« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Шіркейлі ауылындағы А.Камалатдин басқаратын "Мәді-Қажы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл тұрғындарының асыраушысына айналған. Бұл шаруашылық биылғы жылы 2500 гектар жерге күріш егіп, ала жаздай күтімге алған болатын. Содан да егін шығымы өте жақсы болған. Айтулы күні осы шаруашылықтың №1 бригадасының 20 жылдық тәжірибесі бар сушы Фазыл Ахметовтiң күріштігіне орақ салынды. Алғашқы орақ салтанатына аудан әкімі Ғ.Қазантаев пен еңбек ардагерлері қатысып, егінші-механизаторларға Сыр елінің байлығы – ақ күрішті төкпей-шашпай жинап алуларына өз тілектестіктерін жеткізді.
Мұнан соң аудан әкімі бастаған аудан ардагерлері Асқар Тоқмағанбетов ауылының егіс алқаптарына ат бастарын тіреді. Елді мекендегі "А.Тоқмағанбетов-Жер” ЖШС биылғы жылы 900 гектар жерге егіс еккен екен. Айта кету керек, кезінде тұралап қалған шаруашылық ағымдағы жылы еңсесін тіктей түскен сыңайы бар. Шаруашылықта өткен жылға қарағанда егіс көлемі едәуір ұлғайыпты. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл серіктестік өткен жылы бар-жоғы 500 гектар жерге егін егіп, оның әр гектарынан небәрі 24 центнерден ғана өнім алыпты. Содан да биылғы жылы егін егу, не болмаса екпеу жайлы дүдәмал ойлар да болған. Шығынға батқан шаруашылықтың жер дауы да бой көтерген. "Шешінген судан тайынбас” деп атам қазақ айтқандай, ауыл тұрғындары аяқтарынан тік тұрып, күріш егу үрдісіне қайтадан қамшы салған. Соның негізінде несібе-ырысымызды жерден көреміз деген серіктестік диқандары ала жаздай тер төгіп, бір тамшы терлері бір дән болып көгеріп, егіндері бітік шығыпты. Оны осы ауылда 20 жыл бойы күріш егісін кәсіп етіп келе жатқан Зейнолла Уәйісовтің күріштігіне орақ түскенде көз жеткіздік.
Кезінде тоқыраудың тауқыметіне түскен тағы бір ауыл – С.Сейфуллин ауылы болатын. Бұл елді мекендегі өзекті мәселелер де өз шешімдерін тапқан сыңайы бар. Мұнда да жерге қатысты мәселенің түйіні шешіліп, "Қамқор” СТК (төрағасы М.Сейітмұратов) ауыл тұрғындарының атакәсіптерін жалғастыруына септігін тигізген. Облыс, аудан әкімдерінің тікелей қолдауымен еңсесін тіктеген шаруашылық жыл өткен сайын күріш егісінің көлемін ұлғайтып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Бұл серіктестік биылғы жылы 900 гектар жерге Сыр салысын ексе, бүгінде осынша жердің күріші ораққа салынуға сақадай сай дайын. Ауылдың егіс алқабында алғашқы орақ салу рәсімінің жөн-жоралғысы жасалып, күрішші Ж.Смағұлованың егістік алқабына орақ түсті.
Қоғалыкөл ауылы тұрғындарымен ашық әңгімелескен аудан әкімі Ғ.Қазантаев бұл елді мекенге қатысты күрмеуі қиын мәселелерді ортаға салды. Нақтылай айтар болсақ, Қоғалыкөлде жер игерілмей жатыр. Ол жерлерге аяқ су жеткізетін каналдарды тазалау да мәз емес. Аудан әкімі осыған қатысты, яғни, аяқ су келтіру үшін су жолдарын қазуға байланысты "Байқоңыр” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен МТС салу туралы келіссөздер жасалып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, бақша өнімдеріне берілетін субсидия көбейтілетіндігі, алдағы уақытта осы сала төңірегіндегі жұмыстарды жолға қою қажеттілігін баса айтты. Оңтүстікқазақстандықтардың егінді тамшылатып суару әдісін қолданып жатқандығы, оған қоса жылыжай кәсібін қарқынды дамытып жатқандығы жайлы да әңгіме өрбіді.
– Биылғы жылы, – дейді аудан әкімі, – сырдариялық егінші-механизаторлар 20 мың гектардың үстіндегі егіс алқабына күріш екті. Ағымдағы жылдың егін шығымы жақсы. Өткен жылы Сыр аймағында қырманды қызылға толтырудан көш бастаған аудан диқандары биылғы жылы да табыс тайқазанын тасытатынына бек сенімді.
***
Өткен бейсенбі күні Жалағаш ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – "Сәрке батыр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №2 егіс бригадасы алқабына (бригадирі Ж.Рахметбаев) орақ түсті. Алғашқы орақ салтанатына қатысқан аудан әкімі Т.Дүйсебаев диқандар қауымына Елбасының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басым бағыт беріп отырғандығын, осыған байланысты ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізіп, егінші-механизаторларға егінді төкпей-шашпай жинап алып, ел несібесін молайтуға өз үлестерін қосуға шақырды.
"Сәрке батыр” ЖШС-ның басшысы Н.Демеуов механизаторлардың егін жинау науқанына сақадай сай әзірлікпен келіп отырғандығын тілге тиек етіп, серіктестік бойынша биылғы жылы егілген 1500 гектар күріштің әр гектарынан жоспарлы өнім жиналатындығына сенім білдірді.
Ауыл ардагерлерінің ақ баталарын алған механизаторлар Сыр салысын оруға бел буа, білек түре кірісіп те кетті.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария, Жалағаш аудандары.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |