Азия ойындарының жүлдегерлерiне құрмет

Азия ойындарының жүлдегерлерiне құрметӨткен аптаның сенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жуырда Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында болған Азия ойындарынан жүлделі оралған қызылордалық спорт саңлақтары – Алмас Өтешов пен оның бапкері Илья Ильин, Қазақстан құрамасы сапында ойын көрсеткен қызылордалық гандболшы қыздардың бапкері Вячеслав Ким және оның шәкірттерін қабылдады.

Облыс әкімі спортшыларды толағай табыстарымен құттықтады. Өңірдің спорт саласы мен дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мемлекет басшысының қолдауы арқасында біздің аймақтың спортында үлкен серпілістер байқалуда. Биыл Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кенті мен Шаған ауылында спорт кешендері халықтың игілігіне берілді. Сондай-ақ, осы аудандағы Нағи Ілиясов ауылында стадион мен спорт кешені, Қазалы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің іргетасы қаланды. Оған қоса, Қызылорда қаласында бокс орталығы және ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында ипподром құрылыстары басталды. Және болашақта Сырдарияның сол жағалауынан 15 мың адамға арналған футбол стадионы, оның жанынан стандартқа сәйкес 6 футбол алаңы, «Қайсар» командасының базасы және футбол академиясын салу жоспарланып отыр. Кездесу соңында жүлдегер спортшыларға қаржылай сыйлық табыс етілдi.

Әділжан ҮМБЕТ.


АҚПАРАТ 21 қазан 2014 г. 753 0