КӘСІПКЕР МӘСЕЛЕСІН КЕШІКТІРМЕЙ ШЕШКЕН ДҰРЫС

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәсіп­керлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда өткен кеңес отырысында талқыланған аймақта қолға алынған басым бағыттағы инвестициялық жобалардың жүзе­ге асырылу барысы қаралды.

Ол туралы облыстық кәсіпкер­лік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов баяндады. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, өткен басқосуда бес жобаның мәселелері талқыланып, оған қоса «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойында сервистік қызмет көрсету орталықтарын салу бойынша инвесторлар тарту жөнінде тапсырмалар жүктелген еді. Осы орайда ол нақтыланған жобалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Т.Сүлейменов қазіргі таңда барлық жобалар бойынша тиісті шаралардың жүзеге асырылып жатқанын, басым бөлігі банктің қорытындысын күтіп отырса, қалғаны жергілікті атқарушы органдардың шешіміне тіреліп тұрғанын алға тартты. Мәселен, Қармақшы ауданында «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар» қоғамдық бірлестігінің «Тоқыма өнімдерін өндіретін орта­лық ашу» жобасына байланыс­ты­ қа­зіргі уақытта коммуналдық мен­шіктегі аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жанынан ашылған «Туған ел кел­беті» ЖШС-ның ғимараты қа­рас­тырылған болатын. «Туған ел келбеті» ЖШС-н бұрынғы Жоса­лы кентінде орналасқан полиция тірек пунктінің ғимаратына кө­шіру көзделуде. Аталған серік­тес­тік сол жерге көшкен соң, заң талаптарын сақтай отырып, ол ғимаратты «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар» қоғамдық бірлестігіне беру жоспарлануда. Мұндай жағдай жеке кәсіпкер Қарлығаш Ілиясованың жобасына да қатысты орын алып отыр. Ол өзінің «Қызылорда қаласында қолөнер шеберлерінің орталығын ашу» жобасына Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінен орын сұрайды. Осы орайда басқарма басшысы Тасбөгет кентінде екіқабатты ғимараттардың бірінде бос аумақтың табылып тұрғанын айтады. Ендігі кесімді сөз қала әкімінің шешімінде болып тұр.

Кеңес отырысын қорытын­ды­лаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тиісті сала басшыларына жобаларға қатысты туын­даған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Айнұр БАТТАЛОВА.


АҚПАРАТ 18 қыркүйек 2014 г. 667 0