Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық соты өткен сәрсенбіде жұртшылықты шулатқан қылмыстық іске нүкте
қойды. Бұл іс бойынша құқық қорғау органдарында басшы болған бұрынғы тәртіп
сақшысына қарамағындағы қызметкерін өлтірді деген айып тағылған болатын.
Таратып айтар болсақ, төрт адамға қатысты 26 том
құраған қылмыстық істе Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы ювенальді полиция
бөлімінің бұрынғы бастығы Берікбол Шиманов негізгі айыпталушы саналса, Талғат
Әлиев, Уәлихан Сыздықов және Алданбек Орынбасар оның айтқанынан шықпайтын
сыбайластары болған. Оларға адам өлтіру, алаяқтық, қаруды заңсыз алып жүру, бөтеннің мүлкін
қасақана бүлдіру, құжаттар мен мөрлерді ұрлау, қызметтегі әрекетсіздік, қылмыс
туралы хабарламау айыптары тағылған.
Естеріңізде болса, кәмелетке толмағандар ісі
жөніндегі бөлім инспекторы Нұрбек Шөменов биылғы қаңтар айының соңында
із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Сол кезде оның туыстары құқық қорғау органдарына
шағымданып, алдын ала тексеру барысында мерт болған полицейдің бұрынғы бастығы
Берікбол Шиманов күдікті деп танылды.
Расында да, ол қызметкерін өлтіргенін мойындап,
марқұмның мәйіті көмілген орынды көрсетіп берген. Мұның бәрі басшының
Нұрбектен еліміздің тәуелсіздік мерекесінде алған сыйақысынан 40 мың теңге
беруін талап етуден басталған. Бірақ бастығының бұл талабынан бас тартқан
инспектор ол туралы облыстық ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік
басқармасына шағымданады.
Осыдан кейін қарауындағы қызметкеріне кектенген
Шиманов Нұрбекті оққа байлап, көлігін өртеп жібереді.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының судьясы Асхат Сабыров елді жаға ұстатқан қылмыстық
істің ақырғы нүктесін қойды. Аталмыш сот баспасөз қызметінің хабарлағанындай,
үстіміздегі жылғы 24 қыркүйектегі сот үкімімен Қылмыстық кодекстің бес
бірдей бабы бойынша кінәлі деп танылған Берікбол Шимановтың мүлкі тәркіленіп,
24 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында
өтейтін болады. Сондай-ақ, екінші айыпталушы Талғат Әлиевтің де жазасын қатаң
режимдегі түзеу колониясында өтеуіне тура келеді. Ол 18 жылға бас
бостандығынан айырылды. Ал қылмыс туралы хабарламаған сотталушылар Уәлихан
Сыздықов пен Алданбек Орынбасар бір-бір жылдан арқалады.
Б.СМАЙЫЛҰЛЫ.