Жоғалған цезий табылды

Маңғыстау облысының Сай-Өтес және Шетпе кенттерінің аралығында аса улы цезий-137 радиоактивті элементі жоғалып кеткенін ел біледі. Елді шулыған қылған зат Қызылорда облысынан табылды.

6 қыркүйекке қараған түні Қызылорда қаласының тұрғынынан әлдебіреулердің «КамАЗ» автокөлігінде Маңғыстау облысында жоғалған радиоактивті цезий капсулалы контейнерін алып бара жатқандығы туралы ақпарат түскен. Хабарлама түскен бетте автокөлікті құрықтау үшін Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамы толығымен жұмылдырылған. Түнгі сағат 02.00-де Қызылорда облысының Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылына кірер бұрылысында жүргізушісі мен жолаушысы бар «КамАЗ» автокөлігі тоқтатылып, оны тексеру кезінде жоғалған цезий капсулаcы бар контейнер алынды. Қазіргі таңда автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы Шиелі ауданының ІІБ-не жеткізілді, тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Сөйтіп, бір аптаға жуық бүкіл елді дүрліктірген оқиғаның соңы осылай аяқталды. Батыс облыстардың бәрін басып өткен затты қызылордалық құқық қорғаушылар тапты. Әйтпесе, әлдеқандай жағдайдың орын алуы мүмкін еді. Өйткені, бас бармақтай ғана болатын цезий радиоактивті элементімен біраз лаң салуға болатынын мамандар айтып отыр.

Айтпақшы, жоғалған радиоактивті цезий туралы ақпарат берген жерлесімізге уәде етілген 1,5 миллион теңге бұйырып қалуы мүмкін.

Е.АЙТӨРЕҰЛЫ.


АҚПАРАТ 11 қыркүйек 2014 г. 797 0