“Халық банктің” қамқорлығы балаларды қуанышқа бөледі

“Халық банктің” қамқорлығы балаларды қуанышқа бөледіБілім күні қарсаңында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалы балаларға қамқорлық көрсетті. Банк ұжымы қаладағы №1 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернаты мен №7 арнайы түзету мектеп-интернатының балаларына кезекті рет сый-сияпат жасады.

Филиал директорының орынбасары Уәлихан Абдихаимов банк ұжымы атынан барша бүлдіршіндерді Білім күнімен құттықтап, мектепке қажетті киім-кешектер мен оқу құралдарын табыстады.

"Жеткіншектеріміздің алаңсыз өсуіне шын ниеттіміз. Дендеріне саулық, өмірлеріне шаттық тілейміз. Мұндай қайырымдылық шараларын өткiзу бiздiң банк үшiн дәстүрлi үрдiске айналған. Өзiмiз тұрақты түрде осы екі мектеп-интернатқа көмек көрсетiп тұрамыз. Шаттығы мол мереке қарсаңында да әр баланың жүрегіне жылу ұялатуды мақсат тұттық. Еліміз қай кезде де жетімін жылатпаған, жетім көрсе жебей жүрген”, – деп игі лебізін білдірді Уәлихан Абдихаимов.

Жалпы, Халық банктің жыл сайын халықтың игілігі үшін атқаратын жемісті жұмысы мен қамқорлығы толассыз. Облыс орталығындағы №1 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернаты мен №7 арнайы түзету мектеп-интернатында тәлім алып жатқан 220 бала банк ұжымының мейіріміне бөленіп келеді. Дәлірек айтсақ, оларға 2005 жылдан бері, яғни осымен 9-шы жыл қатарынан қайырымдылық көрсетуде. Бұл жылдары мектеп-интернаттарға және жеткіншектерге банк филиалы теледидар, компьютерлік техника, қыстық киімдер, спорттық жаттығу құрал-жабдықтары, спорттық киімдер, әр түрлі мереке сайын азық-түлік өнімдері, 1-қыркүйек қарсаңында мектепке қажетті оқу құралдарын, балалардың ақыл-ойын дамытатын үстел ойындарын, түрлі қондырғылар тарту етті.

Ал мектеп-интернаттағы ұстаздар қауымы болса, Білім күнінде тұрмысы төмен отбасынан шыққан және балалар үйінде тәрбиеленуші бүлдіршіндердің жүздерін жадыратып, шаттық сыйлаған банк ұжымына ризашылығын білдірді.

№1 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернатының директоры Лиза Скакова білім беру ісінде демеушінің көмегін ерекше атап өтті.

"Бұл банктің алғашқы және соңғы қайырымдылық шарасы емес. Жылда мектебімізге көмек көрсетеді. Тек қана Білім күнінде емес, басқа атаулы күндер мен айтулы мерекелерде де Халық банк бізді қолдап, қай кезде де қол ұшын созады. Мектебімізде 70-ке жуық бала тәрбиеленеді. Оларға не қажеттінің бәрін әкеліп береді. Біздің мектеп-интернаттың оқушыларынан құралған баскетбол командасы бар. Олардың жарыстарға баратын жол пұлы, киімінің шығынын Халық банк көтереді. Тіпті, Бурабайға демалып, сергіп қайтуына да жағдай жасайды”, – дейді Лиза Ноғайқызы.

Осы мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері Алексей Долгов пен Светлана Буланованың қуаныштарында шек жоқ. Олар жаңа оқу жылында дәптер, қаламсап және басқа да оқу құралдары мен мектеп киімдерін қолына алып отыр. Жеткіншектер жомарттық танытқан банк ұжымының қайырымды ісін ұмытпайтынын және ешқашан ұятқа қалдырмай сабақты беске оқып, білімді азаматтар болып өсетінін айтып, ағынан жарылды.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалының қызметкерлері алдағы уақытта да қамқорлық шаралары жалғаса беретінін жеткізді.

Дәурен ОМАРОВ.

АҚПАРАТ 06 қыркүйек 2014 г. 888 0