« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
– Бағлан, тоғызқұмалақ ойынының электрондық бағдарламасын жасау идеясы қалай туындады?
– Өткен жылы тамыз мәслихатының көрмесінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мен жасаған «Шахмат үйрену» әліппесімен танысып, «Тоғызқұмалақ ойынын жасай аласың ба?» деген ой салды. Бұл маған берілген тапсырмадай болды. Сол кезде мен «жасап беремін» деп уәде бердім. Киіз үй сияқты ұлттық элементтерді қосу үшін мықты компьютер керек болды. Өйткені, 3DS MAX бағдарламасын біз қолданып жүрген кеңсе компьютерлері көтере алмайтын еді.
Сәтін салып «Самғау» сыйлығын жеңіп алдым. Одан түскен қаржыға ата-анам қаржы қосып, қаладағы ең мықты деген жүйелік блокты (процессор) сатып алып берді. Сол арқылы тоғызқұмалақтың электрондық бағдарламасын жасадым. Осы бағдарламамен Халықаралық «INFOMATRIX ASIA & PASIFIC» ғылыми жобасына тіркеліп, күміс медаль иегері атандым. Бұл үлкен халықаралық жарысқа Азия және Тынық мұхит аймағынан 25 мемлекет қатысып (Гонконг, Филиппин, Қытай, Ирак, Сомали, т.б. ), 220 оқушы бақтарын сынаған болатын.
Биылғы жылдың 25-мамырында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болып, тоғызқұмалақ ойынының электрондық бағдарламасымен таныстырдым. Облыс басшысы батасын беріп, алдағы жобаларыма сәттілік тіледі.
– Ойын бағдарламасын патенттеп алдың ба?
– Бұл жағынан әлі ізденіп жатырмын. Облыс әкімі кездескен кезде білім басқармасы басшысына бұл жобаны патенттеуді тапсырған болатын. Сол жүзеге асқан уақытта жаңа бағдарлама арқылы кез келген адам әлемнің қай түкпірінде отырса да, ойынның ережесі мен тарихын өз бетінше танысып, үйрене алады. Мысалы, шри-ланкалықтар интеллектуалды олинда калия деген ұлттық ойынын интернет арқылы жедел дамытып жатыр. Ал тоғызқұмалақ әлемдегі интеллектуалдық ойындардың ішіндегі озығы, тіпті төресі деуге болады. Сондықтан бізге де бұл электронды ойынды қазірден де жетілдіру керек деп есептеймін. Менің жасағаным әзірге үйрету бағдарламасы, болашақта ойынын жасауға да кірісемін.
– Алдағы уақытта қандай жобаларды қолға алып, жүзеге асырғың келеді?
– Қазақтың аңыз-ертегілері мен батырлар жырының желісімен мультфильмдер жасағым келеді. Қазір сол туралы жан-жақты ізденіп жатырмын. Еуропа елдерінде болатын ғылыми жобаларға қатысу жоспарда бар. Мақсатым Абайдың «Ескендір» поэмасын анимациялық мультфильмге айналдырғым келеді. Поэмада ақын Аристотельге Ескендірді бағындырып, жауыздықты әділетке жеңгізеді. Міне, осыны көрсеткім келеді.
– Мұндай мақсатқа сені не жетеледі?
– Мультфильмдер – ертеңгі ел басқаратын, елімізді алға апаратын жас ұрпақты тәрбиелеуші негізгі құрал. Жас балалар батылдықты, елжандылықты, адалдықты, ерлікті, тапқырлықты, бәрін, бәрін кішкене күннен бастап өздерінің жүрегіне жол тартып, санасында өркен жаятын мультфильмдерден іздейді. Мультфильмдердегі кейіпкерлерге ұқсап баққысы келетін балалар өмірдегі адалдық пен ерлікке құштар болады. Мен де бала күнімнен бастап осындай мультфильмдер көріп, арманым мен қиялымды сол арқылы дамытып келдім. Өкінішке қарай, кішкентайымыздан «Өрмекші адам», «Супермен» сияқты кейіпкерлерге еліктеп өстік. Қазіргі күні ол туындылардың терең мағынасы жоқ, тек анимациялық тұрғыда шебер жасалғанын түсіне бастадым. Енді менен кейінгілер өзгенің дүниесіне телмірмесе деймін.
– Сонда аниматор болғың келеді ғой?
– Кішкентай кезімде мультфильмді көріп болған соң, қолыма қайшы, қағаз алып сол мультфильмдегі кейіпкерлерді қолдан жасап, бөлме есігін жауып алып, қағаздағы «батырларды» бір-бірімен шайқастырып, рахаттанып ойын қызығына бататынмын. Әкем болса, есіктен сығалайды да менің ойынымды бұзбай, жаймен жауап қоятын.
Бірде әкем үйге бір қорап көтеріп келді. «Мына компьютерді сен үшін сатып алдым, балам. Тек жапон ғана емес, Қазақ мультфильмі арқылы қиялыңды дамытып, болашақта Қазақ мультипликациясын бүкіл әлемге танытатын атақты аниматор бол» деді.
Менің болашаққа деген арман, мақсатым осылай қалыптасты.
– Бәрекелді! «Ізденген жетер мұратқа» демекші, қазақтың өз «Нарутосын», «Кун-фу пандасын» шығару үшін кәсіби тұрғыда өзіңді шыңдау керек емес пе? Өзің айтқан 3DS MAX бағдарламасын терең меңгеру қажет. Бұл жағы қалай болып жатыр?
– Компьютерлік шеберлігімді шыңдап жатырмын. 7-сыныптан бастап бүкіл 3d графика әлемін жасаудың кілті болып табылатын 3DS MAX бағдарламасын өз бетімше үйрене бастадым. Сол арқылы 2012 жылы 9-сыныпта облыстық олимпиадада 3DS MAX бағдарламасында анимация құру тақырыбында (бағыты экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу) жеңімпаз атансам, сол жылы Павлодар қаласында өткен республикалық жарыста 2-ші орынды жеңіп алдым.
Одан соң «Шахмат үйренудің» қысқа анимациялық бейнеролигін жасадым.
Осы арқылы 2013 жылы 3DS MAX бағдарламасында шахмат ойынын анимациялауда Қызылорда қаласының «Самғау» жастар сыйлығының иегері атандым.
Жалпы, бүгінде біздің елде қазақы құндылықты дәріптейтін «Сақ Жебе» студиясының «Қошқар мен Теке», одан басқа да Алдар көсе жайлы мультфильмдер шығарылуда. «Жебе» студиясының мультфильмдері сапалы, бірақ олар ескі технологиямен жұмыс істейді. Ал Краус Артур «Алдар көсесі» ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп жасаған. Кейіпкерлерінің жүріс-тұрысы ебедейсіз, бет-жүзінде эмоция жоқ. Былайша айтқанда, көп күш жұмсамай шығара салғаны байқалып тұр.
Біздің еліміз ұлттық құндылықтарды сақтаймын десе, Америка, Ресей, Жапония секілді елдермен теңесетіндей мультфильм индустриясын дамыту керек. Қазір соған іштей әзірленіп жүрмін. Ол үшін 3DS MAX бағдарламасына қажетті физика, математика пәндерін терең меңгеруім керек. Сонымен қатар қазақ әдебиетіндегі көркем шығармаларды көп оқып, бойыма ұлттық құндылықтарды сіңіргім келеді.
– Қазір немен айналысып жүрсің?
– Қазір мен №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ғимаратының виртуалды нұсқасын жасаудамын. «Білім берудегі физикалық объектілерді үш өлшемді имитациялық модельдеу (астрономия, физика кабинетінің мысалында)» тақырыбында жаңа жоба дайындап жатырмын.
Әрқашанда білім мен біліктілік, шеберлік үшін төккен терімнің зая кетпейтініне, келешек мультипликация саласында Қазақстанның абыройын арттыратынына сенемін.
– Сенімің де, кәсіби шеберлігің де арта берсін! Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан Дәурен ОМАРОВ.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |