“РУХАНИЯТ ЖӘНЕ ДӘСТҮР” АЙЛЫҒЫ

“РУХАНИЯТ  ЖӘНЕ ДӘСТҮР”  АЙЛЫҒЫ

Рухани келісім күніне орай Т.Жүргенов атындағы Шығармашылық үйінің коммуникациялар орталығында облыстық дін басқармасының басшысы Нұрхан Жәлиев БАҚ өкілдеріне сала бойынша атқарылған жұмыстар жайында әңгімеледі.

Дін мәселелерін мемлекеттік реттеу, тұрақтылықты сақтау және конфессияаралық қатынастарды нығайту бүгінгі күннің бас­ты мәселелері қатарында. Қазақ елінің кемел болашағының негізі ұлттық дәстүрді үйлесімді ұштастыра біліп, өскелең ұрпақты ата жо­лымен тәрбиелеу болып табылады. Осы орайда облыс әкімінің тап­сырмасына сәйкес 18 қазан мен 18 қараша аралығы "Руханият және дәстүр” айлығы болып жарияланып, онда атқарылатын жұ­мыстардың іс-шарасы бекітілді.

Ай бойында атқарылатын жоспарлы іс-шараларда мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге арнайы көңіл бөлінген. Мәселен, білім беру ұйымдарындағы дінтану негіздері пәні оқытушыларының білімін жетілдіру үшін семинарлар ұйымдастырылып, олардың біліктілігіне талдау жасалады. Өйткені, жоғары сынып оқушыларын болашақ өмірге дайындайтын осы пән мұғалімдері. 10-11 сынып оқушыларының қатысуымен арнайы бағдарлама бойынша тәрбие сағаттары өткізіліп, деректі фильмдер көрсетіледі. Одан төменгі сынып оқушыларына дін тақырыбында шығарма жаздыру, ақындардың өлең-жырларын мәнерлеп оқудан байқаулар ұйымдастыру жос­парлануда. Сондай-ақ айлық кезінде ағаш отырғызу рәсімі, діни ғибадат үйлері мен қорымдар мен бейіттерге сенбіліктер жасалады.

Аймақта құрамында теолог мамандары, білімді имамдары, мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар ақпараттық-насихаттық топ мүшелері жұмыс істейді. Мектеп директорларымен, медицина қызметкерлерімен, өзге де мамандық иелерімен семинарлар өткізілді. Имамдардың біліктілігін арттыру жұмыстары қолға алынды. Білікті мамандар ЖОО студенттері арасында жиі болып, бейнетаспалар, аудиотаспалар, интернет желісін кеңінен қолданады. Ондағы мақсат: жастарды түрлі діни ағымдардың ықпалынан қорғау және дәстүрлі дінді насихаттау. Өйткені, діні қуатты елдің іргесі қашан да берік болары хақ.

Басқарма басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
АҚПАРАТ 23 қазан 2014 г. 1 180 0