«Байқоңыр» командасына құрмет көрсетілді

Облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев «Байқоңыр» футбол клубын қабылдап, екінші лигада жеңіске жеткендері үшін марапаттады.

Федерация президенті екінші лиганың финалдық кезеңін жоғары дәрежеде өтуіне септігін тигізгендері үшін біршама азаматтарға облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 11-18 аралығында Қызылорда қаласында футболдан Қазақстан Республикасы екінші лигасының финалдық кезеңі өтті. Онда «Байқоңыр» футбол клубы қарсылас шақ келтірген жоқ. Топтық кезеңде төрт команданы тізерлетіп, бесіншісімен тең ойнаса, финалда оңтүстік қазақстандық «Шымкентті» 3:2 есебімен жеңген. Соның нәтижесінде 2015 жылғы футбол маусымына бірінші лиганың жолдамасын жеңіп алған еді. Бас бапкер Құттыбай Досманбетов пен команда футболшыларын арнайы дипломдармен марапаттаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев ойыншыларға дипломнан бөлек сыйақы табыстады. Өз кезегінде «Байқоңырдың» бас бапкері Құттыбай Досманбетов пен команда капитаны Асқат Қарабек көрсетіліп жатқан көмектер үшін облыс әкіміне алғыстарын білдірді.

Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.

АҚПАРАТ 07 қазан 2014 г. 819 0