« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте қызылмия өсімдігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Қызылмия фармацевтика саласында кең қолданылатыны белгілі. «Алтын тамыр» атанған өскіннің емдік қасиетін ертеден білетін тибеттіктер оны өкпе ауруына дәру ретінде қолданса, Қытай мен Үндістанда жүрек, өт жолдары, асқазан дертін емдейді. Батыс Еуропа елдері семіздіктен арылуға арналған қоспалар дайындауға пайдаланады. Әлемдік нарықта бұл өсімдікке сұраныс артып барады. Көптеген елдерде шикізат қоры азайған, кей елдерде сарқылған.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне қарағанда, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында қызылмия тамырын заңсыз жинаудың 39 дерегі тіркелген. Мал жайылымдарындағы өсімдікті техникамен қопарып, көпе-көрінеу әкетіп жатқандарды көрген тұрғындар дабыл қағуда. Шаруа қожалықтары әкімдіктерден алған шабындық, жайылымдық жер учаскелерін нысаналы мақсатқа пайдаланбай, қызылмия жинаушыларға рұқсат берген. Ал тамыр жинаушылар топырақ қабатын аяусыздықпен қопарып, табиғатқа зиян шектіруде.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Е.Бекжанов өсімдіктердің мемлекеттік кадастрына сәйкес аймақтағы мемлекеттік орман қоры жерінен жылына 3378 тонна қызылмия тамырын жинауға болатынын айтты. Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік орман қорынан тыс жерлерде қызылмия тамырын жинау тәртібі және олардың төлемақы ставкасы, жауапкершілігі көзделмеген.
Қызылмия тамырын ел аумағынан әкетуге уақытша тыйым салу туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленген. Бірақ қабылдануы кешіктіріліп жатыр.
Оңай олжа іздегендер инженерлік жүйеге келтірілген суармалы егістік танаптарындағы каналдар мен су қашыртқыларының бойын бүлдіруде. Мұның соңы топырақтың су және жел эрозиясына ұшырауына әкеп соғады. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ш.Қойшыбаев мия тамырын жинап заңсыз өткізуден түсетін түсім жерді мақсатсыз пайдаланғанға салынатын 25969 теңге айыппұл мөлшерінен әлдеқайда көп екенін айтты. Сондықтан жер пайдаланушылар айыппұлды төлеп, жерді басқа мақсатқа қолдануын жалғастырып отыр.
Мия тамырын өңдейтін Жалағаш пен Шиелідегі зауыттардың иелері қажетті жер телімдерін бірнеше мәрте қадағалаулар нәтижесінде алып отыр. Компаниялар өз сұраныстарын мияны егу арқылы қамтамасыз ету керек.
Мәжілісте Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Ж.Атымтаев қызылмия тамырын шетелдерге шығаруға тыйым салуға орай атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сарапшының сөзіне қарағанда бұл мәселенің біраз кешуілдейтін түрі бар. Осы орайда облыс әкімі уақытша тыйымды созбалаңға салу жағдайды күрделендіре түсетінін айтты.
Облыс прокуроры С.Нұрпейісов жер қойнауына зиян келтіріп, дәрілік өсімдікті рұқсатсыз жинаудағы заңсыздықтарға тосқауыл қоюдың заңдық нормаларына тоқталды. Ең алдымен жерді мақсатсыз пайдаланғандар ескертуден кейін де әрекетін жалғастырса, әкімдік оны сот арқылы қайтарып алуға құқылы. Қараша айында прокуротура қызметкерлері қызылмия тамырын заңсыз жинаушылар ісіне түпкілікті құқықтық баға беруге арналған үйлестіру кеңесін өткізбек.
Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы республика аумағынан қызылмия тамырын әкетуге тыйым салу туралы Үкімет қаулысының шығуына ұсыныс беру, құқық қорғау органдарымен бірлесіп іс-шаралар әзірлеу туралы тапсырма берді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |