МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

№101 орта мектепте «Ел қанаты» қоғамдық қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен жоғары сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдарлау бойынша кездесу болып өтті. Шараның басты мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беру. Яғни, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар жайын сараптай отырып, оқушыларды қажетті мамандықтармен таныстыру. Бұл өз кезегінде елімізде кадрлар дайындауда жоғары білікті мамандардың қалыптасуына ықпалын тигізбек.

«Бұл кездесу оқушыларға көп ақпарат береді. Әрі мамандық таң­дағанда оң шешім қабылдауына септігін тигізбек. Қазіргі таңда бәріне белгілі болғандай заңгер, экономист секілді мамандықтарды жастарымыз көптеп оқиды. Бірақ олардың көбінің жұмысқа ор­на­ласу жағы қиындық туғызып жа­тады. Сон­дықтан оқушыларға елі­мізге қажетті, сұ­ра­нысқа ие маман­дықтар аясында ақпарат бе­ру­ді жөн деп есептеймін. Бұған дейін Батыс Қа­зақстан облысында болдық. Бүгін Қызылорда қаласының үш мектебінде осындай жиын өткізетін боламыз», – деді «Ел қанаты» қоғамдық қорының өкілі Гүлнар Мақатова.

Айта кету керек, биылғы жылдың сәуір-шілде айларында қоғамдық қор мектеп бітіруші оқушылардың ара­сында сауалнама жүргізген. Еліміз­дің 8 өңірінен 2000 оқушы қатысқан сау­алнама нәтижесінде мектеп тү­лектерінің төрттен үш бөлігі мектеп бітірісімен жоға­ры оқу орнына түсуді жоспарласа, 10,7 пайы­зы білімдерін жалғастырмаймыз деген қоры­тындыға келген. Мұндай зерттеу жұмыстары жұмыс берушілердің арасында да өткізілген. Қазақстандық жұмыс берушілердің көбі елімізде кадрлық жетіспеушілік жоқ деп есеп­тейді екен. Әсіресе, бұл мәселе Маңғыстау жә­не Ақтөбе облыстарында көп­теп байқалған. Әлеуметтік сауалға қатысушылар сұранысқа ие маман­дықтар ретінде инженер, мұғалім, дәрі­гер мен құрылысшы жәнемаркетолог мамандықтарын көрсеткен.

Жалпы жоғары сынып оқушылары үшін арнайы өткізілген жиында түлек­тер көкей­лерінде жүрген сауалдарын жолдап, өзекті ақ­паратпен қамтылды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

АҚПАРАТ 07 қазан 2014 г. 1 396 0