« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Аймақ басшысы алдымен Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі аспалы көпірге бет алды. Мұнда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов жасалып жатқан қайта жаңғырту жұмыстары туралы баяндады. Өткен ғасырдың 70 жылдары салынған аспалы көпір бұған дейін ешбір күрделі жөндеуден өтпеген. Транзиттік көліктер жүруге арналған көпірдің негізгі жұмыстары аяқталған, қалған жеңіл-желпі жұмыстары бір аптаның ішінде бітеді деп күтілуде. Жөндеу жұмысын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәліз құрылысы жобасының шеңберінде азербайжандық «ЕвроСкон» компаниясы жүргізуде.
Онан соң облыс әкімі Абай даңғылының бойындағы екі дүркін олимпиада чемпионы И.Ильин атындағы спорт алаңының жағдайымен танысты.
Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Егізбаев көшесіндегі көппәтерлі №8,10 тұрғын үйлердің жөндеу жұмысы да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған бұл үйлер аталған бағдарламаның арқасында жаңа келбетке ие болуда.
Онан соң облыс әкімі Марал ишан, Қаратоғай көшелерінің жөндеу жұмыстарымен де танысты. «УАД» мекемесі жөндеп жатқан бұл жолдың ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды екен. Негізгі жұмыс аяқталған, көше жарықтандырылған. Енді тиісті билбордтар ілініп, аялдамалар орнатылмақ. Дәл сондай жөндеу жұмыстары Рысқұлов, Саламатов көшелерінде де жүргізілуде.
Жалпы, ағымдағы жылы облыс орталығы мен оған жақын жатқан елді мекендерде тоқсанға жуық көше жөнделіп, оған 4 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалмақшы. Онан бөлек, он шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолы мен аулаішілік жолдарды да жөндеу қарастырылған.
Келесі нысан Саламатов көшесінің бойынан салынатын Мүсірәлібаба мешіті болды. 300 орынға арналған Алла үйін «Абзал и К» компаниясы өз қаражатына салдыруда. Құрылыс жұмысы 2015 жылдың аяғында бітеді деп жоспарланған.
Қорқыт ата кешенінен басталатын Ғ.Мұратбаев көшесі де жаңғыртылатын болады. Осы орайда облыс әкімі Сырдария өзені жағалауын абаттандыру бағытындағы жұмыстарға назар аударды.
Бұл жерде екі балалар алаңы, 1,8 шақырымды құрайтын велосипед жолы және жаяу жүргінші жолы салынуда. Оған қоса көпшіліктің отырып, демалуы үшін жағдай жасалған. Субұрқақ орнатылып, арнайы орындықтар қойылған, жарықтандыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 250 млн. теңге қаралған. Тапсырыс беруші «Қор» мұнай компаниясы болса, бас мердігер – «Бест Строй комплект» ЖШС.
Онан соң қала әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өтті.
Мәжілісті ашқан аймақ басшысы Қызылорда қаласының ахуалы қашан да назарынан тыс қалмайтындығын, бас шаһардың келбеті облыстың айнасы екенін атап айтты. Сондай-ақ, қалада газдандыруға қатысты мәселе жоқ, су мен жылуға байланысты жүйелі жұмыстар атқарылуда, жолаушылар тасымалы да реттелген. Ендігі жерде қаланың басты бағыты –сол жағалауды игеру.
Мәжілісте Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралықала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың хабарламасы тыңдалды.
Оның мәлімдеуінше, Қызылорда қаласы бүгінде аймақ экономикасының барлық салалар бойынша көш бастап келеді. Мәселен, облыста өндірілген өнімнің 93,5 пайызы, орындалған құрылыс жұмыстарының 53 пайызы бас шаһардың үлесінде екен. Биылғы жылдың 1 тамызына қалалық бюджеттің жалпы кірісі 38 млрд. 444 млн. теңгені құраған. Оның ішінде өз кірістері 42,8 пайыз. Аталмыш қаржының үштен бір бөлігі коммуналдық шаруашылық саласына бағытталған. Хабарламада қала әкімі жол құрылысы, абаттандыру және тазалық, көркейту-көгалдандыруға қатысты атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндады. Алайда шешімін таппай отырған мәселелер де бар. Мәселен, бүгінде қаланың 30 пайызы ғана аяқ сумен қамтылған. Аталған мәселені толықтай шешу екі млрд. көлеміндегі қаржыны керек етеді. Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға да қаржы жетімсіздігі қолбайлау болуда.
Мәжілісте сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов жылу маусымына дайындық жұмыстарын баяндады. Оның айтуынша, қалада жаңа жылу маусымына дайындық жұмыстары уақытында басталған. Өткен жылы екі қазандық күрделі жөндеуден өтсе, облыстық бюджеттен бөлінген 153 млн. теңгеге қаладағы «Қызылордаоңтүстік жылу орталығының» тағы екі қазандығы, негізгі және қосалқы жабдықтары қайта жаңғыртудан өткізілуде. Жалпы, қысқа дайындық өз ырғағымен жүруде. Бірақ тұрғындардың жылуға қарызы қордаланып қалған. Бүгінгі таңда қызылордалықтардың жылуға берешегі 300 млн. теңгеден асып-жығылады екен.
Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев жиылғандар назарын аймақ басшысына тұрғындардан келіп түскен хаттарға аударды. Арыз-шағымдардың басым бөлігі, яғни, 60 пайызы қалаға қатысты болып отыр. Олардың көбі су, электр жарығы және жолдардың сапасыздығына шағымдануда. Сонымен бірге ол шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарында белсенділік керектігіне тоқталды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қала әкіміне экономикалық ахуалға назар аудару барысында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, салық базасын арттыруға жіті көңіл бөлуді тапсырды. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда облыс орталығында мақтанарлық жетістіктің жоқтығын айтты. Бұл бағытқа республикадан бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдалану керектігін ескертті. Сонымен қатар, қаладағы базарлар мен сауда қатарларында санитарлық тазалықты күшейтуді, тұрғындармен тығыз байланыста болуды тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы соңғы жылдары қаланы дамытуға бөлінетін қаржы көлемінің артып отырғанын, мұның барлығы бас шаһардың әдемі, таза болып, мұнда өндіріс орындарының өсуі үшін жасалып отырғанын жеткізді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |