САЛЫҚ САЛАСЫНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП

Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасында мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, салық төлемгерлеріне арналған семинар-кеңес болып өтті. Семинар-кеңесті Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасы басшысының орынбасары Қазтай Әбдреев ашып, күн тәртібін таныстырды.

Басқарманың өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Жанат Қарсақбаева қатысушыларға мүлікті жариялауға рахымшылық ету туралы заңы жайлы толық мағлұмат бере отырып, оны жергілікті жерде іске асырылу тетіктері жайлы айтып өтті. «ҚР азаматтарына, оралмандарына Қазақстан Республикасында ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңын іске асыру мақсатында Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасының 2014 жылғы 25 тамыздағы № 174 бұйрығымен комиссия құрылып, 2014 жылдың 1-қыркүйегінен бастап 2015 жылдың 30 қарашасы аралығында азаматтардан ел аумағынан тыс жерлердегі мүлікті жария ету үшін құжаттарды қабылдауды жүзеге асыруда. Мүлікті жария етуге ынта білдіруші азаматтардан құжаттар қабылдау және өңдеу мақсатында арнайы бөлме жабдықталған. Онда мүлікті жария етуге байланысты Заң мәтіні, Нұсқаулық құжаттар және тапсырылатын құжаттар тізімі ілінген.

Қала бойынша жүргізілген рейдтер барысында заңсыз такси қызметімен айналысушылар анықталып отыр. Оларға заңға сәйкес әкімшілік шара көріледі. Бұл туралы семинарда салық төлемгерлерімен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Ерлан Аймаханов хабарлап, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүрген тұлғаларды салық басқармасына дара кәсіпкер ретінде тіркеу жайын түсіндіріп өтті.

Семинарда Қызылорда ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Шалқар Қожантаев салық салу саласындағы орын алып отырған құқық бұзушылық туралы деректерді келтірсе, салық басқармасының жеке кәсіпкерлердің ақпараттарын қабылдау және өңдеу бөлімінің басшысы Ақмарал Шамшаева еңбек мигранттарының Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс атқару тәртібі туралы айтып өтті. Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем әр жұмысшы иммигрантқа «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 2 еселенген мөлшерінде (1852х2=3704 теңге) әрбір ай үшін есептелінеді. Жұмысшы иммигрантқа есептелінген жеке табыс салығын иммигранттардың өздері төлеуі тиісті. Бұл мақсатта Қазақстанға ТМД елдерінен келген шетелдіктер жеке сәйкенстендіру нөмірлерін алып, уақытша мекен-жайлары бойынша салық органдарында тіркелуі қажет. Алдын ала төлем еңбек иммигранттарының орналасқан жері бойынша көші-қон полициясы органдарынан рұқсат алғанға дейін (ұзартылғанша) бюджетке төленеді. Яғни, келушілердің жеке табыс салығы төленбеген жағдайда, көші-қон полициясы оларды тіркеуге алмауы тиіс.

Бүгінгі таңда салық басқармасы тарапынан салықтық төлемгерлерінің салықтық мәдениетін арттыру, қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеру бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Семинар-кеңесте осы енгізілген жаңа стандарттар туралы заңды тұлғалардан ақпараттарды қабылдау және өңдеу бөлімінің бас маманы Эльмира Піржанова кеңінен түсіндіріп берді.

Ал ұйымдастыру бөлімінің басшысы Салтанат Ержанова сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алу болдырмау бағытында басқармада заңдылық аясында үнемі және жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келе жатқаны туралы айтып берді. Халыққа сапалы қызмет көрсету, жемқорлыққа жағдай туғызбау мақсатында «Ақпаратты қабылдау және өңдеу орталығы», «Салық төлемгерлерінің терминалдары» қызмет атқарады.

Ы.ТҰРЛЫҒҰЛОВ.


АҚПАРАТ 13 қыркүйек 2014 г. 1 231 0