«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ЕЛ ИГІЛІГІНІҢ БАСТАУЫ БОЛУЫ ТИІС

Кеше Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның трансформация форумына қатысты. 

Форумға Қазақстанның мемлекеттік органдарының, халықаралық қаржы институттарының, соның ішінде ЕҚДБ және ЭЫДҰ, қазақстандық қорға ұқсас Temasek, Khazanah, Korean Investment Corporation, Qatar Investment Authority секілді шетелдік қорлардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қор мемлекеттің мұнай-газ және атом өнеркәсібіндегі, энергетика, көлік және коммуникациялардағы ірі активтерін біріктіретіндігіне тоқталды.

– Қордың жиынтық активі республикамыздың ІЖӨ-нің жартысына тең. Соңғы үш жылда Қор компаниялары бюджетке 2,5 триллион теңге аударды. «Самұрық-Қазына» еліміздегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады, онда 350 мыңнан астам адам жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» қоры – іс жүзінде екінші Ұлттық қор. Онда елдің байлығы шоғырланған, ол біздің қазіргі және болашақтағы игілігіміздің көзі болып саналады. Елдің әрі қарайғы дамуы да трансформация бағдарламасын қалай орындайтынымызға байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы 5 жылдан кейін Қордың үш компаниясы әлемдегі ірі компаниялардың Fortune-500 тізіміне кіру керектігі жөнінде міндет қойды.

– Қазір бұл рейтингке негізінен түсімдері 5-тен 500 миллиард долларға дейін құрайтын батыс компаниялары кіреді. Сонымен бірге кейінгі кездері азиялық компаниялардың үлесі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2003 пен 2014 жыл аралығында қытайлық компаниялардың саны 8-ден 95-ке дейін өсті, ал CNPC мемлекеттік мұнай корпорациясы алғашқы бестікке кірді. Сондай-ақ тізімде ресейлік 8 компания бар.Түсім мөлшері жөнінен Қордың кемінде екі компаниясы – «ҚазМұнайГаз» және «ҚТЖ» аталған тізімге әлден-ақ кіре алады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

– Біз шетелдік стратегиялық серіктес тартқан «Эйр-Астана» ғана қазіргі кезде жаһандық нарықта лайықты бақталас бола алады. Тек сол ғана әлемдік бәсекелес-компанияларға қарағанда, капиталды пайдалану тиімділігін жоғары деңгейде көрсетіп отыр.

– Қордың «Назарбаев Университет» базасында құрылған ғылыми-зерттеу орталығы – алғашқы қадам ғана. Компаниялардың өзінде зерттеу зертханаларын қалыптастырып, жетекші ғалымдар мен ғылыми орталықтарды тарту керек. Қор компанияларының зерттеулер мен әзірленімдерге шығыстары болашақта он есе ұлғаюы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырудың, оған қазақстандықтарды барынша көп тарту қажеттігін атап өтті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев трансформация бағдарлама­сының басталуы ел үшін маңызды оқиға екенін, оның қатаң бақылауда болуы тиістігін айтты.

Форум барысында сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев баяндама жасап, трансформация бағдарламасы бір-бірімен байланысты бірнеше мақсатты көздейтінін атап өтті.

Сондай-ақ, Маккензи консалтингтік компаниясының басшысы Д.Бартон, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Р.Эванс, трансформация саласындағы әлемдік деңгейдегі сарапшы, Адизес институтының директоры И.Адизес жәнеНью-Йорк университетінің экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Н.Рубини Қорды трансформациялау бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді бағыттарына қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

АҚПАРАТ 07 қазан 2014 г. 776 0