ШИЕЛІНІҢ ШЫРАЙЛЫ КҮЗІ

Өткен аптаның сенбі, жексенбісінде Шиелі ауданының халқы «Алтын күз-2014» мерекесі аясында биылғы жылдың жиын-терімін қорытындылаған «Мәңгілік ел, киелі-өркендеген Шиелі» атты мерекелік шараны тойлады.

Жылда берекесі мен мерекесін қатар алып келетін бұл қуанышты күн қарсаңында Қоғалы ауылдық округіндегі №228 орта мектепке қоғам қайраткері Шәймерден Бәкіровтің есімі беріліп, оның алдына бюсі қойылса, келер күні аудан орталығының бір көшесіне халық жазушысы, академик Мұхамеджан Қаратаевтың атына көше берілу рәсімі салтанатты жағдайда атап өтілді.

Жоғарыда атап өткеніміздей атаулы шара «Мәңгілік ел, киелі-өркендеген Шиелі» деп айдар тағылғанындай, еліміздің мәңгілігін, оны мекен етуші халықтарының татулығын паш етуді жұртшылық жүрегіне жеткізумен бірге, осы өңірден тараған белгілі тұлғаларды жұртшылық есіне қайта салып, олардың өнегелі үлгісін құрмет тұтуға да арналды. Осы тұрғыда атап айтар болсақ, Сырдария өңірі қазақтарының Қоқан хандығына қарсы көтерілісінде белсенділігімен көзге түскен Тұрғанбай датқаның ерлігін, оның немересі кешегі зар заманның басты кейіпкері, өмір жолы тартысқа, күреске толы, Иманжүсіп Құтпанұлының ерлік жолын насихаттау еді. Тамырсыз өркен жайылмайтыны белгілі, міне, осы топырақтан өніп шыққан қоғам қайраткері Шәймерден Бәкіров, белгілі әдебиет сыншысы, академик, қазақ ғылымына өлшеусіз үн қосқан Мұхамеджан Қаратаев пен бұрын белгісіз болып келген сөз алыптарының еңбегін жарыққа шығарған, осы салаға тың түрен салған филология ғылымының докторы, профессор жерлесіміз Алма Қыраубаеваларды бүгінгі ұрпаққа кеңінен таныстыру, олардың өнегелі өмірін жұртшылыққа жеткізу барысында Шиелідегі той кең көлемде мерекеленді.

– «Елім деген азаматты сүйеді, Жерім десе ырыс-мекен киелі. Алтын күзің құтты болсын тағы да, Тұран тұғыр тұлпарларға Шиелі», деп той беташары шырқалар тұста ауданның орталық стадионы алдында халық батыры Иманжүсіп Құтпанұлының ескерткіші ашылып, оған арнайы салтанатты жиын өткізілді. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың кіріспе сөзінен соң осы шараға арнайы келген қадірлі меймандар сөз алды. Қоғам және мемлекет қайраткерлері Оңалбек Сәпиев, Әбдіжәлел Бәкіров және Абдулла Дәулетов пен Мұхит Смайлов, тағы басқа көрнекті тұлғалар ұлағатты тілек айтып, Иманжүсіп атамыздың ерлік істерін, ел үшін тер мен қан төккен батырлығын әдемі түсіндірді.

Орталық стадионда аудан басшысы өз баяндамасында биылғы ауыл шаруашылығы жылында 24 мың гектардан астам көлемде егілген түрлі дақылдардың өз мерзімінде жиналып, елдің игілігіне айналғандығын нақты цифрлармен келтірді. Күріштің әр гектарынан межеге сай өнім жиналса, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының да берекесі мол. Бұл орайда жекелеген ауылшаруашылық құрылымдары мен жеке қожалықтардың қосқан үлестері жетерлік. Әсіресе, Асқарбек Жұмаділ басқаратын «Ақмая» шаруа қожалығы көптеген кедергілерге қарамастан, қарауындағы мың гектар күріштің әр гектарынан орташа 45 центнерден өнім жинады. Сол секілді «Алтын дән - Шиелі» шаруа қожалығы да елеулі еңбек жасап, биіктен көріне білгендігін атап өткен жөн. «Алтын күз» мерекесінде жоғарыда аталған шаруашылықтармен бірге, көптеген еңбек озаттары аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және заттай сыйлықтармен марапатталды.

Осы күні ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өндірілген өнімдер арзан бағамен сатылды.

Мереке қарсаңында, «Жүректерге жыр толтырған тұлғалар» атты республикалық ақындар айтысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аудан орталығындағы «Салтанат сарайына» халық көп жиналды. Айтыстың жанашыры, белгілі қаламгер Жүрсін Ерманның өзі басшылық жасаған сөз өнері дүлдүлдерінің сайысында қазір Астанада оқитын шиелілік талантты айтыс ақыны Мейірбек Сұлтанхан бас жүлдеге тігілген 1 млн. теңгені иемденсе, бірінші орынға астаналық Әсем Ережепқызы көтерілді. Өзге жүлделі орындарды қарағандылық Мақсат Ақанов пен шиелілік Иранғайып Күзенбаевтар өзара бөлісті.

Орталық стадионда және Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда белгілі әншілер Лена Әбдіқалықова, Бауыржан Оспанов пен «Алаш ұландары» тобының концерті тамашаланды.

Күз айының шуақты күнінде өткізілген мереке халықты шаттыққа бөлеп, алдағы істерге жұмыла атсалысуына жігер берді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.


АҚПАРАТ 16 қазан 2014 г. 1 127 0