« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
«Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында ұйымдастырылған баспасөз-туры барысында ақпарат құралдары өкілдері Сырдария ауданында болған еді.
Алғашқы аялдама туристерге арналған «Ғажайып әлем» демалыс аймағы болды. Ол облыс орталығынан жиырма шақырымдай қашықтықта жатқан Иіркөл жағасында орналасқан. ЖК директоры Светлана Когай бұған дейін гүл бизнесімен айналысқанын жеткізді.
– Бизнес түрін ауыстырып, өзге бір ерекше іспен айналысқанды жаным қалады. Жыл сайын жаз айларында Қапшағайға, Қамбашқа, Ыстық көлге барып демалып қайтып жүрдім. Осындай сапарлардан кейін біздің қаламызда да сол жақтағыларға ұқсас демалыс орнын неге ұйымдастырмасқа деген ой келді, – дейді бұл туралы Светлана бізбен әңгімесінде.
Жұмысты бастардың алдында кәсіпкер аймақты тазартып алады. Осыдан соң жағалауға арнайы қызыл түсті құм жеткізіп, жағалаудағы су түбін тереңдетті. Демалыс аймағында бес киіз үй және бес сәкі орналастырылған. Одан бөлек, жоғары деңгейде қызмет көрсететін арнайы номерлер бар. Балық аулайтын тоған ұйымдастырылып қойылған. Мұнда суда қайықпен серуендеуге, жағалауда тоспадоп ойнауға болады. Бұл жаққа қаланың у-шуынан тыныққысы келген қызылордалықтар отбасымен, ұжыммен келіп демалып қайтып жүр.
– Мұндай жобаны жүзеге асыру үшін мен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңгелік грант алдым, – дейді С.Когай, – бұл кәсіпкерлер үшін тиімді бағдарлама. Пайыздық ставкасы төмен – жылдық өсімі алты пайыз ғана. Осындай қолдау жасап отырғаны үшін мемлекетке рахмет айтамын.
Журналистер осыдан кейін келесі нысанда – Қайрат Қаниев басқарған «Қайрат» несие қауымдастығының шаруа қожалығында болды. Шаруашылық дарияның ескі арнасының суы қоршап жатқан аралда орналасқан. Табиғаты көркем аймақ қалың тоғайларымен, тораңғылдар өскен алқаптарымен ерекшеленеді. Мұнда жабайы аңдар да жеткілікті.
– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының арқасында «Байқоңыр» ӘКК және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалының шағын несиелендіру жөнінде ұйымдастырған конкурсын ұтып алдық, – дейді Қанат Қаниев, – 22 миллион теңге көлемінде несие алдық. Жеңілдік мерзімі он сегіз ай, әр тоқсан сайын төлем жасап тұрамыз. Малмен айналысуды әкемнен үйренгенмін. Сондықтан, қауымдастық мүшелері шаруашылық тізгінін маған сеніп ұстатты. Несиеге алған қаржыға қырық мүйізді ірі қара малын және қырық жылқы сатып алдық. Сүт, ет секілді өнімдерімізді Қызылордадағы сауда орындарына өткіземіз. Келесі жылы сүт цехын ашуды жоспарлап отырмыз, мұның өзі жаңа жұмыс орындары екені белгілі.
Ақпарат құралдары өкілдері болған соңғы нысан жас фермер жетекшілік жасайтын «Жетіқазына-Бесарық» несие қауымдастығының фермерлік шаруашылығы болды. Шаруашылық Бесарық ауылы аймағында орналасқан. Қ.Мухимов «Байқоңыр» ӘКК арқылы 40 миллион теңге несие алғанын айтты. Содан кейін әрқайсысы бес келі тартатын «Кучинский», «Орловский» және «Первомай» тұқымындағы 1500 тауық сатып алған. Алматы облысынан атақты Знаменск сүт тұқымды елу ешкі алдыртқан. Шаруашылықта одан бөлек жылқы үйірі, отыз сиыр және отыз бұқа бар. Өнімдерін қаладағы базарларға өткізеді. Тапсырыс берген үйлерге жеткізіп беруді жолға қойған. Фермерлер мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Шұжық цехын ашу жоспарлары бар. Шаруашылық жетекшісі мемлекеттік қолдаудың арқасында ойлаған жоспарлары жүзеге асып жатқанын айтады. Енді тек жалқауланбай жұмыс істеу керек дейді. Қазір шаруашылықта он жеті адам жұмыспен қамтылған, шұжық цехы ашылуымен тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады.
Баспасөз-туры соңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Нұрлан Аманханов бағдарламаның басты мақсаты тұрғындарды жаңа мамандықтарға оқыту мен жұмыспен қамту, жаңа кәсіптерін ашуға және оны дамытуға қолдау көрсету, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу екенін жеткізді. Ол жаңадан жұмыс бастап жатқан бизнес өкілдерінің жобаларын қаржыландыру мәселелері шешіліп жатқанын атап өтті.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |