ӘКІМ ӘЙЕЛДЕР ӘРДАЙЫМ АЛДА

Бейсенбіде облыстық мәслихаттың мәжіліс залында «Ауыл аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуы: гендерлік аспект» тақырыбында әйел ауыл әкімдерінің аймақтық семинар-кеңесі болып өтті. 
Аймақтық шараға облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева, ҚР Оталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен және төрт аймақтың, атап айтқанда, Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысының әйел ауыл әкімдері қатысты. 
Семинар модераторы ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы  әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова ашылу сөзінде шараның мақсатымен таныстырып, сайлауда жеңіске жеткен әйел әкімдерді құттықтады. 
– Бүгін, міне, Сыр елінде төрт облыс өкілдерінің басын қосқан үлкен жиын болып отыр. Жиынның мақсаты жаңадан сайланған әйел ауыл әкімдеріне ауыл келбетін алға бастыру тетіктерін көрсету, тәжірибе алмасуға, пікір бөлісуге мүмкіндік беру, әйел әкімдерге қолдау көрсету, соңғы қабылданған заңдар, бағдарламалар бойынша ақпарат беру, әдістемелік көмек көрсету болып табылады. Осы орайда сіздерді биылғы жылы алғаш рет өткізілген әкімдер сайлауында жеңіске жетулеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сайлау барысында барлығы 2454 әкім сайланды, олардың ішінде әйелдер саны айтарлықтай көп емес, бар болғаны 280. Бірақ ол бұрынғыға қарағанда жоғары. Бір апта бұрын мұндай семинарды Ақтау қаласында өткіздік. Оған Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау  облыстары қатысты.  Ендеше бүгінгі семинар-кеңесі жұмысына сәттілік тілеймін,–деді Гүлшара Наушақызы. 
Мұнан соң мінбеге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова  шараға қатысушыларды, жаңадан сайланған әкімдерді құттықтап, жылы лебізін білдірді. 
– Құрметті семинарға қатысушылар, қадірлі қонақтар! Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп баға берген қасиетті өлкеге қош келдіңіздер! Елімізде биылғы жылы алғаш рет өткізілген әкімдер сайлауында жеңіске қол жеткізіп, халық сеніміне ие болған іскер әкім әйелдерінің салиқалы басқосуының Қызылорда облысында өткізілуі біздер үшін үлкен мақтаныш. Елбасының сарабдал саясатының арқасында ауылдық елді мекендер жыл сайын өсіп-өркендеуде. Қаймағы бұзылмаған ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық дамуына әйел әкімдер зор үлес қосып, ер азаматтармен тең дәрежеде, тіпті кейде артық деңгейде жұмыс жасап келеді. Еңбекте ер атанып, ел үшін, ұрпақ қамы үшін тер төккен әдемілігімен, сұлулығымен әлемді билеген әйелдер бүгінде қоғамның қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде әйелдер облыстың саяси дамуына серпін беруде. Жергілікті мәслихаттарда 14 әйел депутат болып сайланған, 7 әйел ауыл әкімдерінің қызметін атқарады. Лауазымды қызметтердің барлығында нәзікжандыларымыз абыройлы еңбек етуде, – дей келе аймақтық семинар жұмысына табыс тіледі. 
Жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен ағымдағы жылы қолға алынған әкімдер сайлауы туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, «Ауылдағы тірек пункттерін кешенді дамыту» туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наталья Годунованың, «Жергілікті өзін-өзі басқару өңірді дамыту факторы ретінде (Шығыс Қазақстан облысының мысалынан)» тақырыбында БҰҰ ДБ жоба менеджері Мәлика Қоянбаеваның, «21 ғасырдағы ауыл жастары: еңбек тәрбиесі мәселелері» жайында халықаралық «Тұран» профи» кәсіптік академиясының ректоры Мәпен Омаровтың, өзге де бірқатар кісілердің баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, кеңес барысында Қызылорда облысы «Сунақата» ауылдық округінің әкімі Әзия Қыстаубаева бастаған бір топ әкімдер тәжірибелерімен бөлісті және «Ауылдық жерлердегі өмір сапасын қалай жақсартуға болады?» деген тақырыптағы пікірталасқа кезек берілді.  
*** 
Семинар барысында әкімдерге жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізудің жаңа тетіктері таныстырылды. Қатысушылар "Жұмыспен қамту жол картасы 2020” және "жасыл” кәсіпкерлік бағдарламаларын іске асыру бойынша қажетті түсініктемелер алды.
Осы семинар аясында, "ЭКСПО-2017” көрмесіне дайындық мақсатында "Қазақтың ұлттық тағамдары: құндылығы мен құпиялары” атты ұмыт қалған тағамдарды жаңғырту бойынша жаңа жоба қолға алынды.
Шара соңында қатысушылар Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов атындағы ауылда болды. Ауылдық округтегі жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесімен танысып, өзара  пікір алмасты. Туған топырағын түлеткен кәсіпкер азаматтың арқасында гүл жайнаған ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, көрікті жерлерін аралады. 
Айнұр БАТТАЛОВА. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

АҚПАРАТ 02 қараша 2013 г. 1 403 0