“ТҮГІСКЕННІҢ” КҮРІШІ

Сәрсенбінің сәтті күні Ақ­қор­ған ауылдық округіндегі «Түгіс­кен ТШ» серіктестігі күріш ору науқанын бастады. Сыр мар­жанын жинауға арналған ке­ңесте аудан әкімі С.Тәуіпбаев, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры С.Өмірзақов, аудандық арда­гер­лер кеңесінің төрағасы З.Шермағанбетов диқаншылар қауы­мына мол өнім тілеп, салтанатты түрде қызыл лентаны қиды.

– Біздің шаруашылықтың не­гіз­гі бағыты – ауылшаруашылық да­қылдарының бірегей, элиталық және жоғары репродукциялық тұқымдарын көбейту. Биылғы жылы 566 га күріш, 354 га күздік бидай, 354 га жаңа жоңышқа, 281 га егіс алқабына ескі жоңышқа ектік. Егін орағына 10 трактор, 3 жүк көлігі, 10 дана астық комбайны сақадай сай тұр. Жуырда ғана 25 млн. теңгеге Қостанайда құрастырылған «Есіл-760» комбайнын сатып алдық. Ендігі мақсат диқаншылардың маңдай терімен еккен егінін шашпай-төкпей жинап алу, – дейді серіктестік директоры Н.Рүстемов өз сөзінде.

Кеңес барысында облыс орта­лығынан келген сала мамандары жергілікті күріш егісімен айналысатын ауыл әкімдерімен өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Н.ЕЛТАЙ.


АҚПАРАТ 13 қыркүйек 2014 г. 884 0