« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Биыл күрделі жөндеуден өткен мектеп-лицейде өңір басшысы білім нәрімен сусындағалы отырған бүлдіршіндерге ақжарма тілегін жеткізді.
– Үстіміздегі жылы жалпы көлемі 13 440 орын болатын 40 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл 25 білім беру нысанын пайдалануға береміз. Соның 21-і мектеп. Бүгінгі күнге дейін аймағымызда бес мектеп пайдаланылуға берілсе, қалғаны жыл соңына дейін оқушыларға есігін айқара ашатын болады. Сонымен бірге облысымызда алғаш рет қомақты қаржы бөлініп, бір мезетте 49 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, 32 мыңнан астам оқушы осы оқу жылында жаңа ғимаратта білім алмақ. Бұл жалпы оқушылардың 25 пайызы. Мұндай ауқымды жұмысты бір жылда атқару облыс тарихында болған емес. Ал облысымыздағы үш ауысымды сабақ кестесі түбегейлі шешілді. Келесі жылы апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешімін таппақ. Оқушыларға айтарым, жаңа оқу жылы Сіздерді зор табыстарға жетелесін. Алғаш рет білім табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндеріміз дарабоз тұлға болып өсіп, елдің абыройын асқақтатын азамат болсын! – деген аймақ басшысы оқушыларға қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің атына кір келтірмей, тәрбиелі һәм білімді азамат болып өсуге шақырды.
Т.Жүргенов 1933-1937 жылдар аралығында қазақ елінде 9 мыңға жуық мектеп салдырып, 1,5 млн. дана оқулық шығарған қайраткер. Абай атындағы педагогикалық институттың, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеттің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің, Қызылорда, Ақтөбе, Орал және басқа да облыс орталықтарындағы педагогикалық институттардың, мәдени ағарту, өнеркәсіп, байланыс, транспорт саласындағы жоғары оқу орындарының ашылуына басшылық жасаған тұлға.
Сонымен қатар, облыс әкімі Елбасының алға қойған айқын мақсаттарына біліммен мықты қаруланған ұрпақ қана жете алатынын және әрбір оқу¬шының туған елдің тарихын, дінін, ділін құрметтейтін отансүйгіш азамат болып қалыптасуында ұстаздар еңбегінің елеулі екенін атап өтті.
№136 Темірбек Жүргенов атындағы мектеп-лицейінің директоры Қайыргүл Әбдиева Білім күнінің қуанышына ортақтасып отырған облыс әкіміне ризашылығын жеткізді.
– Мектебіміз күрделі жөндеуден өтіп, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті жөнделді, мектеп ауласы абаттандырылды. Жалпы, мектепте білім сапасы да жақсы. Былтырғы оқу жылында 31 оқушы бітірді. Оның 13-і грант, екі түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанды. Қала мектептерінің ҰБТ көрсеткіші рейтингісі бойынша мектебіміз алғашқы ондықта, – деді Қайыргүл Әбдиева.
Салтанатты жиында ата-аналар атынан сөз алған Серікбай Ибрайымов жаңадан бой көтерген немесе күрделі жөндеуден өткен оқу ордаларының ел әлеуеті мен оқушылардың білім деңгейінің көтерілуіне оң ықпалын тигізетінін айтты.
Ал 11-сыныпқа аяқ басқан Әкімжан Төлебай енді жаңарған мектепте жақсы үлгеріммен сабақ оқып, келесі жылы грант иегері атануға талпынатынын айтты.
Алғашқы қоңырау сыңғырынан соң облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен мектеп-лицейдің ішін аралап көрді және жаңа оқу жылының алғашқы сабағына да қатысты.
Дәурен ОМАРОВ.
***
Сыр бойындағы барлық мектептер секілдіқаладағы №2 "Мұрагер” мектебінде де жаңа оқу жылының алғашқы қоңырау салтанаты болып өтті. Шара барысында ҚР Мемлекеттік Туы әкелініп, Ел Әнұраны орындалды. Оны мектеп директоры Зәуре Баймағанбетова қысқаша сөз сөйлеп ашты.
Алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан облысәкімінің орынбасары Серік Қожаниязов ұжым мүшелерін, ата-аналар менмектеп оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Мектеп балаларды үш тілде оқытады, – деді әкім орынбасары.– Әр жылдары "Білім бәйтерегі”, "Үздік білім ордасы” атағын иеленген білім ордасы республикадағы үздік жүз мектеп қатарына енді. Бұл әрі қуаныш, әрі ұжым мүшелеріне жоғары жауапкершілік жүктейді. Мамандандырылған сыныптары бар мектеп түлектері шетелде, өз еліміздің белді жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. Алдағы алар асуларыңыз бұдан да жоғары болады деген сенім мол.
Қала мектептері арасында алдыңғы қатардан көрініп жүрген үш тілде оқытатын мамандандырылған сыныптары бар мектептің жетістіктері көңіл қуантады. Республикада "Қазақстанның үздік 100 мектебі” қатарына енген білім ошағы соңғы үш жыл көлемінде қала бойынша ҰБТ-дан үздік көрсеткішке жетті. Мәселен, биыл мектепті 73 түлек бітірсе, оның 7-уі "Алтын белгі”, 2-уі "Үздік аттестат” иегері танылды. 45 түлек өз еліміздің және Ресей мемлекетінің ЖОО-ның грант иегерлері атанды.
Білім ордасындағы биылғы алғашқы қоңырауды соғу мәртебесі 11 сыныптың үздік оқушысы Нұраддин Ерімбетов пен 1 сынып оқушысы Бекжан Тыныштыққа бұйырды.
"Сыңғырла, алғашқы қоңырау” мерекесі "Қазақстан 2050 стратегиясы: "Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” тақырыбындағы алғашқы сабақтармен жалғасты.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
***
Қоңыр күздің бірінші күнімен сәйкес келетін Білім күні Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетов атындағы № 43 орта мектебінде жоғары деңгейде өтті. Үшқабатты еңселі білім ордасының кең ауласы әсем безендірілген. Алғашқы қоңырау салтанатына оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар мен қонақтар көп жиналыпты. Дәстүрлі мерекенің ең басты қонақтары – 1-сыныпқа аяқ басып жатқан бүлдіршіндерге қарасаң, көз тояды. Биыл бұл білім ошағына жеті 1-сынып оқушылары қабылданып отыр екен.
Салтанатты шараны мектеп директоры Ұлболсын Маханова ашып, мерекеге қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол Ж.Махамбетов атындағы №43 орта мектебі Қызылорда қаласындағы айтулы білім ошақтарының бірі екенін атап өтті. 2013 жылы ҰБТ қорытындысымен алғашқы ондыққа іліккен. 2014-2015 оқу жылында «Алтын белгіге» үміткерлер саны үшеу болса, «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны бесеуге жетіп отыр. Білім кемесіне бірінші рет аяқ басып отырған балалар мен олардың ата-аналарын құттықтаған Ұ.Маханова оларға мектеп мақтанышы болған ағалары мен апаларының жолын берсін деген ізгі тілегін жеткізді.
Осыдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Рүстемов оқушылар мен салтанатты шара қонақтарына өзінің құттықтау сөзін арнады. Ол Елбасы белгілеген «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы баянды болашақ үшін жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. ХХІ ғасыр «ақпарат ғасыры» саналатынын, оны білімді жастар ғана игере алатынын айтқан басқарма басшысы оқушыларды сапалы білім алуға шақырды. Бүгінгі күні облыста 40 білім ошағының, соның қатарында 21 мектептің құрылысы жүріп жатқанын атап өтті. Сөз соңында ол тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын бүлдіршіндерді құттықтап, оларға ақжол тіледі. Осыдан кейін салтанатты шара мектептің өнерпаз оқушыларының концертіне ұласты. Олардың қатарында мектепке алғаш келіп отырған балақайлар да болды. Соңынан мектептің үздік оқушысы Нұрлан Сапарбек пен 1-сынып оқушысы Сымбат Мұратқызы алғашқы қоңырауды соқты.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
***
Әйтеке би кенті орталығындағы №266-шы мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанаты жиналғандардың көңілінен шықты. Мектеп басшысы Зинегүл Жүсіп барша шәкірттерге ақ жол тіледі. Салтанатта сөз алған ата-аналар мен кеш қонақтары оқытушылар мен оқушыларға жылы лебіздерін білдірді. Рәсім барысында жомарт жүректі жандар әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың перзенттеріне демеушілік жасады.
Ақиық ақын Сәкен Сейфуллин атындағы №165 мектептегі шара тартымдылығымен ерекшеленді. Салтанатта мектеп директоры Ләззат Ізбасқанова бүгінгі мерекенің маңызына тоқталды. Жиын сәнін аудандық, облыстық, республикалық өнер фестивалінің жеңімпаздары шырқаған әндер қыздыра түсті.
Мұндай шара шалғай ауылдарда жарасымды жалғасын тапты. Ақтан батыр елді мекеніндегі №190 мектепте өткен білім мерекесі ұйымшылдықпен тойланды. Мектеп директоры Ділдабек Айтманбет, округ әкімі Серікбай Қанатов, еңбек ардагері Жандәулет Жәдиев ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.
Аудандық мәслихат депутаты Мінажадин Өтеев басқаратын «Сыр маржаны» ЖШС ауылдың басты инвесторы есептеледі. Баршаға жомарттығымен мәлім кәсіпкер 11 оқушыға қаржылай демеушілік жасады. Мұндай игі шарадан өзге кәсіпкерлер де қалыс қалмады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |