« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Қазір әлемде тұрмыстық, өндірістік қалдықтар мәселесі үлкен проблемаға айналғаны белгілі. Солардың арасында автокөліктердің мыңдаған, миллиондаған ескі доңғалақтарын қайта өңдеу мәселесі де бар. Міне, Германияда осы мәселе жақсы шешімін тапқан деуге болады. Жарамсыз көлік доңғалақтарын механикалық қайта өңдеу арқылы белсенді резеңке түйіршіктері, ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданысқа ие, жерасты суландыру технологиясына аса қажетті «Smart Drob» түтікшелері шығарылады. «Smart rubber». Қазақшасы – «ақылды резеңке».
Механикалық қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған резеңке ұнтақтары ойын-сауық алаңдарын дайындауға тиімді, ал белсендірілген түрін битумға араластырса, асфальтты жолдың сапасын жақсартады дейді өз кезегінде директордың орынбасары Елдар Шаймағамбетов. Мамандармен әңгіме барысында өндірістің мұндай түрі басқа елдерде кездескенмен, жерасты суландыруға арналған резеңке түтіктер дайындау тек Германияда ғана қолға алынғанын білдік. Міне, осындай жолмен пайда болған өнімдерді алыс елдерге тасымалдағанша сол жаққа жақын жақтан зауыт ашуды жөн деп есептепті неміс мамандары. Таңдау Қазақстанға түсіпті. Жан-жақты елеп-екшейтін немістер Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасындағы ең саяси тұрақты, инвестиция салуға қолайлы, сауатты мамандары жеткілікті ел екендігімен қоса, Қытайға, Ауғанстанға, Иран мен Иракка жақын жатқанын ескерген.
Германияның «Water Future Systems» компаниясымен «Қазкаучук» ЖШС арасында байланыс орнатылып, Қазақстанға осы технология келген еді. Ал Қызылордадағы зауыттың құрылтайшыларының бірі жергілікті «Дорстройсервис» серіктестігі. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда қаласында құны 500 млн. теңгелік «Тозған автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығару өндірісін ұйымдастыру» жобасы қолға алынып, зауыт дүниеге келді. Оның ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Smart Rubber» ЖШС құрылтайшысы Герхард Фридел зауыттың тетігін басып, өндірісті іске қосқан еді.
Бижан Жанамқұлов қанатқақты жобаның әл-ауқатын, тиімділігін баян етті.
– Біздің зауыт «Дорстройсервис» және «Казкаучук» компанияларының қаржы құюымен осы жылдың басында ғана ашылды. Басты мақсатымыз – қоршаған ортаны ескірген, тозған көлік доңғалақтарынан, яғни қоқыстан тазарту. Шиналарды қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары өндіріледі. Оларды ойын алаңдарын, жүгіретін алаңдарды жабдықтауға пайдаланады. Белсендірілген түрін битуммен араластырса, одан асфальтты жолдың сапасы жақсарады. Сондай-ақ тамшылатып суару әдісінде қолданылатын жерасты суару түтігін шығарамыз. Қазіргі уақытта зауытта 21 адам жұмыс істеп жатыр. Оның 15-і «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданған. Негізі, зауыт толық қуаттылығымен жұмыс жасағанда, жылына 1,5 мың тонна ескірген дөңгелектерді қайта өңдейді. 270 тонна резеңке ұнтағы, 440 тонна белсендірілген резеңке ұнтағы, 3,9 млн. шаршы метр жерасты тамшылатып суару түтікшелерін шығаруға қауқарлы. Бұл көрсеткіштерді басқаша саралауға болады. 270 тонна резеңке ұнтақпен 7500-17500 шаршы метр спорттық және балалар ойын алаңдарына немесе 4 футбол алаңына тиісті төсеме төсей алады. 440 тонна резеңке ұнтағы 1700 шаршы метрлік резиналық асфальт-бетон немесе 2,8 километр автожолға жарайды. 3,9 млн. шаршы метр жерасты суару түтігін шығару – 180-200 гектар жерді тамшылатып суғару деген сөз. ТМД-да теңдесі жоқ зауыттың ерекшелігін екшелесек, біріншіден, ауыл шаруашылығына қажетті суды 70 пайыз үнемдейді. Екіншіден, арықпен келетін ағынды судағыдай бактериялардың көбеюіне жол бермейді. Үшіншіден, су буланбайды. Жердің төменгі қабатымен жүріп, топырақтың ылғалдылығын сақтайды. Төртіншіден, сұйық қоспаларды тікелей тамырға жеткізеді. Бұл жер қыртысының құнарлылығын арттырып, арам шөптерге қарсы әсер етеді. Жер қыртысы бүлінбейді. Оның қызметіне салқын, ыстық, батпақ дегендер кедергі емес. 15 жылға дейін кепілдік бере аламыз. 0,6 атмосфералық қысымда суды өз деңгейінде тамшылата алады. Зауыт «жасыл экономика» қағидасына негізделген.
Өйткені жұмыс технологиясында ешқандай химиялық қоспа қосылмайды. Өңдеу процесі жарамсыз өнімдерді механикалық майдалау арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ деп бағаланып отыр.
Зауыттың жобалық құны 500 млн. теңге екенін айттық. Ал енді аталған қаржының осы көлемнен артық жұмсалмауында Бижан мен Елдардың тікелей еңбегі жатыр деген еді «Дорстройсервис» ЖШС директоры Мұрат Тілеулиев. Мәселенің мәнісі мынада. Жоғарыда аталған өнімдер алу үшін ескі доңғалақтар үш технологиялық желіден өтуі тиіс. Оның алғашқысы, доңғалақтарды турап, майдалайтын қондырғылар желісі. Қаржы үнемдеу үшін немістер осы қондырғыны Қытайда жасатуға рұқсат береді. Өйткені, ескі шиналарды турап майдалайтын қондырғылар әр елде бар. Солардың бірі Қытай мемлекеті және ол жаққа берген тапсырыс та, жеткізу де арзанға түсетін еді. Міне, осы қондырғыны жасату барысында аспанасты еліндегі зауытта Бижан мен Елдар басынан аяғына дейін жүрді.Қытайлық мамандар көрсеткен қондырғылардың жарамайтынын біздің жігіттер бірден мәлімдеді. Себебі, олар тозған шиналарды 1,3-2,4 фракция аралығында ғана майдалай алатын. Ал немістердікі 0,1 фракцияға дейін майдалайды. Қытай зауытының мамандары Түркияның Эскишехир Осман газы университетінің түлегі, машина жасау инженері, әрі бұған дейін тозған шиналарды қайта өңдейтін зауытта тәжірибе жинақтаған Б.Жанамқұлов не айтса соны орындады. Осылайша, сапасы германиялық қондырғыдан кем түспейтін қондырғы дүниеге келуіне себепкер болды. Нәтижесінде, құны 1 млн. долларлық қондырғы үшін бұл соманың жартысы ғана шығындалды.
Айтары жоқ, мұндай индустриалды-инновациялық жобаны жүзеге асырудың Сыр өңірі үшін маңызы зор. Өйткені аймақ өндірісінің 93,4 пайызы мұнай мен газдың, сондай-ақ уранның үлесінде. Ендеше, экономиканы әртараптандырып, «жасыл экономика» принциптеріне толық жауап бере алатын белсенді экономика қалыптастырудың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Зауыттың тағы бір ерекшелігі, бұл – инновациялық жоба.Әзірге зауыт жобалық қуатының 50 пайыздай көлемінде жұмыс істеуде. Келесі жылы оны 80 пайыздық деңгейге көтеру межесі тұр. Ал одан кейін кәсіпорын басшылығы шетел нарығына да шығып, облыстың атын паш ететіндеріне сенімді.
– Қызылордада үздік тауарлар көрме-конкурсы өтіп, сонда «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар номинациясы бойынша» полиэтилен құбырлар мен бұйымдар өндірісінде біздің ұжым І дәрежелі жеңімпаз боп танылды. Бұл да халықтың біздің еңбегімізді елегенін, мұндай жаңаша жобалардың қоғамға қажеттігін көрсетсе керек, – дейді Елдар сөзін жалғастырып –автопарктер, үлкен жол фирмалары, жер қойнауын пайдаланушы мекемелер автокөліктердің ескірген доңғалақтарын осы салада мамандандырылған кәсіпорындарға тапсыруы тиіс. Біз біраз мекемемен келісімшарт жасасқанбыз. Олар ескірген шиналарды өткізіп жатыр.
Ал қарапайым халық әдетте доңғалақтарды моншада, ашық алаңдарда өртеп, жойып жібереді. Табиғат пайдаланушы жергілікті кейбір жеке және заңды тұлғалар тұрмыстық және коммуналдық қалдықтарды дұрыс кәдеге жаратпайды. Соның салдарынан қоршаған орта айтарлықтай зиян шегуде. Атмосфераға диоксин, бензол, никель, хлор, сутегі, мырыш, хром секілді адам ағзасына зиянды химикаттар бөлінеді. Экологиялық кодексте бұған тыйым салынған. Ал талап бұзылған жағдайда қомақты айыппұл салынады. Кейбір адамдар жарамсыз шиналарды айдалаға апарып лақтыра салады. Оны мекендеген кеміргіш жәндіктер ұшу арқылы адамдарға ауру таратады. Экологиялық кодекс бойынша қалдықтарды талапқа сай қолдану керек. Жаңа зауыт қоршаған ортаға еш зиянсыз негізде жұмыс істейді. Ескірген көлік доңғалақтарын тегін қабылдап, оны қайта өңдеу арқылы жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетуге дайын.
Зауыттың өнімдеріне әсіресе жылыжай шаруашылығымен айналысатындардың қызығушылығы жоғары болып отыр. Онан бөлек басқа облыстардан да тапсырыстар түсуде. Солардың қатарында Астанадан 3 млн. шаршы метр түтікшеге түскен тапсырыс та бар. Бижан Серікұлы мен Елдар Әмірбекұлы қазіргі күні Астанадағы Ақорда маңы өздері басқарып отырған зауыт шығарған суғару түтіктері арқылы жап-жасыл болып, жайқалып тұрғанын мақтанышпен жеткізді. Иә, мақтануға тұратын жайт. Өйткені, Қызылордадан шыққан өндірістік бұйымдар Тәуелсіз еліміздің басты ордасында кәдеге жарап жатыр.
Сонымен, жыл басында бастау алған жаңа өндірістің аймағымыз үшін алар орны ерекше болмақ, ол өңір экономикасының ілгерілеуіне өзіндік серпін қосып, ел игілігіне қызмет ететін болады.
Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |