Өңірімізге ҚР Орыс православие шіркеуі митрополиттік округінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр келді. Құрметті мейманды облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова, Шымкент және Тараз архиепископы Елевферий, Қазан шіркеуінің Қызылордадағы протоиерейі Виталий Ивашинин күтіп алды. Екі күндік сапарында қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып үлгерген митрополит Александр облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Әлібаевтың қабылдауында болды.
Елімізде Православие өз ұстанушылары жағынан Исламнан кейінгі екінші діни конфессия болып табылады. Республика бойынша 271 православ діни бірлестігі тіркелсе, оның ішінде 261-і шіркеу, 9-ы епархия және республикалық бірлестік мәртебесіндегі митрополиттік округ. Бүгінгі таңда осындай әрқилы конфессияның өкілдері мен сан ұлттар мекен еткен Қазақстанда дінаралық өзара сыйластықтың игі дәстүрлері орнықты.
Қабылдау барысында Нұржан Әлібаев еліміздің қазіргі қарқынды даму мүмкіндіктері әрбір дінге бірдей көзқарас танытуға жағдай жасайтынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Сыр өңірінің тарихы тереңде жатқанын айта келе, киелі мекеннің Қазақстан мен Ресей арасын байланыстырушы орталыққа айналғанын мақтанышпен жеткізді. Өз кезегінде сөз алған құрметті қонақ Елбасының кемеңгер саясаты арқасында елімізде бейбітшілік пен тыныштық орнап отырғанын айтты. «Бізде шіркеулер, костелдер мен синагогалар қатар бой көтеруде. Елорда әлемдік діндердің диалогы өтетін танымал орталыққа айналды. Жақында Астанада Орталық Азиядағы ең ірі кафедралды собор ашылды. Ұлт басшысымен кездесуде біз әрқашан рухани жағынан үлкен күш аламыз. Ол кісі құстың екі қанатындай болған ислам және православ діндерінің кең қанат жаюына көп көңіл бөліп келеді», – деді Астана және Қазақстан митрополиті Александр.
Қабылдау соңында Н.Әлібаев меймандарға өңірдің символына айналған Байқоңыр ғарыш айлағы кешенінің макетін сыйға тартты. Қонақтар да әкелген кәделерін өңір басшыларына ұсынды.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.