ЖАТТЫҒУ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ

ЖАТТЫҒУ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫҚызылорда қаласында аумақ­тық қорғаныс құрылымдарының бір аптаға созылған "Тойтарыс – 2014”арнайы тактикалық оқу-жаттығуы мәреге жетті.

Қорытынды жиындағы дайындық деңгейіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев баға берді. Қазақстан Рес­­публикасы Президентінің 2001 жыл­ғы 6 қарашадағы "Қазақстан Рес­публикасының аумақтық қорғаны­сын ұйымдастыру туралы” Жарлығын жүзеге асыру және облыс әкімінің биылғы 3 шілдедегі қаулысына сәйкес ұйымдастырылған жиынның бірінші кезеңінде арнайы белгі бойынша облыс бригадасына тіркелген командалық құрам "Сырдария” оқу-жаттығу лагері­не орналастырылды.

Екінші кезеңде бөлімшелерде ұрыс­тық үйлестіру мақсатында облыс әкімі аппаратының "Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайын­дағы шұғыл талдау орталығы” коммуналдық мем­ле­кеттік мекемесінде аталған бри­га­­да басқармасының күшімен қаты­су­шыларға ұрыстық дайындықтан, атап айтқанда, саптық, тактикалық жә­не атыс дайындықтарынан дәрістер өт­кізілді. Облыс әкімінің аппараты жыл сайын осындай оқу-жаттығуларды облыс орталығы мен барлық аудандар­да ұйымдастырып, мыңнан аса әс­кери міндеттілер мен жергілікті жә­не орталық атқарушы органдардың ау­мақтық қорғанысқа жауапты тұлғалары дайындықтан өткізілуде.

Кеше үшінші кезеңде барлық қаты­сушылар Сырдария өзенінен Жаңа кө­пір нысанына диверсиялық барлау то­бының шабуылына тойтарыс беру бойын­ша бірлескен іс-қимылдарын тәжі­рибе жағдайында жүзеге асырды. Оқу-жаттығуға аумақтық қорғаныс бри­гада басқармасы Қызылорда қала­лық бірінші аумақтық қорғаныс ба­тальонының командалық құрамы, об­лыс­тық ішкі істер департаментінің "Ар­лан” арнайы мақсаттағы даярлық және жылдам қимылдайтын арнайы жасақтары, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік департаменттерінің жедел тергеу топтары, ҚР Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлерінің №5547 әскери бөлімі жауынгерлері мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың әскери кафедрасы студенттері, барлығы 679 адам, екі сауытты техника мен бес автокөлік, қос-қостан моторлы және ескекті қайықтар, бір тікұшақ тартылды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаттығудың жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рылғанын атап өтті. Осы шара барысында шеберліктерімен танылған құры­лымдарды Алғыс хатпен марапаттады.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


АҚПАРАТ 13 қыркүйек 2014 г. 1 123 0