МҮГЕДЕКТЕР ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Талсуат ауылындағы оңалту орталығында болып, онда­ғы мүмкіндігі шектеулі жандармен жүздесті.

Аталған кездесуге құзырлы мекеме басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдердің мүге­дектерді қолдау жөніндегі кеңес­шілері де қатысты.

Емен-жарқын қалыпта өткен жүздесуде аймақ басшысы Елбасы Жарлығымен жыл сайын қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күні ретінде атап өтілетінін, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі екендігіне тоқталды. Облыстағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша мақсатты жұмыстар атқарылып жатқаны айтылды. Бұл жүйелі жұмыстар 2013 жылы облыс әкімдігі бекіткен «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқанын атап өткеніміз жөн.

Бағдарлама бойынша медици­налық оңалтуды дамыту қа­рас­тырылған. Оның ішінде арнаулы медициналық-әлеуметтік мекемелер желісін дамыту көзделіп отыр. Екіншіден, әлеуметтік оңалтуды дамыту шеңберінде мүгедектердің тех­ни­калық көмекші құралдар алуына бөлінетін қаржы көлемін көбейту, сонымен бірге арнаулы әлеуметтік қыз­меттерді әрі қарай дамыту көзделеді.

Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын жүзеге асыру мақсатында жоғарыда аталған «Жол картасына» биыл өзгерістер енгізілді. Осылайша, бұл құжат осы жылдың наурыз айында жаңа редакцияда бекітіліп, оны жүзеге асыруға ел қазынасынан 7,6 млрд. теңге қаралды. Оның 5 млрд. теңгесі осы жылы бөлінсе, өзге 2,6 млрд. теңгесі келесі жылдың үлесінде. Айта кетейік, қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млрд. теңгеге артқан.

Бүгінгі таңда облыста тіркелген мүгедектігі бар жандардың саны – 26 мың. Аталған Жол картасында оларды жеке оңалту бағдарламалары әзірленген. Сонымен бірге, мүгедектігі бар жандарды жұмысқа орналастырудың іс-шара жоспары бектіліп, бірінші кезеңде 374 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Жалпы, жыл басынан бері 700-ге жуық мүгедек жұмысқа орналасқан. Бұған қоса, олардың әлеуметтік, көлік және инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалуда. Мәселен, барлық аудандарда «Әлеуметтік такси» қызмет етеді. Оны дамытуға 17,2 млн. теңге бөлініп отыр. Ал, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 45 мүгедек несие алыпты. Өткен жылы мүгедектерге арналған 7 аула клубы ашылса, биыл ғимараттардың пантусын талапқа сай орналастыру жұмыстары облыстың барлық аудандарында басталды.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


АҚПАРАТ 11 қазан 2014 г. 1 011 0