26 қыркүйек күні таңғы сағат 3:55-те Шиелі кентіндегі
букмекерлік кеңсенің кассир-операторы аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісіне
қоңырау соққан. Оның айтуынша, сол түні 2 сағат 40 минут шамасында бетперде
киіп, шолақ мылтықпен қаруланған белгісіз азамат шабуыл жасаған. Сөйтіп
кассадағы 322 мың теңгені қалтаға басып, ізін жасырған.
Бұл хабарлама бойынша бөлім басшылығының басқаруымен
жеке құрам бірнеше бағытта жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Көп ұзамай
тәртіп сақшыларының тұзағына түсіп, қашуға мүмкіндігі қалмаған күдікті
өзін-өзі атпақшы болған. Алайда, полиция қызметкерлері арнайы тәсілдерді
қолдану арқылы оны қарусыздандырып, құрықтап үлгірді. Тексеру барысында одан
оқталған шолақ мылтық пен бірнеше түйір оқтар, қара түсті бетперде мен букмекерлік
кеңседен қарақшылықпен қымқырған ақша айғақ зат ретінде алынған.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің
хабарлағанындай, қазіргі таңда қарақшыға қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол
Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау абақтысына
оқшауландырылыпты. Енді қару асынған батырың 5 жылдан 10 жылға дейін бас
бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.