязбек МАХАНЖАНОВ,
1993 жылғы Қазақстан Ұлттық банкі Қызылорда облыстық басқармасының бастығы, ҚР Ұлттық банктің еңбек сіңірген қызметкері.